Басты мақсат – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы ел саясатына кері әсерін тигізетін факторларды жойып, егеменді ел екенімізді әлем елдері арасында сөзбен емес, іспен дәлелдеуіміз қажет. Көлемі жылдан-жылға ұлғайып, қоғаммен бірге өркендеп, етек жайып, тереңнен құлаш жаймауына өз үлесімізді қосуымыз, тосқауыл болуымыз керек.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы заң жобасының қабылданғаннан бері көптеген заңға қайшы іс-әрекеттер анықталып, тамыры тереңдемей тұрған уақытта алдын алу шаралары жүргізілді. Міне, осындай шаралар біздің Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде де үнемі ұйымдастырылып, студенттерге өз құқығы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары туралы түрлі дәрістер уақытылы оқытылып, нағыз патриот маман тәрбиелеу жұмыстарын жоғары деңгейде өткізіп отырады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әрбір азаматтың парызы және әр жеке тұлға белсенді азаматтық ұстанымда болуы қажет. Осы орайда, колледждегі құқықтық бiлiм, сыбайлас жемкорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау үшін кұрылған студенттердің ерiктi бiрлестігі «Саналы ұрпақ» парасатты азамат клубының жетекшісі А.Сартайдың ұйымдастыруымен 9 желтоқсан-Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында арнайы мамандармен кездесу өткізілді.
Клуб мүшелері Қазалы аудандық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Біз әділ ұрпақ-ел болашағы» бейне роликтер сайысына қатысып, жеңімпаз атанды.
Колледжішілік іс-шаралар жоспарына сәйкес «Сыбайлас жемқорлық-қоғамның өзекті мәселесі» тақырыбымен жемқорлықтың пайда болу себептері мен қоғамға келтірілген зиянын түсіндіру арқылы сыбайлас жемқорлыққа теріс көзқарас қалыптастыру мақсатында тәрбие сағаттары ұдайы өткізіледі.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында өткізілген дебат сайысында Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің ұйымдастыруымен жастар арасында Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің «Саналы ұрпақ» клубының мүшелері «Позитив» командасы жүлделі ІІ орынды иеленді.
Сонымен бірге, 9 желтоқсан-Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне орай «Сыбайластықпен күрес-әр адамның міндеті» тақырыбымен І курс студенттерінен анонимді (жасырын) сауалнама алынды.
Студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында колледж кітапханашысы С.Сугурованың ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлықпен күрес-қоғам дерті» тақырыбында кітап көрмесі өткізілді. Қоғамда сыбайлас жемқорлықты жоюға үлес қосу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткізілген көрмеге «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР 2015 жылғы 18 қарашадағы Заңы, баспасөз беттерінде жарияланған материалдар т.б. қойылды. Білім алушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдарын негізге ала отырып, құқықтық мағлұмат берілді.
Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі бойынша білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың бұзылу фактілерін болдырмау мәселелерін уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған іс-шара жоспары бойынша атқарылатын жұмыстар жүйелі жүргізіле береді.
Сыбайлас жемқорлық-қоғамда індетке айналған дерт секілді. Әділдік, шынайылық, адалдық азайып, оңай олжаға кенелушілердің белең алып тұрған уақытында бұл індетпен күресушілер қатары да аз деп айта алмаймыз. Еліміздің әділеттілік орнаған қоғамға айналуын қалаған әрбір жалынды жастың жүрегінде өшпестей оты барда бұл індеттен түбегейлі айығамыз деп сенемін.
Мемлекет басшысы «Болашақ жастардың қолында» деп айтқандай осы ұстаныммен алға қарай ұмтылып, білімді жас маман атанып, тәуелсіз еліміздің бетке ұстар, қиындыққа мойымайтын жас маманы атануда талмай, шаршамай еңбек ететін боламыз!
Ахметов Болатбек Әбиұлы,
Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі директоры