Қоғамдық тәртіп – қатаң бақылауда
Қоғамдық тәртіпті бақылаушы топтың кезекті рейд жұмыстары жалғасып жатыр. Аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев бастаған құрам Әйтеке би кентіндегі жастар көптеп бас қосатын жерлерге бас сұғып, түсіндірме жұмыстарын жасады.
Нақтыласақ, аудан орталығындағы кафелер, компьютерлік клубтар, орталық стадион, спорт алаңдары, тойханалар мен мейрамханаларға барып, тәртіпке шақырды.
Одан бөлек, шет аймақтарды да аралап, белгіленбеген жерге төгілген кәріз суларын, заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларды анықтап, тиісті шараларды жүргізді.
Жалғас Оңғарұлы жетекшілік ететін құрамда аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары, аудан әкімі аппаратының мамандары және мектеп директорлары мен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері болды.
Айта кетейік, аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес жүріп жатқан рейд жұмыстары маусым айына дейін жалғасады.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат