Адамдарға бақыт сыйлаған
“Бір жылдың ішінде бір-ақ жаз болады.
Ағаш-шөптер, гүл-жапырақтар бір-ақ рет жасарады. Осы секілді адамның басына жастық екі рет келмейді. Жастық – өміріміздің жазы. Жаздан кейін күз келеді.
Сол секілді жастықтан соң кәрілік жетеді. Шаруасына жинақы кісілер жаздың күні қыстың азық-түлігін дайындап қояды. Адам жасында өнер-білім, жақсы мінездерін бойына жинауға тиіс. Мұнсыз ол қартайған шағында рақат тіршілік ете алмайды” деген екен. Осы бір сөз құдіреті есіме түссе, балалық шақтың жақсылыққа құштар бал күндері көз алдыма оралады.
Теңіз қолтығындағы Сарышоқы ауылында тай құлындай тебісе өскен 1940-1941 жылы туылған: Балтабай, Жұбатқан, Жиылыс, Аманкелді, тағы басқа құрдастардан Сипан екеуіміз ғана қалыппыз. Біз де сексеннің сеңгіріне жақындап келеміз. Жоғарыда аты аталған азаматтардың әрқайсысының өмір жолдары көкірегімде сайрап жатыр. Осылардың арасынан Жиылыс Қазмағамбетұлына бөлек тоқталғалы отырмын.
Ол 1940 жылдың 1 наурызда Арал ауданындағы Мергенсай ауылдық кеңесінің Сарышоқы учаскесінде дүниеге келген. “Ақылды ой, алғыр сөз – адамның ең жоғары қасиеті” дегендей Жиылыстың білімге деген құштарлығы бөлек еді. Арал қаласындағы білім ордаларының қара шаңырағы атанған Т.Шевченко атындағы №13 орта мектебін ойдағыдай тәмамдаған ол Ресейдің Орск қаласындағы Авиация училищесіне түсті. 1960 жылы әскери ұшқыш мамандығын алып шығып, қаладағы аэропортта ұшақ командирі қызметін атқарды.
Ұшқыр ойлы, білімпаз азамат мұнымен тоқтаған жоқ. Асыл арман жетелеп дәрігер болып, санитарлық ұшақты басқарсам деген мақсат жетегіне ерді. Сонымен Асфендияров атындағы мемлекеттік медицина институтына түсіп, оны 1966 жылы емдеу мамандығы бойынша үздік бітірді. Жолдамамен Қазалы тораптық ауруханасына дәрігер-хирург қызметіне орналасты. 1967 жылы осы аурухананың бас дәрігері болып тағайындалды. 1975-1988 жылдар аралығында Екібастұзда қалалық және Алматы облысындағы Матай стансасында селолық ауруханаларды басқарды. 1988 жылдың күзінде өз қалауымен Қазалы тораптық ауруханасына дәрігер-хирург болып ауысады. Кейін хирургия бөліміне меңгерушілік етті. Ал 1997 жылдан 2010 жылға дейін сот-медициналық сарапшы қызметін абыроймен атқарады.
Ертеде бір данагөйден: “Дүниеде кім бақытты?” деп сұраса, ол “Дүниеде көп адамды бақытты еткен адам бақытты” деп жауап берген екен. Сол секілді Жиылыс Қазмағамбетұлы да өз өмірінде талай жандарға қуаныш сыйлаған ақ халатты абзал азамат десем жарасады. Менің атам Өтеулі, Ұлы Отан соғысынан сыңар аяғынан айырылып оралған жауынгер. Протез киіп жүретін. Бертін келе аяғы қажалып жүруден қалған соң Қазалыдағы Жиылысқа ота жасатқан. Денсаулығы жақсарып, еркін жүре алатын жағдайға жеткен қария өле-өлгенше оған алғысын айтумен өмірден өткенін білемін.
