Тістің емін, істің ебін тапқан азамат
Бүгінгі күні мол табыс табудың көзі бизнесте екені баршаға аян. Дегенмен, осы салаға бет бұруға бәрінің бірдей жүрегі дауаламайды. Бірі жеке кәсіп ашудың машақаты көп десе, тағы бірі шығынға ұшырап, банкрот боламын деп тартыншақтайды. Ойы сансаққа жүгірсе де, тәуекелге бел буғандардың біразы бүгін табысты кәсіпкерге айналғанын көзіміз көруде. Солардың бірі аудан орталығынан "Дантист" тіс емханасын ашқан кәсіпкер Ахметжан Мүсенов десек қателеспейміз.
Ол өзінің арманын өміршең етіп, 2002 жылы жеке тіс емдеу орталығын ашты. Қырық жылдан астам еңбек өтілі бар ақ халаттыға әуел баста бұл шешімді қабылдау оңайға түспеді. Иә, еңбек жолын сонау 1976 жылы аудандық стомотология бөлімінде бастаған маманның бүгінде өзінің қалыптасқан дара жолы бар. Сондықтан болар, тіс емханасына қашан барсаңызда адам арылмайды. Олардың бірі тіс протезін салдырса, енді біреулері тіске коронка орнатып жатыр. Ең бастысы, тұрғындардың барлығы да Ахметжанның жұмысына дән риза.
Сергек ойлы кәсіпкер ұсыныстың өзі сұраныстан туындайтынын айтады.
– Сапалы тіс емханалары қай кезде де сұранысқа ие болмақ. Мен де осы уақытқа дейінгі тәжірибеме сүйене отырып, ауданда "Дантист" тіс емханасын ашуды жөн деп санадым. Емханада тістің ауыру себебін немесе басқа да кемшіліктерін анықтап беретін арнайы құрылғы да бар. Сол арқылы келушілерге жылдам, әрі сапалы қызмет көрсетудеміз, – дейді Ахметжан Сражатұлы.
Кәсіпкерлік саласы кәсіпкерден қажырлы қимылды, тынымсыз ізденіс пен табандылықты талап етеді. Өйткені бүгінде нарық айдынында бәсекелестікке төтеп беру қиынның-қиыны екені анық. Тұтынушыға ұсынылып отырған қызмет түрі болсын, тауар болсын сапалық сыннан сүрінбей өтіп, биік үрдістен көрінбесе, кәсібіңіз тұралап, бастаған ісіңіз еш пайда әкелмесі анық. Сондықтан да, уақытпен санаспай қажырлы еңбек етуіңіз керек. Әрдайым осыны естен шығармайтын тіс дәрігері кәсібін кеңейтіп, жаңа құрал-жабдықтар алуды ойластырады. Әрине, оның барлығы қаржыға келіп тірелетіні бәрімізге аян. Бұл ретте Ахметжан Мүсеновке "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ көмекке келді. Аталмыш қордан 2016 жылы 2 млн теңге жеңілдетілген несие алып, өзіне қажетті құрал-жабдықтарға қол жеткізді. Соның арқасында бүгінгі күні тұрғындарға көрсететін қызмет түрі де артқан.
– Елімізде соңғы уақытта шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлініп, түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Мен ойға алған жоспарды жүзеге асыруға осындай бағдарламалардың бірі септігі тиді. Соның арқасында жеңілдетілген несие қол жеткізіп, емханаға қажетті стоматологиялық кресло, бор машина, самсон, шлев матор, тіс пайкілейтін аппарат және өзіме қажетті тағы басқа құралдардарды сатып алдым. Бұл біз сияқты жандарға үлкен көмек, – деген оның кәсіпкерлікке мол мүмкіндік пен зор қолдау жасаған Елбасына айтар алғысы шексіз.
Біз өз кезегімізде мемлекеттік қолдаудан қапы қалмай тістің емін, істің көзін тапқан Ахметжан Мүсеновтің ісіне береке тілейміз.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