Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көзәйнек киген бала неге көп?

Көзәйнек киген бала неге көп?

Бүгінгі жан бағудың қамымен жанталасып жүрген біздің толқынның арасында кейінгі ұрпақтың денсаулығын ойлап жүрген жан бар ма екен?! Бала біздің болашағымыз деп үлбіреген үмітін үкілеп, кекілін сипап, соңынан ерткен әр баланың бойында бір-бір сырқат бар. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, балалар арасында ең көп кездесетін дерт – анемия. Екінші орында – көз аурулары.
Атам екеуіміз мал көздей шыққанбыз. Жалғызтаудың етегіндегі Бөрікталдың бауырынан жалғыз қара көзге шалынды. Жанарың жетпес алысқа көз сала қараған атам: – Түу, жарықтық, құлыны қарақұлақтанып қалыпты ғой, – деді. Үш, әлде төрт шақырым қашықтықтағы таудай биенің өзі түймедей болып әзер көрініп тұрғанда, титімдей құлыншақты көзі қалай шалды екен деп аң-таңмын. Арада жанарды жасытып қаншама жылдар өтті. Бір кезде қиядағыны көзі шалатын қыран жанарлы қариялардың бүгінгі ұрпағы көздеріне көзәйнек кие бастады. Он, жүз емес, мыңдап. – Көз ауруларының түрлері де, себептері де сан алуан, – дейді Ақмола облыстық ауруханасы көз аурулары бөлімшесінің меңгерушісі Берік Нұрқанов, – біз 1 жастан 15 жасқа дейінгі балалардың көзін, көру қабілетін қадағалаймыз. Көз ауруы да тұқым қуалайды деген ұғым бар. Асылында, көзге қатер көп қой. Дегенмен сараптап қарасаңыз, тұқым қуалағаннан жолдан жабысатын сырқат әлдеқайда көп. Алдымен ата-аналар санитарлық талаптарды сақтаулары қажет. Үш жасқа дейінгі сәбилердің көздерін уқалауы – қалыпты жайт. Егер тазалық дұрыс сақталмаса, әрқилы микробтарды жұқтыруы оп-оңай. Сондай-ақ бала бойына іштен туа жабысатын көз сырқаттары да бар. Оларға енді амал жоқ. Көкшетау қаласында соңғы жылдары балалардың көз аурулары күрт өсіп кетті. Облыс орталығындағы «Аленушка» балалар бақшасында арнайы топ ашылып, жұмыс істеуде. Осы арада мына бір деректі келтіре кеткен жөн. Мамандардың айтуына қарағанда, әрбір 15 мың тұрғынға бір балалар көз дәрігері болуы қажет екен. Ал 150 мыңнан астам халқы бар Көкшетау қаласында балалардың жалғыз ғана көз дәрігері бар. Көз – адамның ең бір нәзік, жанды жері. Тәндегі өзге сыр-қаттың да жанардың кемуіне жанама әсері көп. Әсіресе сусамыр ауруы. Сондай-ақ жүйке аурулары да. Мектеп жасындағы балалар ішінде ішкі без ауруларымен ауыратын балалардың саны жыл өткен сайын өсе түсуде. Бұл да ойландырмай қоймайды. Тіпті, тілі шықпаған балалардың өзі таң атқаннан кешке дейін теледидар қарайды. – Немерем тыныш. Бұрынғының балалары қолды-аяққа тұрмайтын қағылез болушы еді. Біздің Жандос қолына планшет беріп қойсаң, өзімен-өзі алданып отыра береді. Тіпті әке-шешесін де керек қылмайды, – дейді Күләш жеңгем. Бірақ бесіктен белі шықпай жатып компьютер, планшет, ұялы телефонға әуес балалардың көз ауруы қаупі күшейетіндігін ескере бермейді. Оның үстіне қимыл-қозғалысы аз балалардың семіздік ауруына да шалдығуы әбден мүмкін. Қазір ақиқатын айтқанда, халық жасанды тамаққа жақын болып кетті. Кішкентай балалар ет жемейді, қаншалықты дәмді етіп пісірсе де. Ал сапасы күмәнді, жасанды тамақтар табиғи астың құнарын ауыстыра алмайды ғой. