Билет сату бизнесі: жабайы сауда қызып тұр
Жаз басталса билет тапшы болады деуші еді. Қазіргі күні күз өтіп, қыс келсе де билет дегенің қасқалдақтың қанындай тапшы. Тек аңдысып отырасың. Бір қолда смартфон, барлық тірлігіңді ысырып екі көзің орын броньдауда. Әсіресе пойыз келуіне бірер минуттар қалғанда әлгі сатылып кеткен орындар босай бастайды. Бір емес, бірнеше рет сыртқа шығып жүрген соң ба, билет алуда «қасқыр» болады екенсің. Бір апта, тіпті бір ай бұрын қамдансаң да күйттегенің сол. Дұрысы билет болатын уақытты біліп алуың керек. Солай түн батса болды, әлгі сайттардан билет іздеп бастаймыз. Түн ауа орындар босай бастады. Бірден емес, әрі кетсе әр вагоннан бір орын. Орын алып үлгермей қалсаң, аңдысып отырған біреуі келіп жұлып әкетеді. Солай не керек, емге деп аттанған екеу билет таппай бір астыңғы орыннан алып мәзбіз. Әлгіндегідей күні-түні қарап отырып қақпанға түсіргеніміз сол еді. «Астынан бір орын бар, шүкір, ендігі сені келісіп мінгізерміз» деді әпкем. Үйдің кішісі болсаң сол ғой, көнесің. Темір жол вокзалына келдік. Құлаққа түрпідей естілетін хабарлаудан соң шойын жолға қарай беттедік. Түсінбейміз әлгіні, не айтты, не қойды. Екінші рет хабарлаған соң ғана келе жатқан біз мінетін пойыз екенін аңғардық. Вагонға жақындап ек, орта жастағы жолсерік билет сұрады. Амал жоқ, бір орнымыз бар екенін айтып, «сыйысып барамыз» деп қоямыз жаңағы. Ал ол болса түрімізге бір қарады да басын изеді, бірақ билет бағасының құнынан көп баға сұрады. Жан қиналғанда тек жетуді ғана көздейсің ғой. Сәл саудаласқан соң көндіккендей күй кешіп орынға жайғастық. Енді мына қызықты қараңыз. Билет жоқ. Кассада да жоқ. Таппадық. Ал пойыз ішінде сол сатылып кеткен орындар бос. Адамы жоқ. Жолсеріктен «билет таппап едік, мына адамдардың бәрі қайда?» дегенім сол еді «келмей қалған шығар» деп қысқа қайырды. Бұрынғы вагоннан-вагонға, орыннан-орынға секіріп жүрген «зайчиктердің» жағдайы қазір жақсы ма дедім. Солай Ақтөбеге дейін төменгі орында аяқта созып бардық. Бірақ бір ой маза бермеді. Астарын іздеуге көп уақыт та кеткен жоқ. Бұл үйреншікті құбылысқа айналған тіршіліктің көзі қайда жатқанын саралап, сараптап көрдік.
Билет жоқ, орын бос. Адамдар қайда?
Қазір пойызға еркін мініп, діттеген жерге жету мұң болып тұр. Оны асыққанда асығы алшасынан түсе қоймайтындар жақсы түсінеді. Онлайн билет сатып алу дамығандықтың белгісі десек те, кейде халықты тығырыққа тіреп қоятын сәттері болады. Автоматты жүйе болғандықтан, билет бағасы тұрақсыз, кейде тым қымбаттайтыны бар. Арнайы ашылған база жалпыға ортақ, сондықтан оған жеке тұлғалар да, компаниялар да кіріп сатып алуына мүмкіндігі бар. Жеке тұлғалар демекші, делдал дегенді естіген боларсыз. Алып сатарлықпен айналысатын олар билет сатуды да кәсіпке айналдырып алған. Алайда билеттің бәрін бір жекеменшік компания немесе бір делдад жаппай сатып алуы мүмкін емес. Себебі әр билет әр адамның атына жеке куәлігі арқылы ғана рәсімделеді. Не істейді? Билет саудасын заңсыз бизнес көзіне айналдырғандар әуелі заңды түрде күні бұрын арзан бағаға бүкіл туысқан, тамыр-танысының атына 30 шақты билет рәсімдеп алады. Тіпті бұл саннан көп болуы да мүмкін. Неғұрлым уақыт жақындаған сайын билеттің бағасы да шарықтай береді. Аяқ асты жол жүруге шыққан адам жеке кассаларды маңайлап билет іздей бастайды. Билет кассирі оның «меншігіндегі» баяғы 30 шақты билеттің біріне «кері қайтару» жасайды да оны қайта сіздің атыңызға рәсімдеп береді. Мұқтаж болған жолаушыға ол баға қолбайлау болмайды.
