Облыс сотының 85 жылдығы аталып өтті
Жақында Қызылорда облыстық сотының 85 жылдығына орай Н.Бекежанов атындағы драма театрда салтанатты шара өтті.
Шараға Қызылорда облыстық сотының төрағасы Ә.Шығамбаев, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкадағы судьясы, Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының орталық аппаратының мүшесі В.Борисов, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкадағы судьясы С.Баймаханов, Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев, Қызылорда облыстық сотының бұрынғы төрағалары мен судьялары, Қызылорда соттарының отставкадағы судьялары мен ардагерлері, мерейтойға арнайы келген облыстық соттардың төрағалары, БАҚ өкілдері, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары, судьялар мен сот әкімшілерінің басшылары, сот мамандары қатысты.
Салтанатты шарада облыс әкімі Н.Нәлібаев сөз сөйлеп, сот жүйесі – мемлекеттік биліктің маңызды тармағы екенін, Қызылорда облыстық соты өзінің тарихында талай тағдырлы істерге төрелік етіп, Сыр өңірінде құқықтық жүйенің қалыптасуына зор үлес қосқанын айта келіп, облыстық сот ұжымын мерейтоймен құттықтады. Облыс әкімі сот жүйесінің құрметті ардагерлеріне Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыстады.
Облыстық сот төрағасы Ә.Шығамбаев өзінің құттықтау сөзінде Қызылорда облыстық сотының құрылу тарихына тоқталып, облыстық соттың қалыптасуына, Сыр жерінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына өлшеусіз үлес қосқан аға-апаларымыздың ерекше еңбегін атап өтті.
Мерейтойлық шарада сот төрағасы Ә.Шығамбаев сот жүйесінің құрметті ардагері, Қызылорда облыстық сотының отставкадағы судьясы Аманкелді Әнуарбековке «Құрметті судья» атағын табыстады.
Сонымен бірге, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен Қызылорда облыстық сотының оставкадағы судьялары М.Имандосов және Ғ.Шыңғысова, І дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен Қызылорда облыстық сотының судьясы Б.Қалымбет, ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен Қызылорда облыстық сотының судьясы Ш.Маликова марапатталды.
Облыстық сот төрағасы мерейтойлық шараға арнайы келген республикалық «Заң» газетінің бас редакторы А.Сембаеваға және «ZAN» журналының редакторы Т.Имашеваға сот жүйесіндегі жаңашылдықтарды халық назарына жеткізіп, ақпараттық-насихат жұмыстарын белсенді түрде жүргізуге қосқан үлесі үшін Алғыс хаттар табыстады.
Мерейтойлық шарада Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының Орталық Кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкадағы судьясы Владимир Михайлович Борисов сөз алып, сексен бес жылдық тарихы бар облыстық сот тарихында білімі мен өмірлік тәжірибесі мол, адамгершілік, әділдік, ізгілік қасиеттерін биік қойған бірқатар заңгер-қайраткер ағаларымыз төрағалық және судьялық қызметтерді атқарып, сот жүйесін жаңа деңгейге көтере білгендігін айтып, марапаттау сатысына көшті.
ҚР Судьялар Одағының «Жеті жарғы» төсбелгісін отставкадағы судьялар Н.Бесбаеваға, Б.Қиязовқа, облыстық соттың судьясы С.Жуынтаеваға, К. Қаниеваға, Н.Өміртайұлына және Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы С. Жаппасбаевқа табыстады.
Мерейтойлық шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі
фото Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі