Қоғамдық орындардың бәрінде шылым шегуге тыйым салынуы мүмкін
Кинотеатрларда, театрларда, цирктерде, концерт, байқау және көрме залдарында, арнайы жабдықталмаған орны жоқ басқа да жерлерде темекі тартуға тыйым салынады.
Қазақстанда барлық қоғамдық орында шылым шегуге тыйым салу көзделіп отыр. Бұл туралы ҚР “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” кодексі жобасында айтылады.
Кодекс жобасы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында жарияланды. Құжаттағы “Темекі өнімдері мен алкогольді тұтынудың профилактикасы мен оны шектеу” бабында былай деп жазылған:
Мынадай жерлерде:
– білім беру ұйымдарында, сонымен қатар қоғамдық орындарда;
– денсаулық сақтау ұйымдарында;
– қоғамдық тамақтандыру пункттерінде;
– кинотеатрларда, театрларда, цирктерде, концерт, байқау және көрме залдарында, спорт ареналарында және жаппай демалысқа арналған басқа да жабық ғимараттарда;
– музейлерде, кітапханаларда және лекторийлерде;
– жергілікті және алыс қатынастағы поездардағы әуе, теңіз және өзен көліктеріндегі, сонымен бірге қалалық, қалааралық автобустарда, маршруттық таксилерде және қалалық электр көлігіндегі белгіленбеген орындарда;
– әуежайлардың, теміржол, автомобиль және су вокзалдарының ғимараттарында;
– мемлекеттік органдар мен ұйымдарда;
– жұмыс орны саналатын бөлмелерде;
– үй подъездерінде темекі тартуға тыйым салынады.
Егер темекі тарту үшін арнайы жабдықталған орындар болса, бұл нормалар қолданылмайды. Темекі тартуға арнайы бөлінген орындар тиісті санитарлық ережелерге сәйкес жабдықталуы тиіс.
baribar.kz