2018: Қалыңдық көйлегіндегі соңғы өзгерістер қандай?
Есін біліп, етегін жапқан бойжеткеннің барлығы қалыңдық атанатын күнді өмір бойы күтеді. Жер бетінде жалғыз өзі ғана күйеуге шығып бара жатқандай сәнді де сұлу болуды армандайды.
Ендеше жаһанданған заманда үйлену тойларының трендтері де түпкілікті өзгерістерді өткеруде. Тойға киетін қалыңдық көйлегінің сәні қырық құбылып тұрса да, романтикалық бейне басты рөлге шықты. Тіпті 2018 жылдың той маусымында сән үлгілерінің төңкерісі жүріп жатыр десек те болғандай. Дизайнерлер қалыңдықтардың киім үлгісін даярлауда батыл шешімдерге барып отыр. Сондықтан да алдын ала көйлек сатып алып қойған болсаңыз, онда асығыстық танытқан болып шығасыз. Ендігі жерде ең сәнді қалыңдық етегі жер сызған ұзын фата киеді. Қалыңдыққа иығын жалаңаштау ерсі саналып, алдамшы жеңдер алдыңғы кезекке шықты. Ықшам да ыңғайлы көйлек Қалыңдықтың көйлегі мінсіз тігілуі үшін дизайнерлер геометриялық сызықтардың үстінде жұмыс істеуге көшті. Мысалы, биылғы маусымда модельерлер V-бейнесіндегі декольтеге басымдық беріп, белдемшенің сызықтарын барынша батыл жоғары қияды. Осы арқылы әйелге тән сұлулық пен тартымдылықты алға тартпақ. Қысқа көйлектердің үлгісінде геометриялық тігістер барынша айқын көрініп, арқаны ашық қалдырады. Тігіншілер герметикалық сызықтарға ерекше сән беру үшін қолдан тоқылған шілтерлерді, інжу тастармен көмкерілген маталар мен гүлді оюларды пайдалануда. Көйлектің әрбір бөлшегі көрмеге қойылатындай көз тартып тұруы тиіс. Шілтер маталар ешқашан да сәннен қалып көрмеген. Бірақ биылғы маусымда құстың қауырсынындай жұқа, нәзік оюлы шілтерлер бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Және жұқа шілтерлер көйлекте ғана емес, фата, иыққа жамылғы түрінде де пайдаланылады. Сәнді фата Ең бастысы беті ашылмаған келіннің пәк кейпін танытатын фаталардан биыл бас тартуға болмайды. Той трендтерінде дизайнерлердің барлығы дерлік осы аксессуарға ерекше мән беріп отыр. Мына ғаламтордың заманында ең атақты, ең танымал той модельерлерінің үлгілеріне көз жүгіртіп шықсаңыз, қалыңдықтың фатасына үлкен назар аударатындығын аңғармау мүмкін емес. Жаңа түскен келінің сұлулығын сұқ көзден жа¬сырған фаталар майда гүлдермен, гүл дестелерімен көмкеріліп, драмалық көңіл күй сыйлайды. Жамылғылар Ендігі жерде сәннен қалмаған қалыңдыққа иық жалаңаштау ерсі саналмақ. Жартылай жалаңаш той көйлектері екінші қатарға сырылып қалды. Бұл мәселеде де дизайнерлер иыққа іле салатын жамылғылардың көйлектің әдемілігін жауып қалмауын қадағалап, белгілі өлшемдерді сақтайды. Костюмдер Мына қызықты қараңыз, жоғарыдағы үлгілерді кезегімен баяндап отырсақ-дағы, костюмдер мен комбинезондар тойдың сәніне баса-көктеп кірді. Бір жағынан бұл үлгі тойдың салтанатымен сиыспайтындай болып көрінсе де, шілтерден тоқылған свитерлерге тойдың сипатын беру үшін жылтыр тастар, корсеттер қосылып отыр. Бір жағынан бұл үрдістің енуіне қазіргі классикалық костюмдер мен спорттық стильдің қабысуы тұрғысынан да қарауға болар. Алдамшы жеңдер Той әлеміндегі кішігірім төңкеріс деп отырғанымыз да осы тұс. Дизайнерлер қалыңдықтың көйлегіне алынып, салынатын түрлі ұзындықтағы жеңдер мен қолғаптарды қосып отыр. Қалай десек те, бұл ыңғайлы. Жеңдерге келгенде, сәннің неше түрлі нұсқасы табылады. Қоңырау, көбелек тәріздес жеңдер, тастармен, жылтырақтармен көмкерілген жеңдер. Тізе берсең бұл істе де небір ісмер тігіншілер талантын танытып отыр. XXL «Сіз балға баруға дайындалып жатырсыз ба?», – деген сұрақ қазір көне ғасырлардың сөзі емес. Дизайнерлер қалыңдықтың үйреншікті бейнесінен қаша бастаған сыңайлы. Қарапайым болған жақсы, бірақ өмірде бір-ақ рет болатын күнді неге ертегідей етпеске?! Қалыңдыққа жүз жерден сәнді көйлек ұсынсаңыз да, оның санасының түкпірінде ханшайым болу арманы қалып қоятынын мойындау керек. Сондықтан торт сияқты үлде мен бүлдеге оранған көйлектер ықылым замандардағы патшалардың балдарын еске түсіруі әбден мүмкін. Егер бұл да аз болып көрінсе, той көйлектерімен танылған әлемдік дизайнерлердің бірқатары тюрнюрлерді қайта тірілтіп отыр. Яғни өткен ғасырлардағы салтанаты асқан балдарда бикештер көйлегінің арт жағына жастық сияқты тюрнюрді салып, бөксесін бөліп қоймаушы ма еді?! Қара түс қосылды Қарап отырсақ, бүгінгі қалыңдықтардың қиялында бәрібір шек жоқ екен. Қазір тойға тек қана аппақ көйлек кию керек деген түсінік қалып барады. Жұмсақ түстер, майда дала гүлдері қосылған көйлектердің неше атасы бар. Бұл аз десеңіз дизайнерлер той көйлегіне қара сызықтар, қара түсті детальдарды да қосып жіберді. Несі бар, пішуі мен тігілуі келіссе, жаман көрінбейді. Белді қынаған қара лента, қара гүлдер ақ көйлектің үстінде менмұндалап ерекше көрінеді. Тек оның бүкіл бет-бейнеңізбен келісуін айтыңыз.
Айнаш ЕСАЛИ
egemen.kz