Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Инфосығандар: Ауадағы ақша

Инфосығандар: Ауадағы ақша

Өткен айда қиялға берік танысым, танымал бір блогерден «Армандар кітабын» сатып алыпты. Бағасы 45 мың теңге тұратын жинақта блогер өз өміріндегі жетістігін үлгі ете отырып, мақсат-міндетіңді айқындап, бай-бағландарша күн кешуді үйретеді-мыс. «Енді бір пайдасы тиді ме?» деген сауалыма, «Екінші бөлімі шығады. Соны алған соң нәтижие болады» деді ол. Сөйтсем, әлгі әдіреңқалғырдың жақында екінші бөлімі сатылымға шығады екен. Қайрат Нұртас айтпақшы, бұл жолғысының бағасынан басың айналады. Яғни, алдыңғысынан екі есе қымбат, 90 мың теңге тұрады. «Аңқау елге арамза молда» демекші, қазір ауаны сатып, жұрттың аңғалдығын өз пайдасына асырып, қалтасын қағып жүрген жандар көп. Әдетте ондай адамдарды «Инфосығандар» деп атайды.

Қаймағы мен қаспағын кім жейді?
Рас, сананы тұрмыс билеген заманда «бай болу» бүкіл адамның сұранысына айналып тұр. Осыған орай, қазір әлеуметтік желідегі төрт адамның біреуі ақыл айтқыш психологқа, бес адамның біреуі жол сілтегіш бизнез-коучқа айналған. Солардың пайдасынан гөрі зиянын шегіп, қарыз үстіне қарыз жамап, белшесінен батып отырған тағы да сол қарапайым халық. Заманауи тілмен айтсақ, әлеуметтік желі арқылы адамдарды алдап-арбап, тұзағына түсіруді ойлайтын мұндай пысықтарды жоғарыда айтқандай «инфосыған» дейді.
– Негізі мұндайлардың арбауына түсетіндердің басым бөлігі – әйел адамдар. Жалпы әйел заты табиғатынан жұмсақ, сенгіш, моральдық тұрғыда әлсіздеу келеді. Мұны сараптап, зерттеп-зерделеген алаяқтар да осы аудиторияны көздейді. Оған бір дәлел, осыдан бірнеше жыл бұрын әлеуметтік желіде «Supermamasita» есімімен танымал Әлия Байтуғаева қызыл жіп сатып, елді шулатты. Ол әр бума жіпті 1500 теңгеден сатқан. Блогердің сөзінше, ол жіптерді еліміздің киелі орындарына апарып, дұға оқытқан екен. Оны сатып алған әрбір адам бақытқа, байлыққа, мансапқа кенеледі деп жарнамалады. Бір қызығы, өртесе күлі де қалмайтын сол жіпті сатып алғандардың қарасы көп болған. Оның 90 пайызы нәзікжандылар, – дейді сарапшы Айбек Қабдолла.
Инфосығандар сіздің мақсатыңызды жүзеге асырудың жолдарын біледі-міс. Олардың өздері ойлап тапқан немесе бір пәлсапашыдан үйренген әдіс-тәсілі бар. Инфосығандардың ішіндегі өте ізденімпаздары сізге өз ұлтыңыздың дәстүріндегі байлық, еңбек түсінігіне негізделген «индивидуал» әдіс жасап шығарады. Егер ақшаңызды төлеп, сол тәсілдерді үйреніп алатын болсаңыз, алдыңызда даңғыл жол жатыр. Сізге ешкім кедергі келтіре алмайды. Бірақ сіз өзіңіз бұл жерден ешбір әдіс-тәсіл емес, өзіңіз бұрыннан-ақ білетін дүниелерді алып шығасыз. Тек олар сізге бұл ақпаратты өңін аударып, заманауи терминдермен түсіндіреді. Алғашында сіз шынымен жаңа ақпарат алып жатқандай сезінесіз. Қысқаша айтар болсақ, қаймағын ауаны сатушы жесе, аңғал адам қаспағын қырып жеп қала бермек.