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, тамақтану дұрыс болмаған соң, ішек дұрыс жұмыс істемейді. Осыдан барып әлжуаз балалар пайда болады. Әлжуаздық, жо-жоқ көз ауруы жалғыз қазақ баласының маңдайына жазылған бейнет емес екен. Өркениеті өрістеген, техникаға мығым, жаһандағы жаңалықтың денін ойлап тауып жатқан Корея елінде де бүлдіршіндер бесіктен белі шықпай жатып көз ауруына шалдыға бастапты. Компьютерден, сол тақылеттес техникадан келген зауал. Есесіне, ойы жүйрік, қия¬лы қияндағыны шалатын кәріс ағайын ендігі арада қырық жерден құдіретті, күшті болса да елінің ертеңін мұндай келешегі үшін кінәраты басым техникадан арылтып, жаппай кітап оқуға көшіріп жатқан көрінеді. Кітап оқудың да пайдасы көл-көсір. Біріншіден, тасқа басылған ұшан-теңіз білім, екіншіден, көз жаттығады, көру қабілеті артады. Әрнені ғылыми есепке салып, бағамдайтын кәрістер 6-7 жас аралығындағы балаларына небары 10 минут компьютермен айналысуға рұқсат береді. 8-9-дан асқандарының өзі тәулігіне 15 минут қана. Тіпті, мектеп оқушылары да айталық, 8-9 сыныптағы жеткіншектер тәулігіне 20-25 минут қана айналыспақ. Ел ертеңін ойлау деген осы болса керек. – Қазір компьютерсіз тіршілікті көз алдыңа елестете алмас едіңіз, – дейді дәрігер Берік Нұрқанов, – бірақ ол ғажайып дүние болғанымен, көз жанарына залалы да шаш-етектен. Жанардың жасуы, тұмандануы, шаршауы, жасаурауы осыдан пайда болады. Біртіндеп көру қабілеті кемиді. Офтальмологтардың пікіріне қарағанда, компьютермен дұрыс жұмыс істеу мәдениетін меңгермеу де орасан зор зиянын тигізіп жатыр. Адам жанары жарқ-жұрқ етіп жыпылықтаған, тым тез қозғалатын бейнелерді бірден қабылдауға бейімсіз, әрі қажетті ақпарат іздеу барысында бір нүктеден көз алмай, ұзақ қарауға тура келеді. Сол сәтте әсіресе, жас балалар бар зейінін экранға аударып, көзіне күш салады. Көз жанарының қабыршағы уақыт өте келе кеуіп, «құрғақ көз» дертіне ұшырайды. Сондықтан да, зиянды техникаларды тым көп пайдалану да қауіпті. Балалардың дені сау болуы алдымен анасына да байланысты. Сондықтан да, ана денсаулығын сақтау мәселесі бірінші орынға шығарылуы керек. Балалар арасында өзгені былай қойғанда, неврологиялық аурулармен ауыратын балалар да көбейіп келеді. Оның себебін мамандар алғашқы сатыдан деп есептейді. Түсінікті тілмен айтатұғын болсақ, ананың баланы дүниеге әкелуге дайындығының аздығынан. Біз осы тақырыпты қаузап індеткенімізде педиатрлардың жүктемесінің шамадан тыс көп екендігін аңғардық. Айталық, Көкшетау қаласындағы балалар емханасының мәліметіне қарағанда, әрбір дәрігер 900 баланы қарауы қажет. Педиатрлардың жетіспеуінен жүктеме мөлшері 1200-1300 балаға дейін көбейген. Демек, дәрігердің атқаратын жүгі де ауырлай түседі. Сөзіміздің басында балалар денсаулығына қамқорлықтың аздығы жайлы айтқан пікір осындай деректерді ой елегінен өткізгеннен кейін барып туындап отыр. Ушыққан мәселенің уыты қайтпаса, көзәйнек киген балалардың қатары күннен-күнге көбейіп, ұлт болашағына айықпас кесел болып жабысуы да мүмкін.
Байқал БАЙӘДІЛ
24 шілде 2018 ж. 1 910 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 44

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930