Тренд түстер қандай?
Біз білетін түстің түрі көп. Үйреншікті ақ, қара, жасыл киіп алып жүре беретін қасиетіміздің бары да жасырын емес. Ал сән әлемі жыл сайын түрлі түстерді трендке айналдыруда. Сонымен, 2024 жылы қай түстер сәнде болады? Дизайнерлердің айтуынша олар бесеу екен.
Алғашқысы, езілген өрік түсі. Атауы қызық болғанымен, сән әлеміндегі орны ерекше екен. Орташа реңктегі сарғыш түс «дәрумендерге бай реңк» деп сипатталған. Бұл түсті де киімде де, үй интерьерінде де пайдалануға болады. Одан кейінгісі интенсивті тат түсі. Жылы, қарқынды Intense Rust түсі тұрақтылықты білдіреді. Бұл реңк жерді, жылуды, бірқалыпты өмірді сипаттайды. Одан соң түн жарымғы алхоры. Қою күлгін түс ғарыш пен мета-ғалам зерттеулерін білдіреді. Сосын барып байсалды сұр түс. Бұл адамдарды тыныштыққа, тепе-теңдік пен тұрақтылыққа шақыратын түс ретінде сипатталған. Соңғысы Суық матча. Табиғат пен технологиялардың үйлесімін, табиғи биоматериалдар, энергия көздерін білдіретін түс. Cool Matcha жанға тыныштық сыйлайтын реңк ретінде сипатталған.
2024-тің сән үлгісі
ХХ ғасырда сән әлемі қатты дамыды, бірақ бұрынғы сән үлгілері де қайта оралып, трендке айналып жатады. Сондай-ақ бұл кезеңде адамдар сәнді қуып қоймай, үйлесімді және ыңғайлы киімге де бет бұра бастады, соның өзін сәнге айналдыра білді. Танымал дизайнер Аида Қауменованың айтуынша, адам әр жылғы сәнді қуаламау керек. Әр адамның стилі бар, өзіне не жарасымды екенін біледі. Биыл мынау модада, келесі жылы анау модада деп киінуге болмайды. Өйткені әр жылдың тренді болғанымен, адам өзіне не жарасымды екенін жақсы білу керек. Егер сәнді болып көрінгіңіз келсе, жарасымды киіне біліңіз. Биыл әлемдік дизайнерлер қатып қалған қағидаға сүйенбей, адамға жайлылық пен үйлесімділікке ден қойыпты. Ежелгі дәуірден келе жатқан былғары киімдер күні қазірге дейін өзінің бағасын төмендеткен емес. 2024 жылы да былғарыдан тігілген киімдер трендте болады. Әлемдік дизайнерлер ұлу жылы жұмсақ былғарыны белсенді түрде қолданатын болады. Сондай-ақ шашақты киім сәнге айналады. Ал ешқашан сәннен түспеген джинсы матасы бар киімдер де биылғы сәннің төрінде болады. Жаңа сән маусымында трикотаж бен тоқыма киімдер іздеп жүріп сатып алатын киімдер қатарына кіреді. Өйткені әлемдік дизайнерлер бұндай киімдердің модаға айналатынын айтады. Дизайнелердің айтуынша, трикотаж бен былғары үйлесімді тұрады. Қысқасы биыл қыста сәнқой болып көрінгіңіз келсе, былғары киімдер: былғары етік, қолғап, бас киімдеріңіз, жүннен тоқылған киімдеріңіз міндетті түрде болсын.
Қазақстандық дизайнер Айнұр Тұрысбек өз коллекциясын сән әлемі дамыған Франция, Милан, Италия, Монте-Карло және басқа да елдерде көрсетіп келеді. Қай коллекцияда болсын міндетті түрде адамның еркіндігін негізге аламыз дейді ол. Ең бастысы матаға назар аударады, табиғи маталардан жасайды. Сондай-ақ ұзын белдемшемен костюм немесе шалбарлы кең иықты костюм де 2024 жылдың тренді болады. Айтпақшы жалпақ белбеу де келесі жылы сәнге кіреді. Ал жазда ашық түсті сарафан көйлектер сәнге айналады
Дизайнерлер кеңесі
Парижде болған сән апталығында қайта өңделіп тігілген киімдер ұсынылды. Дизайнерлердің айтуынша, мұндай киімдер үлкен сұранысқа ие болады. Үйіңізде көптен бері киілмей тұрған киім болса, тастамаңыз. Құрап, басқа киім тігіп алуыңызға болады. Өйткені, дәл осындай киімдер 2024 жылдың сәніне айналады. Әсіресе джинсыдан құрап тігілген киімдер нағыз тренд болады. Ұлу жылының тағы бір сәнді киімі – жырығы тым үлкен жемпірлер, белдемшелер, кардигандар. Әлемдік дизайнерлер келесі жылы Сафари сән үлгісін кеңінен қолданады. Өйткені бұл сән үлісі аса талғампаздықты білдіреді. Әлемдік дизайнерлер биыл да классикалық киімдерден айналып өтпеген. Өйткені жылдың қай маусымында болсын классика кез келген адамды әдемі етіп көрсетеді. Бірақ әркім өзінің талғамы мен талабын ұмытпау керек, дейді олар. Ең бастысы сапалы матасы бар киімді таңдағаныңыз жөн.
Айнұр ӘЛИ