Күресуге қауқарлымыз ба?
Инфосығандардың көбеюуі қоғамдағы өзекті мәселеге айналды. Өтйкені мұндай адамдарды жалған ақпараты, насихаты мен керексіз білімдері үшін жауапкершілікке тарту мүмкін емес. Осыған байланысты өткен жылы елімізде инфосығандарға қарсы петиция жарияланды. Петиция авторы Серік Әбішев. Ол республикада блогерлердің ықпалы күшейіп келе жатқанын, соның аясында жалған сарапшылардың қазақстандықтарға тікелей эфирді сатып жүргенін атап өтті.
– Бұл адамдар өздерін сарапшы ретінде көрсетіп, пайдасыз ғана емес, шындыққа жанаспайтын, тіпті зиянды ақпаратты насихаттайды. Сонымен қатар елімізде инфосығанның таралуы шын мәнінде құнды ақпараттық өнім беретін нағыз сарапшылардың беделіне кері әсерін тигізеді. Олар өздерін «инфобизнесмендер», «бизнес-жаттықтырушылар», «жаттықтырушы және мотиваторлар» ретінде көрсетіп, аудиторияға қаржылай өсуге, рухани баюға және керемет табыс табуға уәде береді, – дейді петиция авторы.
Петиция авторлары Қазақстан азаматтарын қол қоюға шақырып, келесідей ұсыныстар білдірді: Пайдасыз ақпараттық өнім жасауға және сатуға байланысты қызметтің жолын кесу үшін заңнамалық әрі ұйымдастырушылық шаралар қабылдау. Сондай-ақ жалған ақпараттық өнімге қатысты сауатты арттыру үшін халық арасында ақпараттық ағарту жұмыстарын жүргізу болып табылады.
Қоғам белсенділерін қолдап жатқан жандар болса да, өкінішке орай оң әсерін берер емес. Керісінше, елде инфобизнесмендер қарасы қалыңдап келеді.Сарапшылардың айтуынша, олар инфокәсібінің көкжиегін кеңейткен сайын, күрделендіріп, арнайы мамандарды да іске қосқан.
– Бұл салада негізінен төрт түрлі адам жұмыс істейді. Оның алғашқысы талантты, кәсіби алаяқтар болса, екіншісі олардың өздерін оқытушы жоғары деңгейдегі инфосығандар. Ал үшіншісі бір кездері бизнес жасап, одан түк шығара алмағандар. Бірақ ол өз аудиториясына бизнесінің банкрот болғанын, дұрыс жүргізе алмағанын айтпайды. Ол бұл тақырыпты айналып өтеді немесе сол бизнесі автоматтанып, жүріп жатқанын жеткізеді. Төртінші топтағы инфосығандардың легін үйде отырған аналар қауымы бастайды да, тізімді жалпы жұмыссыздар мен бір кездері инфосығандардың алдауына түскен адамдар жалғастырады. Бұлардың ішіндегі ең қауіптісі соңғылары. Олар инфосығандардан алданғандарын өздері толық түсінбегендер. Бірақ дәл осы бизнес айналасында ақша бар екенін аңдаған адамдар, – дейді Айбек Сейітқұлұлы.

Несие алып, несібе арттыра алмаймыз
Шотландықтарда «Бақытты сатып ала алмайсың. Бірақ велосипедте отырып жылағаннан гөрі, мерседесте отырып жылаған ыңғайлы» деген тәмсіл бар. Бұл өз кезегінде қалтасын қалыңдатқысы келген жандарға мотивация болса керек. Осы сынды сөздермен елітіп, «Тұрмыс тауқыметінен шығар жолды көрсетемін. Ақшаңыз жетпесе, несие арқылы сатып алыңыз» дейтін инфосығандар жеткілікті. Бір қызығы «ләббай тақсырға» басып, көзсіз несие алатын жандар да баршылық. Тіпті жарты миллион теңгеге сабақ сатып алған немесе бөліп төлеу үшін несие алғандардың қарасы көп.
– Мақпал Қаратайдың Дубайда өтетін сабағына қатысу үшін қомақты ақша керек болды. Қатты барғым келсе де, күйеуімнің ондай ақшасы жоқ еді. Бала-шағамның несібесінен жырып, Дубайға барып келдім. 3000 доллар несие алдым. Қазір несие жауып отырмын. Мақпал Қаратай өзім білетін ақылды айтты, – дейді А.Ахметова.
Айнұр Тұрсынбаеваның 1 миллион теңге тұратын жеке қабылдауына да несие алып баратындар көп екен. Бірнеше жыл бұрын «Су техникасын» жасатып, айтыскер ақын оңбай сынға қалған еді. Оның «Армандарыңды суға айтып, оны ішесіңдер. Ақшаларың көбейеді» деп сабақ өткізгені ел есінде.
Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен қара халықтың қаражаты қансорғыштардың қалтасына қашанғы құйыла бермек? Бұлай жалғаса берсе, қараңғылықтан енді ғана көз ашып, дамып келе жатқан елдің ертеңі қалай болмақ? Қалай болғанда да осынау олқылыққа бір тоқтам керек.
Серік АҚМЫРЗА
12 наурыз 2024 ж. 490 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 64

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 59

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930