Қазалы ауданының Темір жол вокзалына келдік. Кассаға келіп, қарапайым тұтынушы болып билет сұрадық. Мұнда отыратын адам қысқарған ба, әлде еңбек демалысына кеткен ба, тек белгілі бір уақытпен ғана келеді екен. Жиналған адам қарасы жетерлік. Кезекке тұрып күттік. Барар күн мен керек уақытты айтқанымызбен билет жоқ екенін жеткізді. Әдеттегідей әр вагондағы шашыраған орындар. Сайтта мүлдем билет жоқ екенін айтып едік, пойыз жүрер уақытта, түнгі уақытта билеттер шығатынын ғана жеткізді. Ендігі әлеуметтік желілерден билет сатып алып беретіндерді іздестірдік. Вокзал маңында делдал болып, міңгізіп жіберетіндер бөлек әңгіме.
«Барлық бағытқа билет бар»
OLX-те дәл осындай айқайлаған жарнама толып жүр. Бір сайттың өзінде 100-ге жуық хабарландыру ілінген. «Тауып беремін, алып беремін» дейді әлгілер. Тегін емес, әрине. Байланыс нөмірін алып, хабарластық. «Орал қаласына билет керек, тауып бересіз бе?» деп жазған соң, бір минут өтпестен жауап келді. «Қай уақытқа керек? Қашанға?» деді ол. Мән-жайды айттық, расымен баратын адам ұқсап. «Сәл күте тұрыңыз, қандай пойыздар бар екенін көрейін» деді де бірер минуттан соң Оралға баратын пойыздарды жіпке тізгендей айтып берді. Барлығында да орын бар. «Неше билет?» деп еді, қулыққа басып «5 билет қажет, астыңғы орыннан 3-еу болса» дедім. Тағы да «күте тұрыңыз» деді. Сұраған билеттің бар екенін жеткізіп, броньдауға жеке куәліктерді сұрай бастады. Әлгіндегідей алдын ала алып алған орындардың біреуін босатса керек, сол орынға тіркемекші болып жағамнан ала бастады. «Тездетіңізге» салып жатыр. «Біз әлі келіскен жоқпыз ғой, бағасы қанша?» деп едім. «Әр билетке 2 мың теңгеден қосып бересіз» деді. Төлем шотын жіберіп, кәдімгідей бар бағытын маған бұрды әлгің. Мен де саудаластым. Қымбат екенін, бұл бағаны жарнамада жазбағанын жеткіздім. «Негізі қала қашықтығына байланысты аламыз бағаны. Астана, Алматы бағытына – 3000-4000 теңге. Тараз, Шымкентке қарай 2000-2500 теңге. Орал, Ақтөбеге қарай да сол, бағаны көп қоймаймыз. Жарайды, енді сіз көп билет алатын болған соң сізге 1500 теңгеге түсіріп берейін» дейді. «Арнайы сайттарда жоқ қой бұл билеттер, сонда заңсыз әрекет па бұл? Қаншалықты сенімді?» деген сауалым жауапсыз қалды. Тек «Аласыз ба, жоқ па?» деп дікеңдеген хабарламалар келе бастады. Кейде бұлардың да клиенттері болмай, пойыз жүруге жақындағанда алған билеттерін өткізіп жібереді екен ғой. Сол кезде бос орындардың куәсі боламыз. Бұл жолсеріктер мен оффлайн делдалдардың қалтасын томпайтуда.
