Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шектелген шот һәм бұғаулы борышкер

Шектелген шот һәм бұғаулы борышкер

Көп арасында «әлеуметтік жағдайымыз әл үстінде, жалақы түскенше хал үстінде жүреміз» деген әзіл-шыны аралас әңгіме жиі айтылып жүр. Біз де соның кебінін киініп жүргендейміз. Айдың басы не аяғы болса, айлықтан хабар күтетініміз ешкімге жасырын емес. Жұмыс арасында «жалақы қашан түсер екен?» деп банк қосымшасын әлсін-әлсін тексеріп әлек боламыз. Әнеугүні құрбым Сымбат: «Құрғыр айлықты тезірек жіберсе екен, мына шот тағы жабылып қалмаса жарар еді», – деп ауыз жиғанша банк оның картасын бұғаттап үлгерді. Сымбат ызадан жарылғалы тұр. Ашуланғаны сонша, дереу телефонын қолына алып, банкке қоңырау шалды. «Айлық түспестен шотыма шектеу қойғандарыңызға жол болсын. Несиемді уақытылы төлемей жүрсем бір жөн. Дереу шотымды ашыңыздар», – деді ашуға булығып. Өкінішке қарай, Сымбаттың дегені бола қоймады. Себебі банк операторы мұның мүмкін еместігін айтты. Енді қайтпек керек? Құрбыма қазір ақша ауадай қажет. Ай сайынғы несиесінен бөлек, қарыздары көк желкеден қысып тұр. Құрбымның кешіккен жалақыны күтпеске амалы жоқ. Сымбат соны сезінді ме екен, соңында шотының көгендеулі екеніне көндіккендей, жұмысын жалғастыра жөнелді.
Расы керек, қазір қарыз қамытын киінбеген адам кемде-кем. Жоғарыдағы мен куә болған жағдай соның бірі ғана. Айлық уақыты жақындағаннан шотыма шектеу қойылмаса екен деп, аласұратын тек Сымбат емес. Ондайлар қазір арамызда жетіп артылады. Банкке базынасын айтатындар да баршылық. Бірақ олар сенің ойыңды елемейді де. Өйткені банк өздері белгілеген ережемен ғана жұмыс жүргізеді. Олармен сөз таластыру да орынсыз. Дауласып та дауа таппайсың. Өйткені сенің сөзіңді тыңдап жатпайды. Бірден қара тізімдегілердің қатарына қосып, тағдырыңды коллекторлар мен сот орындаушыларға тапсырады. Сосын сазарған сот орындаушылармен күнде сөзге келесің. Қазір бұл жағдай көпшілікке жақсы таныс. «Қарызыңды бүгін қайтармасаң, біттім дей бер» деген сөз кім-кімді де тығырыққа тірейтіні анық. Бірақ мұндай тәсіл қаншалықты тиімді? Бұл бар айлығы бөтендердің қанжығасына байланып, боздап жүрген борышкерлерге жығылған үстіне жұдырық емес пе?!
Статистикаға сүйенсек, елдегі әрбір азаматтың есепшоты орта есеппен жылына 4 рет бұғатталады екен. Бұл дегеніміз, жалпы айтқанда Қазақстанда 20 миллион адам бар болса, 41 миллион рет жеке есеп шотқа шектеу қойылады деген сөз. Осындай көрсеткіштерді көргенде «барлығы соттың шешімімен болып жатыр ма?» деген күдік көкейде қылаң береді. Өйткені кейбір сот орындаушылардың өздері заң өкілдері бола тұра заңды белден басып, түрлі айлаға барып, көп пайдаға кенеліп жүр. Шынын айту керек, қоғамда болып жатқан осындай құбылыстардың бірін білсек, ендігісін елемегендей кейіп танытып жүрміз. Бірақ онсызда жетісіп жүрмеген жұрттың қалтасына түсіп, агрессия танытып жүрген асауларға тұсау болар сәт жеткен сыңайлы.
– Жалақы уақыты жақындағаннан-ақ телефонға тыным жоқ. Тұтқаны көтермей құтылайын десең, тағы болмайды. Мен алмасам, жақындарымның мазасын қашырады. Сондықтан амалсыз сөйлесесің. Қарыз екенімді білемін. Бірақ телефон тұтқасын көтерместен сот орындаушылардың жағаңнан алатыны ызамды келтіреді. Ойына келгенді оттайтындары да бар. Жұмыс қағидаттарын дұрыс білмейтін дөрекілерге кім тосқауыл болады? Бірдеңе сұрасаң, жөнді де жауап бермейді. Осындай олқылықтарын көре тұра, олардың жұмысын қалай орынды деп айтасың, – дейді банкке берешегі бар Аңсаған есімді қазалылық борышкер.
Адамдар коллектормен керілдеспей, келеңсіздіктерді дұрыс шешкісі келмейді емес, келеді-ақ. Бірақ кейде оларды соған мәжбүр ететіндей көрінеді. Бұл бәріне сот орындаушылар кінәлі деген сөз емес, әрине. Оларды айыптаудан аулақпыз. Бұл жерде біз білмейтін, халық ескере бермейтін жайттар да жетерлік. «Qazaqstan» ұлттық арнасында көрсетілетін «Ашық алаң» саяси ток шоуында құқық қорғаушы Әлімжан Жұбатқанов: «Қарызды қайтар деп сұраған сот орындаушыны бас сала кінәлау орынсыз» деп пікір білдірген еді. Оның айтуынша, сот орындаушыға дейінгі процессте борышкер алдын ала хабарландырылмайтын көрінеді. Егер атқару парағы шығып, сот орындаушы шотыңызды бұғаттаса, нотариусқа, сотқа қарсылық жазуға болады, – дейді ол.
