Чек талап етесіз бе?
Күнделікті дүкендер мен сауда орындарынан алған затымызға чек талап етеміз бе? Шындығын айту керек, бұған жүрдім-бардым қарайтынымыз жасырын емес.
Ал, бір қарағанда қарапайым ғана шаруа саналатын осы арқылы кез келген азамат мемлекеттің дамуына, қазынаның молаюына, өз үлесін қоса алады. Ол үшін барған жеріңізден, алған тауарыңыз, сізге көрсетілген қызметке чек алыңыз. Себебі, кәсіпкердің мемлекет бюджетіне төлейтін жеке немесе корпоративті табыс салығы, әлеуметтік салық, әлеуметтік аударым, тағы басқа да міндетті төлемдер осы фискалды чекке тікелей байланысты.
Ал, бір қарағанда қарапайым ғана шаруа саналатын осы арқылы кез келген азамат мемлекеттің дамуына, қазынаның молаюына, өз үлесін қоса алады. Ол үшін барған жеріңізден, алған тауарыңыз, сізге көрсетілген қызметке чек алыңыз. Себебі, кәсіпкердің мемлекет бюджетіне төлейтін жеке немесе корпоративті табыс салығы, әлеуметтік салық, әлеуметтік аударым, тағы басқа да міндетті төлемдер осы фискалды чекке тікелей байланысты.
Фердоуси ҚОЖАБЕРГЕНОВ,
Қазалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы:
“Кәсіпкердің чек бермеуге қақысы жоқ”
– Шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъект өкілдері мемлекеттік тіркеуден соң, салық режимін таңдайды. Мәселен, ЖК, ЖШС салық режимінің оңайлатылған декларация және жалпыға бірдей бекітілген тәртіп түрінің бірін қалайтын болса, қызмет түріне байланысты бақылау кассалық машинасын мемлекеттік кірістер басқармасына тіркеуге міндетті.
Осы жерден толығырақ тарқататын болсам. Жалпы кез келген жеке және заңды тұлға, төлемді қолма-қол немесе есеп шотқа аудару арқылы жүзеге асырады. Төлемдер кәсіпкерлік нысанының есеп-шоты арқылы жүзеге асатын болса, кірістер басқармасының камералды бақылау бөлімі әрбір тиынына шейін көре алады.
Ал, кассалық аппараттың екі түрі бар. Біріншісі онлайн бақылау кассалық машинасы 2015 жылдан бері орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қолданылуда. Онда супермаркеттер, жанар-жағар май бекеттері, сұлулық салондары, кафе-асханалар және басқаларында тауардың штрих коды кассалық аппаратқа ұрылғанда автоматты түрде кірістер басқармасына мәліметтер түседі.
Екінші түрі онлайн емес бақылау кассалық машинасы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолайлы. Мұндағы кассалық аппараттан чек шығару үшін, қажетті сомманы қолмен енгізеді. Сөйтіп кірістер басқармасы кассалық аппараттағы чек бойынша ғана табысты есептейді.
Неге кәсіпкердің чек беруге құлшынысы жоқ? Себебі кассалық аппараттан ұрылған әрбір чек, табыс болып есептеледі.
Тағы бір айта кететін жайт, чек талап ете жүріп, түрлі ұтыстарға ие бола аласыз. Ол үшін ұялы телефоныңызға плей маркет немесе апп стордан WIPON қосымшасын жүктеп, чектердің суретін жіберіп отырсаңыз болғаны.
Сонымен бірге аудан бюджетінің салық салу базасын ұлғайту жөніндегі аудан әкімінің өкімімен құрылған жұмысшы тобы жанындағы құрамында 10 адамы бар бірінші топ мүшелерінің жыл басынан бергі атқарған жұмыстарының үлесі мол. Олар Әйтеке би кенті орталығындағы ірі сауда орындарынан бөлек ауылдық округтерді аралап, сол сияқты «Самара-Шымкент» трассасы бойындағы ақылы қызмет көрсететін орындарын да қамтып отыр. Мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан ағымдағы жылдың маусым айында жоспардан тыс тексеру белгіленіп, бақылау кассалық машинасын пайдаланбай ақылы қызмет жасаған 9 жеке кәсіпкер бойынша заң бұзушылықтар анықталып, әкімшілік жауапкершіліке тартылды.
Жәнібек НАУРЫЗБАЕВ,
жеке кәсіпкер, “Сәт” дүкенінің иесі:
“Бейжай қарауға болмайды”
– Менің кәсіпкерлікпен айналысып жүргеніме бірнеше жылдың жүзі болды. 2014 жылы азық-түлік сататын дүкен ашып, халыққа қызмет көрсетіп келемін. Барлығы заңды болу үшін Қазалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына тіркеліп, уақытылы салықты төлеп отырмын.
Тұрғындарға дүкенде сатылған затқа бақылау кассалық машинасынан чек шығарып беремін. Әзірге менің тәжірибемде сатылған затты қайтып алу немесе ақшасын қайтарып беру оқиғалары кездесе қойған жоқ. Алдағы уақытта да көңілге қонымсыз жағдайдың кездесе қоймайтынына сенімдімін.