Алаяқтар да «кассир»
Соңғы уақытта Қазақстандағы кино индустриясы қарқынды дамып келеді. Ел-жұрт алаяқтың құрбаны болмасын деп түрлі кино, сериалдар да түсіруде. Соның ішіндегі көпшілікке ұнаған «Мошенники» сериалы. 12 бөлімнен тұрса да біраз дүниені түсінуге, түйсінуге болады. Сериал қазақ тілінде түсірілмеді демесең, былай айтар ойы бар дүние. Онда алаяқтардың халықты қалай алдап, не шықса сол арқылы арам ойын жүзеге асыруға талпынады. Тіпті ізін суытып, ұстатпайды да. Жеңіл ақшаға, оңай олжаға алданғандар сан соғып, ендігі өмірімен жан бағуда. Бұл іс қанша көтерілгенмен тоқтамайды. Алаяқ дегенің, басталған әр істе жүреді. Әр уақытта, әр күнде халықты алдаудың түрлі жолын іздейді. Мәселен, билет сатуды бизнеске айналдырғандардың көлеңкесінде жүрген алаяқтар «билет алып береміз» деп ақшасын сыпырып жоқ болып кетеді. Ондайлардың қармағына ілінген келіншекпен байланысқан болатынбыз. Алыс емес, өз ауылымызда жүрген жан шұғыл ота жасауға Алматыға кетпек болады. Астыңғы орыннан билет таппай жүргенде тауып беретіндердің жарнамасына көзі түседі.
– Алматыға шұғыл кетуім керек болды. Ота жасатуым қажет еді. Кассадан да, сайттардан да билет таппадым. Солай бір кісі Олх-те үстіне ақшасын қосып билет алып беретіндер бар деді. Солай іздеп едім, әлгі жігіттің жарнамасын көрдім. Қызмет көрсету құны – 1000 теңге деген екен. Арзан болған соң соған жүгіндім. Байланысып едім, тез-ақ тауып беретінін жеткізді. Қуанғаннан, амал жоқтығынан, билет таппай қысылғаннан көзім ештеңені көрмеді. Купеде ғана орын барын айтты. Ақтөбе-Алматы бағытындағы пойыз еді. Бағасы 12 855 теңге, біздің қызметімізбен 15 мың теңгені осы нөмірдегі шотқа салыңыз деді. Астыңғы орын барына қуанып әлгі нөмірге сұраған ақшаны салып жібердім. Одан кейін жауап ала алмадым. Мені қара тізімге қосыпты. Ол жігіттің қай жақтан, кім екенін де білмеймін. Бұл өзіме үлкен сабақ болды, – дейді Айгүл.
Әрекеттің берекеті қашан?
Билет тапшылығын жою мақсатында 2019 жылдың шілде айынан бастап ҚТЖ-да «Күту парағы» қызметі енгізілген. Жолаушы билетті сатып алар кезде бос орындар болмаған жағдайда пойыз жөнелтілгенге дейін 7 күн бұрын «Күту парағына» кезекке тұра алады. Бос орындар пайда болған кезде жолаушы өзінің жеке кабинетінде, сондай-ақ орындарды сатып алу қажеттілігі туралы смс хабарламаны алады. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 69 мың жолаушы bilet.railways.kz сайтындағы «Күту парағы» сервисі арқасында теміржол билеттерін сатып алған екен. Бұл қызмет жолаушыға еркін сатылымда билет болмаған кезде пойыз жөнелтілгенге дейін 7 күннен ерте емес және 2 сағаттан кешіктірмей кезекке тұруға мүмкіндік береді. Қызмет bilet.railways.kz сайтында жұмыс істейді, сондай-ақ оны тегін негізде билет кассасында пайдалануға болады.
Бүгінде электронды билетке сұраныс жоғары болған соң, вокзалдағы кассалар да біршама қысқарған. Халықтың 60-70 пайызы электронды билет алуды жөн көреді. Алайда «Күту парағымен» билет тапшылығы түбегейлі шешілмейтіні анық.