Иә, борышкерлердің байбалам салатындығының себебін көбіміз түсіне бермеуіміз мүмкін. Берешек өзі, онда несіне шу шығарады деп жататынымыз рас. Тіпті сот орындаушы мен борышкер арасында да түсініспеушіліктер туындап жататыны да жасырын емес. Бірақ мұның бәрі борышкерге жөнді ақпарат жетпегендіктен болып жатыр. Сондай-ақ сот орындаушысының жұмыс қағидаттарын толық білмеудің салдары да осындай келеңсіздіктердің туындауына себеп болып отырған жайы бар. Нотариус, коллекторлық агенттік, жеке сот орындаушы үштігіне жатырқай қарап, қарыз үстіне қарыз жамап, жанталасатынымыз осыдан болса керек. Біз қанша қырын қарасақ та, бұл олардың функционалдық міндеті. Тіпті олардан қашып та құтыла алмайсың. Өйткені олардың қарасы күн санап көбейіп жатыр. Әділет министрлігінің деректеріне сүйенсек, қазір елімізде 260 мемлекеттік сот орындаушы болса, ал жеке сот орындаушының саны – 2169-ға жеткен. Ал қолдағы барына бұғаулық салынып, шектеумен шідерленгендер шаш етектен. Нақтыласақ, соңғы деректер бойынша шектеу қойылған нотариалдық істері – 4 371 212, тыйым салынған тіркеу істері – 73 307, ел шекарасынан шығуға шектеу қойылғандар саны – 901 779, дүние-мүлкіне шектеу қойылғандар – 646 107, шектеу қойылған жеке шоттар бойынша – 33 148 220.
Мына көрсеткіштерге қарағанда, халықтың бұл шектеулердің шырмауынан шығуы әзір мүмкін еместей сияқтанады. Неге дейсіз ғой? Өйткені шектеулердің көбеюіне кей жағдайларда сот орындаушылардың салғырттығы да себеп болатын көрінеді. Заманбек есімді кент тұрғыны сот орындаушысының кесірінен кедергіге тап болғандығын айтып берді.
– Қызылорда қаласынан Ақтауға жолға шықпақшы болдым. Билет алынып қойылған. Әуежайға келіп, билетімді өткізсем, маған ұшуға рұқсат жоқ дейді. Осы іссапарды жоспарламай тұрып, барлық қарыздарымды жапқан болатынмын. Сот орындаушым барлық шектеулер алынды, алаңсыз жолға шыға беріңіз деген соң, ештеңеге уайымдамай жүрген едім. Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Егер сот орындаушы өзінің жұмысын тиянақты орындаған болса, бұрынғы шектеулер алдымнан шығып, ұшуыма тосқауыл болмас еді, – дейді сот орындаушыға сеніп, сандалып қалған Заманбек.
Қарызың болса, жолға шығудан да қалыс қаласың. Тіпті ештеңеге зауқың соқпай қамығасың. Бірақ қанша қапалансаң да, басыңда қарыздың қамыты тұрғанда қамсыз отырмайтының анық. Әйтеуір жолын қарастырасың. Сондағы қарекетің деректер базасында жазылған «борышкер» деген бұғаудан басыңды босату. Иә, дәл осылай әрекет қылып, қарыздан құтылуды ойлағандар көп. Тіпті сенің жұмысыңды жеңілдетіп, бұғаттан босатып беремін дейтіндер де көбейді. Бұл біз білетін желідегі «арест шешемін» деушілер. Оған да жүгінетіндер жоқ емес. Бірақ олардың да бас пайдаға жұмыс жасайтынын ұмытпауымыз керек. Дейміз ғой, бірақ біз жоғарыдағы үштік одақ ақшамызды түгін қалдырмай, түбіне дейін қыршып алып кеткенше, тым құрығанда жалақымның жұғыны қолымызға тисін деп ойлаймыз. Содан да болар соларды жағалауды жиілеттік. Бірақ оларға түбегейлі сенуге болмайды. Сізді кез келген уақытта шаң қаптырып кетуі ғажап емес. Өйткені олардың заңды жұмыс жасап жатқандығына кепілдік жоқ. Сондықтан аяғымызды алшаңдап басып, абай болғанымыз абзал.
Шүберек жанын шеті мен шегі жоқ шектеуден шүбәсіз арылтқысы келетін адамдар көп-ақ. Бірақ олар қарыздан құтылудың амалы қайсы екенін білмей дал. Демократиялық қоғамда түпсіз тыйымдар мен тосқауылдар өмірімізді қиындатпауы тиіс. Бірақ қалай? Ол үшін борышкерлер мойнындағы бұғалықтан босанып, шоттағы шектеулер шешілген болуы керек. Бұл әрине бір күндік шаруа емес. Дегенмен үкімет банктен көресіні көрген көпшіліктің осы жанайқайын естіп, борышкерлердің құқығын қорғауға жағдай жасайды деген үміт те жоқ емес.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ



09 желтоқсан 2023 ж. 225 0

Кемел келешек тіледі

06 қазан 2024 ж. 60

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031