Марал ТАЙБЕРГЕН,
Әйтеке би кентінің тұрғыны:
“Мемлекеттік маңызы бар іс”
– Өткенде аудан орталығындағы сауда орындарының бірінен балама қажетті зат сатып алғанмын. Өзімізге қатты ұнаған дүниеміздің үйге барғаннан кейін ақауы бар екенін байқадық. Сонан не керек, алып-ұшып әлгі дүкенге келіп, басқасына ауыстырып беруін немесе ақшасын қайтаруын талап еткенімізде, “Сатылған зат қайтып алынбайды” дегенді желеу етіп, біздің талабымызды орындаудан үзілді-кесілді бас тартты. Қас қылғанда сатып алынған затты растайтын түбіртекті де алмаппыз. Біздің тарапымыздан жіберілген басты қателік те осы екен.
Бұл оқиғадан соң мен кез келген затты сатып алу кезінде міндетті түрде чек талап етуге дағдыландым. Мейлі ол аз ғана сомадағы сауда болса да солай етемін. Бұл біріншіден біздің азаматтық парызымыз, екінші жағынан ел экономикасына қосқан азда болса үлесіміз екен.
Шыңғыс КАДИРОВ,
заңгер:
«Чексіз ештеңе дәлелдей алмайсыз»
– Тауардың сапасына қатысты күдігі болса, жарамдылық мерзімі өткенін білсе, тұтынушы бірден сатып алған жеріне шағымдансын. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына, не прокуратураға хабарласуына да болады. Тұтынушы шағым түсірсе, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, не прокуратура кезектен тыс тексеріс жүргізе алады.
Сондықтан да мен тұтынушылардан тауарды сатып алғаны туралы чекті сақтауға шақырамын. Чек болмаса, ешбір құзырлы мекеме тұтынушы шағымын қарай алмайды.
Осы арада көптеген тұрғындардың көкейінде қарапайым ғана “Чек талап етудің маған және мемлекетке қандай пайдасы бар?” деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұған былайша жауап берер едім. Чек – тауар мен қызметті пайдаланғаныңызды растайтын құжат; Сатып алған тауар немесе өніміңіздің жарамдылық мерзімі өтіп кету, өлшемі дұрыс келмеу, сапасы сын көтермеген жағдайда қайта өткізу мен ауыстырып алу үшін керек; ҚР тұтынушылар заңына сәйкес, 2 апта ішінде сатып алған тауарыңыздың чегін алып бару арқылы ғана қайта ауыстыруға не ақшаңызды толық өндіріп алуға құқылысыз; чек талап ету арқылы еліміздің дамуына өз үлесіңізді қоса аласыз; кәсіпкерлер табысының жасыруына жол бермейсіз.
Енді бұл кішкентай ғана құжаттың қандай үлкен мәнге ие екеніне көзіңіз жетті ме? Сондықтан сіз келесі жолы сатушыдан чек талап етуді естен шығармаңыз. Осылайша сапасыз тауарға тап болған тұтынушылар өз құқықтарын қорғау мүмкіндігіне ие болады.
ТҰТЫНУШЫ НАЗАРЫНА!
ҚР “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” заңының 30-бабы
Сатушының (дайындаушының) тиісті сападағы да тиісті емес сападағы да тауарды сату кезіндегі міндеттері.
1. Мыналарды:
1) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды;
2) іш киімді;
3) шұлық, ұйық бұйымдарын;
4) жануарлар мен өсімдіктерді;
5) метрлеп сатылатын тауарларды, атап айтқанда, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталарды, тоқыма және перделік кенеп матаны, жасанды теріні, кілем бұйымдарын, тоқыма емес материалдарды, ленталарды, шілтерді, таспаны, сымдарды, бауларды, кәбілдерді, линолеумды, багетті, пленканы, клеенканы қоспағанда егер тиісті сападағы азық-түлік емес тауар пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сатушы (дайындаушы) оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.
Егер тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат жоғалған немесе қандайда бір себептермен тұтынушыға берілмеген жағдайда, егер тұтынушы осы сатушыдан (дайындаушыдан) сатып алу фактісін дәлелдесе, онда тауарды айырбастау немесе қайтару жүргізілуі тиіс.
PS: Бүгінгі таңда халықтың басым көпшілігі тұтынушылық құқықтарын жақсы білмегендіктен, чек мәселесіне мән бере бермейді. Егер сатып алған тауарының сапасы нашар болып шықса немесе ұнамай қалса ақшасын қайтарып алуға чектің пайдасы мол. Салық ережесіне сай жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер арнайы кассалық аппараттарды қолдануға міндеттелгенмен, олардың барлығы бірдей бизнестің кіріс-шығыс мәліметтерін көрсеткісі келмейді. Соның салдарынан чектер тек сұраныс бойынша беріліп жатады.
Олай болса атап өтілген жағдайға жете мән беріп, ортақ істің өрге басуына әрқайсымыз үлесімізді қосуға асығайық.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