Былтыр 34 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылды
Фото: Halyq Uni
2023 жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жастар практикасына 33 984 адам жіберіліп, жұмысқа орналастырылды, деп хабарлады Halyq Uni.
Жастар практикасы бойынша жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны Түркістан (9007 адам), Қызылорда (3 443 адам), Жамбыл (3047 адам) облыстарында және Шымкент қаласында (2 568 адам) байқалады.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтағаннан кейін 5 жыл ішінде 35 жастан аспаған, алған кәсібі бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ жұмыссыздар жастар практикасына қатыса алады. Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.
Оқу орындарының түлектеріне арналған жастар практикасы бойынша жұмыс орындары олар алған кәсіп немесе ұқсас кәсіп бойынша құрылады.
Жастар практикасын қаржыландыруды еңбек мобильділігі орталығы жұмыс беруші ұсынған ай сайынғы мәліметтер негізінде іске асырады.
Субсидиялардың айлық мөлшері (экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып) 30 айлық есептік көрсеткіш болып отыр. Жалақыны субсидиялау мерзімі 12 айдан аспайды.