Өркениет өзегіне балта шабады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті, жаңа Қазақстанды құру үшін негізгі бағыттарды айқын көрсетіп берген болатын. Соның бірі қазақ қоғамының ауыр дерті болып отырған сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу. Көшбасшының бұл жолды таңдауы өте дұрыс, өйткені сыбайлас жемқорлық мемлекет дамуына кері әсер ететін қауіпті құбылыс.
Заң бар жерде тәртіптің де болуы міндетті. Президент біреу болса халық оған тіреу болуы керек. Сыбайлас жемқорлықпен халық болып күресу табиғи заңдылық, басты міндетіміз бен парызымыз. Өйткені халық парақорлық дертімен жиі кездеседі. Сондықтан, қызмет ететін ортаға келген кезде пара беру мен пара алудың жолын кесуде баршамыз белсенділік танытып, күресуіміз керек.
Мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметшілердің білім-қабілет деңгейлерінің өте төмен болуы да, құқық бұзушылыққа немқұрайлы қараулары да, жеке басының мүддесін көбірек күйттейтіндіктерін де, біліп тұрған заң талаптарын орындау кезінде ынта танытпаулары және т.б. жағдайлар да сыбайлас жемқорлықтың кең қанат жайып, тамырлануына әсерін тигізбей қоймайтыны анық. Осындайдан сақ болуымыз керек.
Жоғарыда заң мен оның орындалу тәртібі туралы айтып өттік. Бұған аса мән беруіміз керек. Мысалы, мемлекетіміздегі бір ауданның бас есепшісі он миллион теңгені жымқырды деген айыппен алты жылға сотталуға үкім шыққан, ал республикаға танымал кәсіпкер тұлға жүз миллиардтаған мемлекетімізге зиян келтіріп, ол да алты жылға үкім кесілген. Айтпағым, жасалған қылмыстың арасалмағын анықтай отырып, жазаны соған қарай беруіміз керек деген пікірдемін.
Тағы бір мысал, ауданымыздың бір азаматы облыстық бір мекемеде қызмет істеп жүрген кезінде, осы сыбайлас жемқорлық дертіне байланысты әшкереленіп, республикалық "Заң" газетіне шыққан болатын. Оны ауданға шақырып, үлкен бір қызмет берілді. Сол қызметте жүргенінде, облыстық құқық қорғау мекемесі парақорлық жағдайға байланысты тұтқынға алынды. Егер әдепкі әшкере болған кезінде қызметтік тексеріс дұрыс жүргізіліп, тәртіптік жаза қолданғанда, аудан абыройына нұқсан келетіндей мұндай жағдай орын алмас еді.
Соңғы үш онжылдықта бұл дерттің қоғамды кеулеп кеткені сондай жастарымыздың түсінігінде "ақша бәрін шешеді " деген ой саналарын улап болды, болашағымыздың жастар екенін ойласақ, мемлекетіміздің басшысы құрып жатқан жаңа Қазақстанда мұндай зиянды әрекеттерге жол жоқ екендігіне нақты іспен жастарымызды сендіруіміз керек-ақ.
Әбілғазы ТОМАЕВ,
Аранды ауылдық округінің әкімі