Жиылыс республика, облыс көлемінде болып жатқан медициналық озық тәжірибе, жаңалықтарды жіті меңгеруге ден қойды. Сонымен бірге өзінің мол тәжірибесін жас мамандарға үйрете білген тәлімгер-ұстаз.
1984-1987 жылдары №3 және №6 сайлау округінен Талдықорған облысындағы Бөрілітөбе аудандық Советіне, Матай поселкелік советіне депутат болып сайланды. Халық қалаулысы ретінде сайлаушылардың өтініші мен ұсыныстарын жоғары органдарға жеткізіп, оның дер кезінде оң шешім табуына лайықты үлесін қосты.
Ж.Қазмағамбетұлы дәрігерлік кәсіби біліктілігін шыңдаумен қатар, баспасөз беттерінде саяси, рухани, әлеуметтік-экономикалық тақырыптарда көлемді мақалалар жариялауды әдетке айналдырды. Жазғандары еліміздің бетке ұстар басылымы “Егемен Қазақстанда” “Қызыл түс нені білдіреді?”, беделді бұқаралық ақпарат құралдарының бірі – “Халықта” “Әскери терминдердің қазақша нұсқалары”, “Сыр бойында” “Қамбашты неге қыстадым...?”, «Ақмешіт жастары» газетінде «Түс» және басқа да жергілікті мерзімді басылымдарда жарық көріп, оқырман қауымның көңілінен шықты.
Жиылыс Қазмағамбетұлының осындай ерен еңбектері ескерусіз қалмады. 1970 жылы «Адал еңбегі үшін» және 1988 жылы «Көп жылғы қажырлы еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. Бұдан бөлек денсаулық және басқа сала басшыларынан алған мақтау қағаздары бір төбе.
Ақиық ақын Мұқағали: “Боз далам, күрең далам, жасыл далам, кісі емес саған келіп бас ұрмаған” деп жырлағандай, Жиылыс Арал теңізі көз алдында тартылып, туған жерін, тұзды шаң басып жатқанда халқымен бірге қайғырды. Кіші Аралдың толғанын көргенде балаша қуанғаны есімізде. Ол бос уақытында кең далада тынығуды жаны жақсы көретін. Аң, құс аулайтын мергендігі де бір бойына жарасатын. Ал спорт жаны сүйер серігі болатын.
Жиылыстың Құдай қосқан қосағы Қалимаш та өнегелі өмірдің баспалдағынан өткен. Туған-туыс пен жекжаттарды жақындастырып, қонақтардан босағасы босамаған берекелі отбасының ұйытқысы болған ақ халатты абзал ана. “Балам балдан да тәтті, немерем жаннан да тәтті” дегендей, немерелерінің сүйікті әжесі өткен күнге шүкіршілік, қазіргі өміріне тәуба етіп, әдемі қартаюдың үлгісін кейінгі ұрпаққа көрсетіп келеді.
Жиылыс пен Қалимаш отбасында екі ұл, үш қызды дүниеге әкеліп, өрістерін кеңейтті. Айғарасы жоғары шенді полиция офицері, Айнұры қаламды қару еткен журналист, Жеңісі мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ берсе, Қарлығашы Астанада колледжде музыкадан дәріс береді. Ал Кенжекейі Тараз қаласындағы мектептің ұйымдастырушы педагогы болып абыройлы қызмет атқаруда.
Қазақта: «Жақсы келінің болса азығың, жақсы ұлың болса қазығың» дейді. Осы шаңырақтың отын маздатып отырған Айгүл мен Меруерт келіндердің бойынан ұлттық үрдіске тән өнегелі қасиеттердің бәрі де табылады.
Жиылыс 75 жасында дүниеден озды. 50 жыл халқына адал қызмет етті. Мыңдаған адамға ота жасап, қайта өмір сүруіне себепші болған жайсаң жанның есімі жұрттың жадында сақтала береді.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТҰЛЫ,
КСРО және ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері.
Арал қаласы.