Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалдықсыз қоғам – қауіпсіз ғалам

Қалдықсыз қоғам – қауіпсіз ғалам

Бүгінде күллі адамзат үшін күрделі экологиялық мәселенің бірі – қалдықтардың жайы. Бұл ғаламдық проблеманың тереңіне үңілген сайын үрки түсесің. Себебі, планетамыздағы әрбір адам жылына 300 келіге жуық тұрмыстық қалдық шығарады. Статистика осылай сарнап тұр. Егер жоғарыдағы санды әлемдегі 7 миллиард адамға көбейтсек, одан шығатын қорытынды кім-кімді де таңқалдырмай қоймайды. Бірақ мені бәрінен бұрын бір ғана нәрсе таңқалдырады. Табиғат-Ана осыншама күл-қоқысты, оның iшiнде өндiрiстiк, техногендiк қалдықтарды төңірегіне қалай сыйдырып тұр екен?!
Иә, табиғат ананың кеңдігіне таңданбасқа болмайды. Адамзат тыңнан жаңалық ашып, түрлі дүниелерді ойлап тапқанымен, табиғаттың талғамына бағынғысы келмейді. Егер күндердiң бiр күні Табиғат-Анаға тiл бiтер болса, өзiнiң төсін тiлгiлеген төл баласына өкпе-назын бiлдiрер ме едi, кiм бiлсiн?! Бәрінің де сұрауы боларын ұмытып кеткен сыңайлымыз. Өзімізге өзіміз қастық қылып жатқанымыздан бейхабармыз. Неге дейсіз бе? Дәл осы қарқынмен жалғастыра берер болсақ, 2050 жылға қарай әлемдегі тұрмыстық қалдықтың көлемі 3,4 миллард тоннаға дейін жету қаупі бар. Әлемдік ғалымдар осылайша дабыл қағуда. Ғалымдардың дүрлігуінің астарында мына мәселе жатыр. Төңірегіміз технологиямен түрленіп жатыр дегенімізбен, бұл Жер планетасының үлкен қоқыс полигонына айналуына апарады. Бұған әрине өзіміз жол беріп отырмыз. Себебі әлі күнге дейін дамушы елдердің бірқатарында қалдықты бөліп жинау мәдениеті әлі де жолға қойылмай келеді. Бір өкініштісі, бұл тізімде біздің Қазақстан да бар.

Қоқыс құрсауындағы Қазақстан
Қоқыс жайы біздің ел үшін де қордағаланған мәселелердің бірі саналады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінге дейін елімізде жиналған қоқыстың мөлшері 160 миллион тоннадан асқан. Бұл көрсеткіш жыл сайын 6 миллион тоннаға дейін ұлғайып отырады. Ал оның тек 15 процентке жуығы ғана қайта өңдеуден өтетін көрінеді. Бұдан нені аңғаруға болады? Біз қалдықты игеру мәселесінде әлі де кешеуілдеп келеміз. Әрине, менеджменттік трансформация бірден орын алмайды. Дегенмен бүкіл әлем өзгеріске қадам басып жатқанда, «жасыл экономиканы» дамытудың жаңа тетіктерін ойластырған жөн секілді. Осыған дейін Қазақстан 2030 жылы қалдық өңдеу көрсеткіші бойынша 40%-ке жетуге тиіс деп айтылып жүрді. Бірақ бұл көрсеткішке жету әзірше мүмкін болмай тұрған сыңайлы.
Дүниежүзілік банктің жүргізген зерттеуіне зер салсақ, әлемде орташа есеппен тәулігіне жан басына шаққанда 0,74 килограмм қоқыс тасталатыны айтылған. Ал бұл тізімде біздің ел орта деңгейде. Елімізде әрбір адам күніне 670 грамм қалдық шығарады. Бірақ оны өңдеу мәселесінде кемшін тұс баршылық.
Иә, қалдық мәселесі жұртшылықтың ғана емес, экологтардың бас қатырар мәселесі. Тіпті бұл түйткілді олар жиі айтып та жүр. Дегенмен әлі де оң шешімін табар емес. Экологтар жұртшылықтың өндірістік және тұтыну қалдықтарын қалдық тасталатын арнайы орындарға емес, кез-келген жерге тастайтынына наразылық білдіргенімен заңсыз полигондар саны артып келеді.
Сандық мәліметтерге сүйенсек, елімізде тұрмыстық қалдық тасталатын 3 520 полигон бар. Әйтсе де заңсыз қоқыс алаңдарының саны азаймай тұр. Қолдағы дерекке сенсек, жоғарыдағы көрсетілген полигондардың тек 18 проценті ғана тиісті талапты сақтайды делінген. Ал өндірістік және тұтыну қалдықтары тасталатын орын саны 17 934-ке жеткен. Бірақ аталған полигондардың дені санитарлық талаптар мен экологиялық стандарттарға сәйкес келмейді. Ал мұндай орындарға төгілген қалдықтардың адам денсаулығына зиян келтірері сөзсіз. Себебі ондағы қоқыстардың химиялық әсері бар.
– Расын айту керек, бүгінде қатты тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқысты арнайы алаңдарға төгіп жүрміз. Бірақ оның жерге сіңбей, ауаға зиянды газдар бөліп шығаратынына мән бермейміз. Меніңше, қалдықтарды арнайы орындарға төгу керек деп бос ұрандатпай, күл-қоқысты айналаға зиян келтірмейтіндей жоюдың әдісін табатын уақыт жеткен секілді. Еліміздің ғалымдары тыңнан түрен салатын әдіс таппай-ақ, дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсе, қоқыс пен қалдықтан әлдеқашан құтылуға болар еді, – дейді Арғынбек есімді азамат.

