Трейдинг тіршілігіңді түзей ме?
Қазір не көп, көз сүрінетін жарнама көп. Әлеуметтік желіні аша қалсаң болды, табыс табудың көзін көрсететіндей-ақ. Қаржыдан қысылғанда сондай жарнамалардың шыға келетінін айтсаңшы. Қазбалайсың, әлгінде көрсетілген нөмірге жалма-жан жазасың. Нәтижесінде міндетті түрде қаржы салуың қажет. Онсыз бола ма? Аспаннан ақша жаумайтынын ескерсек, тегін дүние жерде жатпайтынын да бір ойлап қойған жөн.
Бірде сондай жарнамаға көзім түсті. Қызығы сол, өзгелер секілді емес. Мүлдем басқаша жұмыс түрін ұсынды. Алғаш рет көріп тұрған соң болар, қара экрандағы түрлі түсті сызықшалар, кестелер көзді айналдырады екен. Үйреніп алсаң болды. Қаржы саласың, сатып аласың, өзгеге сатасың. Қысқасы, бірде құлайсың, саудадан ұтылып жатсаң тіпті «жылайсың». Ал бірде айың оңынан туып, табыстың көзін ашасың. Бірақ тапқан ақшаңды шашпайсың, тағы да саудаға саласың. Бастысы құмарына түспесең болды. Құдды «азарт» секілді. Баспен ойланып, ақылмен шешу осы трейдингтің басты ұстанымы. Қош. Әлеуметтік желіде интернет-трейдинг туралы жарнамаларды кездестірмеген адам жоқ шығар, сірә?! Жарнама сілтемесін түртіп жіберсеңіз, онда қысқа уақыт ішінде байып, бүкіл әлем мемлекеттерін шарлап шыққан жастардың қызықты хикаяларына кезігесіз. Біреулер мұндай жазбаларға мән бермесе, басқалары бел буып жасап көреді. Сонымен интернет-трейдинг деген не? Расымен ақша табуға бола ма?
Трейдинг – интернет арқылы инвесторлардың құнды қағаздар мен валюта арқылы мәміле жасау мүмкіндігіне ие болуы. Ең алғаш интернет-трейдинг ұғымын 1971 жылы Nasdaq америкалық биржа қолданған екен. Бұл уақытқа дейін биржалық саудада транзакциялардың барлығы брокер мен сатып алушы арқылы тікелей немесе телефон арқылы жүргізілген. Ал қазіргі таңда брокерлік ұйымдардың барлығы дерлік мәміле жасау үшін осы интернет-трейдинг жүйесін қолданады.
Автоматтандырылған сауда нарығының дамуы клиенттермен жұмыс жасау үрдісін айтарлықтай жеңілдетті. Осыған байланысты жаңа дискаунт-брокер деп аталатын мекемелер мен интернет-трейдер мамандығы пайда болды.
Тәжірибелі трейдерлер қазіргі таңда бұл саланы негізгі кіріс көзі еткен. Десе де қазіргі таңда байлыққа аз уақытта қол жеткізгісі келетін қарапайым халықты алдағысы келетіндердің де саны артқаны жасырын емес.Мәселен, Инстаграмм әлеуметтік желісінде «тез байып кетудің жолын айтып беремін, тек менің тобыма қосылсаң болғаны» деген жарнама-жазбалардың қарасы көп. Жасыратыны жоқ, күдікпен қараған адамнан гөрі, қаржыдан қысылған, ақшаны оңай жолмен табуды көздейтіндер мұндай жазбаларды оқып, әлеуметтік желідегі топқа тіркеліп жатады. Ал сайып келгенде интернеттегі «оқытушылардың» дәрісін алып, трейдер атанып, табысқа жету мүмкін бе?
Қазір интернет-трейдингпен айналысатын қазақстандықтардың саны көбеюде. Бұл отандастарымыздың жаңа салаға деген бетбұрысын көрсетеді. Алайда қаржы маманы интернет-трейдинг арқылы кез келген адам бірден ақша тауып кете алмайтынын алға тартады.
«Интернет-трейдинг қаржы көзі бола алады. Дегенмен көп жағдайда бұл кәсіппен айналысу адамның қабілеті мен мінезіне тікелей байланысты. Мәселен, егер адам эмоцияға берілгіш, қызба мінезді және ойынқұмар болса, бірінші кезекте өзінің мінезін түзетуі қажет. Себебі интернет-трейдинг дегеніміз қатаң тәртіп, белгілі бір ережелерді сақтау, өз капиталыңызды бақылау, тәуекелдерді бағдарлау. Сондықтан бұл салада құмарлыққа салынып немесе эмоцияға беріліп, сауда жасауға мүлдем болмайды. Бұған қоса сізде бір қалыпқа келтірілген сауда жүйесі болған жөн. Интернет-трейдингте сіздің жолыңыз бір рет болуы мүмкін, екінші рет болуы мүмкін, бірақ одан кейін сіздің айыңыз оңынан туатынына ешкім кепілдік бермейді», – дейді қаржы сарапшылары.
Қазір саны бар, сапасы жоқ әлеуметтік желідегі «жетістікке жеткен трейдерлер» көп. Олардың жолы болып, расымен қысқа уақытта байлыққа кенелуі мүмкін. Дегенмен бұл олардың алдағы уақытта да жетістікке жетеді дегенін білдірмейді. Бұл – құбылмалы сауда немесе уақытша жеңіс. Әлеуметтік желідегі жарнамаларда көбіне қысқа мерзімді трейдерлер шығып жатады. Олар бір рет шартты түрде, миллион теңге тапты делік. Дегенмен келесі жолы бұл жағдай қайталанбауы мүмкін. Содан кейін мұндай жарнамаға шығатындардың мақсаты көбіне белгілі бір бағдарламаны немесе ұйымды таныту. Ал олардың әдіс-тәсілдерін үйрену арқылы табысты трейдер болуға болады дегенге сену қиын. Егер трейдингке көңіл бөліп, трейдер болуды ойластырып жүрсеңіз, сенімді ұйымдардың курстарына қатысқан әлдеқайда тиімдірек. Ал жылт еткен көздің жауын алар жарнамаға «жаныңызды» бермеңіз. Батпан құйрық жерде жатпайды.
Айнұр ӘЛИ