«INNO.FEST» Qyzylorda: Инновациялық жобалар фестиваліне 2500 қатысушы тіркелді
Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен, «Ақпараттық технологиялар орталығы» және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторының ұйымдастыруымен екікүндік «Inno.Fest» Qyzylorda инновациялық жобалар фестивалі бастау алды.
Биыл төртінші рет өткізілген жобалар байқауы «SmartСity», «Контент&Дизайн», «Кино&Видео» бағыттарынан тұрады. Әр бағыт бойынша қатысушылар 24 сағат ішінде инновациялық жобаларды жасап қорғайды.Іс-шараға ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Аманбайұлы Төлеушин өз бейнесәлемдемесін жолдады және облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Бәкіров қатысушыларды фестиваль ашылуымен құттықтады. Осы кезге дейінгі байқау қатысушыларының жетістіктерін атап өтіп, «Inno.Fest» қабілеттерді ашуға мүмкіндік беретін бірегей жоба екенін тілге тиек етті.
Фестивальге ІТ, медиа және киноиндустрия саласында жетістікке жеткен танымал азаматтар спикер ретінде шақырылып, өз бағыттары бойынша жастармен ұжымдық жұмыс жүргізіп, қажетті ақпараттармен бөлісті.
Шара барысында «Ақпараттық технологиялар орталығы» мен «Thousand IT» ЖШС, «Қызылордатранстелеком» филиалы, «ДомаЛайн» ЖШС, «Сапа telecom» ЖШС, арасында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде меморандумдарға қол қойылды.
Жобаның жүлде қоры 3 000 000 теңгені құрайды. Сондай-ақ, әр секциядан үздік шыққан жастарға Astana IT университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Болашақ университеті және Қызылорда Ашық университетінің оқу гранттары, сондай-ақ фестиваль серіктестерінен бағалы сыйлықтар табысталатын болады.
Ертең қатысушылар жобаларын қорғайды. Қазылар алқасы үздік жобаларды анықтап, марапаттайтын болады.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі