Апаттық үйлер азайса...
Ауданда 106 көп пәтерлі тұрғын үй бар. Оның 50 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. Былай қарасаң, бұл жай айтылғаны ғана. Апат алдында тұрғаны да аз емес. Алайда заң жүзінде солай деп танылмаған соң, сала мамандары ауданда апаттық үйлерді жоқ дегенді алға тартты. Бірақ сол тұрғын үйлерде қоныстанған кейбір тұрғындар жоғарыдағы пікірмен мүлдем келіспейтіндіктерін аңғартты. Өйткені кей тұрғын үйлер расымен де тұрақтауға келмейтін жағдайда тұр. Көп қабатты үйлердің қазіргі күйі көпшілік үшін күрмеулі мәселеге айналғанымен, жауапты мамандар тұрғындардың тынышын қашырған жайтты шешуде құлықсыздық танытып отырғандай көрінеді. Себеп неде? Мәселенің мән-жайын бажайлап көрсек.
Счастнов көшесінің бойында орналасқан тұрғын үйлердің бірінде тұратын Айман есімді тұрғынның бұл мәселеге қатысты өз айтары бар. Айтуынша, аталған тұрғын үйде тұрып жатқанына 20 жылдай уақыт болған. «Үй іші дымқыл тартады. Қабырғалар қисайыңқыраған. Үй ішінде қанша жөндеу жұмыстары жасалғанымен жаңарған емес. Көмескі тартып тұрады. Жұмсаған қанша қаржымыз зая кетті. «Ескінің аты – ескі» деген рас екен. Мың жерден жамап жасқасаң да шашау шығып тұрады. Үйге қатысты жаңалық жылт етсе, құлақ түріп жүретініміз жасырын емес. Биыл күрделі жөндеуден өтетін үйлердің қатарында екенбіз. Бірақ бұл жаңалыққа аса қуанбадым, өйткені сылап-сипап кететіндерін ішім сезіп отыр», – дейді жөндеу жұмыстарына сенімсіздік танытқан тұрғын.
Желтоқсан көшесі №2 үйде тұратын Ардақ аға өзі тұрып жатқан тұрғын үйді сүріп, орнына басқа үй салынса дейді.
– Бұл үйде тұрып жатқаныма 30 жылдан асыпты. Аз уақыт емес. Мен білсем, бұған дейін тұрғын үйге күрделі жөндеу өтпеді. Ғимарат кәдімгідей ескірді. Іргетасы жерге қатты кіріп кеткен. Үй іші де бұрынғыдай жылытпайды. Төменгі қабатта тұратын көршілерімнің пәтеріндегі қабырғалар ыза тартып тұрады. Дымқыл ауаның салдарынан үй ішінде біртүрлі иіс те шығады. Немерелерім үшін қатты алаңдаймын. Әлі жас. Денсаулықтарына әсер ете ме деп қорқамын, – дейді тұрғын.
Ал былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен Жанқожа батыр көшесі №102 көп пәтерлі үйдің тұрғыны Бақыткүл апаның жүргізілген жөндеуге көңілі толмайды.
– Шатаспасам, мен тұратын үйдің бой көтергеніне 50 жылға жуықтаған. Мүмкін одан да көп болар. Айтпағым бұл емес. Көзі көретін адамға көнергені анық байқалады. Күрделі жөндеуден өтті дегені болмаса, үй апаттық жағдайда. Жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстары дегеннің бәрі көзбояушылық. Жаңғырту жұмыстары жүргенміен жаңармайтынын түсіну керек қой құзырлылар. Білесіз, көшенің сол жақ беткейінде дәлірек айтсам, орталық мешіт артында орналасқан тұрғын үй сүргізілген болатын. Біздің тұрғын үй де сол үймен шамалас. Сол секілді біздің үйді де сүргізуге жіберу керек. Сондықтан біздікін де апаттық деп танып, тұрғындарды жаңа үйге қоныстандырған дұрысырақ па деймін, – дейді ол.
Бұл тұрғынның сөзін бірі құптағанымен, екіншісі мақұлдамайды. Өйткені үйді апаттық деп тануға жасалатын жұмыстардың жүгі ауыр. Ол үшін бағалау компаниясының қорытындысы қажет екен. Түптеп келгенде түйткілдің түйіні қаражатқа тіреледі. Осыны білген тұрғындар амалсыз өз ойларынан айнуға мәжбүр. Онсыз да шекесі шылқып отырмаған халыққа бұл кәдімгідей салмақ.
Бірақ шырматылған түйінді басқалай да шешуге болатын шығар. Жауап іздеп, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарына хабарластық. Әйтсе де, жанға тыныштық бермеген сауалымызға тұщымды жауап ала алмадық. Айтуларынша, аталған үйлер апаттық деп танылатындай жағдайда емес екен. Бірақ апаттық емес деп, алаңсыз отыру қаншалықты орынды? Тым құрығанда тексеріп, бақылауда ұстауға болатын шығар. Тек жұрт байбалам салғанда ғана қозғалу кімге керек? «Қате аяқ астынан» деген бар. Жайбарақат күн кешіп те жай түсіп, жазым болуың ғажап емес. Ал апаттық жағдайда алаңдап өмір сүру алдыңғысынан артық қауіп. Осыны құзырлырар қаперде ұстаса екен дейсің. Жауаптылар жайлы үйді қалайтын жандардың тілегін аяқ асты етпесе игі. Әйтпесе тұрғын үйлер тоқырауға ұшырап, түрғындардың тұрмыстық сапасы бәсеңдеуі бек мүмкін. Егер шенділер тезірек шешімін таппаса, тағдыр талайына тап болған тұрғындардың тоқпағынан оларды ешкім құтқара алмас.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