Тары өндірісі тасада қалмасын десек...
Бүгінде Ақтөбе өңірінде өнімі көл-көсір стратегиялық дақыл ақ тарыны өндіру мен өңдеу ісін өндірістік жолға қою мәселесі өте өзекті. Өйткені ақ тарының атасы саналатын Ақтөбе облысында тары шаруашылығы кенжелеп қалды. Бұл кемшін дүниені еш сылтаумен ақтай да, түсіндіре де алмаспыз, сірә...
Әйгілі ақтөбелік тары өсіруші, даңқты диқан Шығанақ Берсиев әлемдік рекорд жасаған кеңестік кезеңнен бері сексен жылға таяу уақыт өтіпті. Отызыншы жылдардың соңында оның звеносы гектарына 25 центнерден өнім алса, арада аз жыл өтпей 1943 жылы қыс бойы тары тұқымын әзірлеп, баптап, мұқият іріктеудің және егістік кезіндегі егінді күту, ысырапсыз ору іспетті ерен еңбектерінің арқасында гектарына 205 центнерге дейін өнім алғаны кешегі тарих парақтарында қаттаулы. Соғыс жылдарында Ақтөбе облысынан шыққан берсиевшілер қозғалысы сексенінші жылдарға дейін тары өндірудің туын биігінде желбіретті. Дүниежүзілік рекордтарымен өңірдің де, өздерінің де абыройы асты.
Олардың арасында Ойыл ауданынан Зәуре Баймолдина, Ақбала Берсиева, Қашқын Соқыров, Таған Ұзақбаев, Балмұқан Ақабаев, Қобда ауданынан агроном Ивченко, Әзима Бектенова, Ырғыз ауданынан Өксікбай Ашамбаев, Қойлыбай Белесов, Мәртөк ауданынан агроном Неженцева сияқты елеулі еңбеккерлер шықты. Ендеше Шығанақ атамыз шыңына шығарған шаруашылықта қазір қандай өзгеріс бар? Озық заманауи технология қолға тиген кезде еңбекқор ерлер қос қолымен аялап, мәпелеп өсірген тары өнімінің ширегіне де қол жеткізе алмай жүргеніміз қалай? Осы түйткілге ой жүгірткенді жөн санадық.
Әрине, тары өндірісінің өрісін өсіруге, өнімін көбейтуге көбірек көңіл бөлінсе, белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады. Қазіргі кезде Ақтөбе облысында тары егістігінің көлемі 9 мың гектарды құрайды. Оның басым бөлігі Ойыл ауданында орналасқан. Одан кейінгі тары танабының үлесі өңірдегі Қобда, Қарғалы және Мәртөк аудандарына тиесілі. Шынтуайтына келгенде, басты мәселе тары егістігінің қанша гектар жерге егілгенінде емес, керісінше белгілі бір аумақтан жиналатын тары егістігінің түсімі мен сапасын молайтуда. Бұл бағытта ақ тарының атасынан қалған еңбек дәстүрі айқын жол көрсетіп тұрғаны анық. Осы сабақтастық үзілмесе, яғни аумағы аз алқаптан айтарлықтай мол өнім жинаудағы жетпіс-сексен жыл бұрынғы жетістіктермен бүгінгі ауыл шаруашылығындағы соны технологиялар ұштастырылса, ұтыла қоймасымыз кәміл.
Ақ тарының атасы шыққан Ақтөбе өңіріндегі тары алқаптарынан көңілдегі мол өнімнің алына қоймауының сыры неде? Сала мамандары мен сарапшылардың айтуынша, бұл кемшіліктің басты себебі – тары өсіру шаруашылығының қазіргі заманғы тактикасы мен стратегиясының нақтыланбауында әрі тары өсіру технологиясының жаңа талаптарға сай тиімді тәсілдері мен жолдарының жасақталмауында жатыр. Ең бастысы тұқым мәселесі. Мол өнім алуға негіз болатын сапалы тары тұқымының аздығы тары өсіруші шаруашылық құрылымдарының адымын аштырмай отыр. Яғни тұқым тозса, өнім де азаяды. Дәннің көлемі кішірейеді. Соның салдарынан отандастарымыз табиғи тарыны тұтынудың орнына шикі сөктен қайнатылған өнжеусіз өнімді ауызға салуға мәжбүр.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауларында отандық ғылымның өндіріс пен ауыл шаруашылығы секторының дамуына қызмет етуі керектігін ұдайы айтып келеді. Міне, ғылыми ізденістер мен озық тәжірибелердің қат жері де, қажет жері де дәл осы тары танаптарының түсіміне байланысты болуы тиіс еді. Бірақ ғалымдар бұл бағытта жұмыс жүргізе алмай отыр. Ғылымның көмегі арқылы тары тұқымының сапасын жақсартудың жолдарын жүйелеу ісі кемшін. Бұл ретте өсімдік шаруашылығы бойынша ғылыми зерттеу институттары мен ауыл шаруашылығының тәжірибелік алқаптары үлес қосуы тиіс. Мәселен, Ұлттық аграрлық ғылыми оқу орталығы тары өндірісін өндірістік тұрғыдан жолға қою мәселелеріне байланысты ғылыми тұжырымдары мен дәлелдерін алға тартуы қажет. Әрине бұл бағытта өңірдегі ғылым өкілдерінің әлеуеті мен кәсіби біліктілігіне күмән келтірмейміз.