Озық елдердің тәжірибесінде көлеңкелі экономиканы қысқартудың жолы – цифрландыру, яғни жасанды интеллект қызметіне басымдық береді. Мамандар жолаушылар тасымалы саласында ашықтық пен жариялықты жетілдіру мақсатында электронды билет жүйесін дамытып, онлайн-сатылымдардың үлесі 70 пайыздан асқанын айтады. Bilet.railways.kz сайты мен «ҚТЖ билеттері» мобильді қосымшасы арқылы алуға болады. Мұнда билетті қайта сатумен байланысты заңсыз әрекетті орындау мүмкін емес. Алайда бұл сайтқа кіріп, билет алудаға көбі ерінеді. Неге?
«Дамыған елміз» дейді. Бірақ...
Әлгінде айтқан арнайы сайт базасы кейбір адамға қолдануға қиын. Иә, смартфонды игерген, тілін таба білетін жастар кіріп, шемішкедей шаға алар. Бірақ жаппай жұрттың қолдануына қолайсыз болған соң көбі бұл базаны қолдана бермейді. Толтыратын, тіркелетін дүниесін көріп тағы қашады. Билет таңдауда да түсініксіз батырмалар көзге түрпідей тиеді. Сол үшін көпшілік пайдалануға ыңғайлы, оңай базаларды ғана көреді. Мамандар айтқандай онлайн билет сатылымы 70 пайыздан асқан. Бірақ нәтижесі қане? Иә, бұрынғыдай вокзал жағалап, кезекте тұрып алушылар азайған. Алайда қазір жұрт қайта кассаға барып әбігерге түсіп жүр емес пе? Тіпті онлайн билет алу мұң, жырға айналғанын бәрі біледі. Неге олқылықты түзеп, онлайн сатып алу базасын бір жүйеге келтірмеске? Егер қалың жұртқа қолайлы болса, бәріміз де сол жерден жылдам билет ала алар едік. Ескі сайттың стандарты көпшілікке қолжетімді, ыңғайлы болғанда ғана дәл осы сайттан билет алуды тиімді санар еді. Мейлі цифрландырылды. Онлайн билет сатып алуға мүмкіндік барына қуанамыз. Бірақ мүмкіндікті де жанталасып жүріп қолданамыз емес пе? Несие аларда «камераға қараңыз» деген оператор тек сол тұлғаның бейнесімен ғана кіруге рұқсат етеді ғой. Билет аларда да дәл осы, қарапайым ғана нұсқаны еңгізсе әлгіндегідей 30-40 туысының атынан рәсімдейтін пысықайларды құрықтауға болар еді. Біз дамыған ел емеспіз, дамушы елміз. Бұл алдағы уақыттың еншісінде қалатын белгісіз ой ғана.
Билет алу былай тұрсын, пойыздардың жай-күйі де оңып тұрған жоқ. Тальгоға мінгенде құдды бір капсуланың ішіне енгендей боласың. Сөз жоқ әдемі. Вайфайы бар. Желі ұстамаған сәтте арнайы базаға тіркеліп кино көре аласың. Алайда бұл да сол, жұрт қызықпайтын айналдырған 10-15 кино. Балаларға «Аю мен Маша» қосыпты. Кірсең бір бөлім ғана. Екінші бөлімін қалай қарауды да білмейсің. Қолайсыз. Ол мейлі ғой, әуен тыңдап кітап оқысаң да жақсы. Тамақтанарда ше? Ескі пойыздағыдай үстелі жоқ. Сөйтсек, астыңғы орынды көтересің, сол кезде орындық болады. Одан соң темірін қоясын. Үстіне арнайы ағашын кигізесің. Қысқасы, жолсеріктің өзі «былай-ақ тамақтана бересіз-ау» дегенінен не күлерімізді, не жыларымызды білмедік.
Түйін. Бізге керегі даттау емес. Жүйелі жұмыстың реңін көрсек дейміз. Біз жақтамаймыз да, өйткені осы олқылықты көріп отқан жандар жетерлік. Тек жақыны қазалы болған, шұғыл отаға асыққан, сабағына баруға билет таппаған жандарды көріп жаның ашиды. Олар қоян болып алыс мекендерге секіруге де, бел жазбай қақиып автобустарға мінуге де, шұрық жерлі қала араларын қаптаған таксидің ескі көлігімен баруға да даяр. Неге? Ол сауалдың жауабын өз ойыңыз берсін...
Айнұр ӘЛИ