Соңғы жылдары Ақтөбе облысында өңір брендіне айналған Мұғалжар жылқысы және цигай асыл тұқымды қойы өсірілуде. Тары тұқымын жақсарту мәселелерінде де осындай пайдалы ғылыми ізденістер өмірге келсе, осы күнгі олқылықтың орны толар ма деген ой келеді. Әйтсе де, Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырына қарайтын өңірлік орталықтардың материалдық-техникалық базасының төмендігі бұл іске әжептәуір қолбайлау туғызып отыр. Айталық, Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасында ғылыми жұмыстар жүргізуге қажетті техникалық қондырғылар мен жабдықтардың ескіруі жұмысты жаңа бағытта өрбітуге мүмкіндік бермейді. Өйткені тозығы жеткен техникалар заманауи талаптар мен стандарттар деңгейіне жауап бере алмайды.
Бүгінде облыста тары танаптарынан мол түсім алып жүрген шаруа қожалықтары аз болса да бар. Сондай шаруашылықтардың бірінің ілкімді ісін Жұмабай Жақып есімді диқан жүргізіп отыр. Ол өз сөзінде Ақтөбе секілді тары өсіру тәжірибесі мен дәстүрі қалыптасқан өңірдегі тары алқаптарында агротехникалық шаралардың өз деңгейінде жүргізілмейтінін айтады. Бұл өнім көлемінің төмендеуіне кері әсерін тигізбей қоймайды, дейді диқан. Яғни «жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» деген халық нақылы осындайда ойға орала береді. Тары өсіру мен өңдеудің білікті маманы таяуда тары өңдейтін цех ашуға белін бекем буып отыр. Десе де Ойыл аумағында бұл іспен айналысатын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері әзірге құрылмаған. Бұл жағдайда дәстүрлі саланың жаппай өсіп-өркендей қоюы екіталай болып қала бермек.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбайдың айтуынша, өндірістік кооперация құру өнімді одан әрі молайтуға әрі шығындарды біршама төмендетуге мүмкіндік береді. «Сондай-ақ кооперация мүшелері өз өнімдерін өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның көмегімен облыс орталығындағы «Табыс» коммуналдық базары арқылы емін-еркін әрі ұтымды бағаға өткізе алады. Сонымен бірге агроөнеркәсіптік шаралар шеңберінде әлдеқашан қатқан көңге айналған тары алқаптарын құнарландырудың пайдасы мол. Бұл сүдігер жырту, тыңайтқыштар себу және егіс айналымы жүйесін оң жолға қою секілді кешенді шаралардан тұрады. Қазіргі кезде тыңайтқыш пен гербицид алушыларға мемлекет тарапынан 50 процент көлемінде және сапалы тұқым сатып алушыларға 30-70 процент аралығында субсидия беріледі. Бұл тары өсірушілер үшін үлкен жеңілдік, дейді Қ.Сәрсенбай.
Тарының стратегиялық дақыл атануының себебі бар. Бұл дәнді дақыл ұзақ жылдар бойы сақтауға шыдамды. Сонымен қатар адам денсаулығын жақсартуға әсер ететін басты факторлардың бірі – отыз екі тістің түспеуі болса, үнемі тары тұтынған адамның тісі берік болмақ, дейді дәрігерлер. Ел ішінде тары жөнінде айтылған афоризмдер де жеткілікті. Айталық, Ақтөбе өңіріне кеңінен танымал тарытанушы-қаламгер, Ойыл ауданының құрметті азаматы Аманқос Орынғалиұлының «бидайдан бір тамғанда, тарыдан екі тамады» деген нақылға бергісіз сөзі халықтың аузында жүр. Осы бір ауыз сөзде тарының бүкіл қасиеті көрінеді.
Темір ҚҰСАЙЫН,