Қалдықсыз қоғам қалай құрылады?
Басынан дұрыс жиналмаған қоқыс қайта өңделетін шикізат ретіндегі құндылығын жояды. Иә, мұны бәрі біледі. Біздің қазекеңнің бәрін біліп тұрса да, бірақ білгенімен амал етпейтіндігі бар. Бойымыздағы осал тұсымыз да осы болса керек. Әйтпесе, жұрт жасап жатқанды жасай алатын қабілет бізде де бар ғой. Тек соны қажетімізге жаратпайтынымыз жаман. Иә, бұл біздің кемшілігіміз шығар. Бірақ осылай екен деп, бәріне көз жұмып отыру бізге жараспайтын іс. Мұны неге айтып отырмын. Дамушы мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп, әрекет етсек, қордаланған қоқыс мәселесінің шешімін әлдеқашан тапқан болар ма едік деген ой ғой біздікі. Айта бермей, мың сан қоқыстан құтылудың оңай жолын тапқан мемлекеттердің ішіндегі біреуіне тоқталсақ.
Қалдықтармен күресте Германия мемлекеті көш бастайды. Олар 1980 жылдан бері қоқысты бөлек жинай бастаған. Соның арқасында елде қоқысты сұрыптаудың жұмысы үйлесімді жүзеге асуда. Пластикалық орамалар, қағаз, картон, тамақ қалдықтары әр үйде түрлі пакеттерге, қаптарға немесе шелектерге тасталады. Содан соң ғана оларды әртүрлі қоқыс контейнерлеріне шығарады. Ал бұл елде рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастасаңыз, үлкен көлемде айыппұл арқалауыңыз әбден мүмкін. «Иә, мұндай үрдістер біздің елде де жайлап екпін алып келеді. Бірақ бәрі өздігіннен болмайды. Оған қоғам болып атсалысуымыз керек. Сонда ғана қалдықсыз қоғам құра аламыз», – дейді кент тұрғыны Сәкен Кермеш.
– Осыдан біраз уақыт бұрын Германияның Берлин қаласында болдым. Бұған дейін ол қала туралы түрлі дүниелер естіп, біліп жүрсем де аса сенбегенмін. Бірақ жұрт айтқандай-ақ бар екен. Көшелері мұнтаздай. Біздегідей көшеде жатқан артық қоқыс көрмейсіз. Тіпті көше бойында орналасқан қоқыс жәшіктерінің өзі тап-таза. Әр түрлі қалдықтарға жеке дара жәшіктер қойылған. Айталық темекі тұқылын, тамақтан қалған қалдық, сусын бөтелкелері, полиэтилен пакеттерге арналған жәшіктер. Адамдарына дейін тазалыққа әбден үйренген. Айналасын жинап, қоқысты әр жәшікке бөліп салып жатқанын көргенде іштей қызығып, мәдениетіне қайран қалдым. Бізде жан-жағымызға сүйіспеншілікпен қарап, жинастырып жүрсек, қоқыс құрсауынан құтылар едік, – дейді кент тұрғыны.

Қоқыстан қалай құтыламыз?
Статистика бойынша, ел аумағында 207 қала мен ауданда, 138 елді мекеннің 96-сында ғана қалдықтарды сұрыптау енгізілген. Бірақ тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселесі әлі де жолға қойылмай тұр. Ал республикадағы қоқыс полигонының аумағы шамамен 32 мың гектарды құрайды. Оның бірқатарының жағдайы нашар.
Қазір елімізде қоқысты өңдеу мақсатында біраз шара қолға алынып жатыр. Аталған шаралардың аясында республикада 2025 жылға дейін қатты қалдықты қайта өңдеп, энергетикалық отынға айналдыратын 6 зауыт салынбақ. Кешен құрылысына өңірлерден жер телімдері беріліп, мәселенің шешудің амалдары қарастырылған. Зауыт құрылысы уақытылы аяқталып, жұмысқа кіріссе, Қазақстан 2025 жылға дейін қоқысты сұрыптап өңдеуді 30 процентке, өртеуге жіберетін қоқысты 20%-ке жеткізуге мүмкіндік алмақ. Ал қалған 50 процент қоқыс полигонында сақталмақ. Иә, бұл оңтайлы шешім делік. Бірақ мұнымен ғана шектеліп қалуға болмайды. Жергілікті атқарушы органдар да қалдық көму көлемін азайтуда бағытында жұмысты жүйелі ұйымдастыруы керек. Сонда ғана қоқыстан құтылуға мүмкіндік бар дейді экологтар.
– Экология кодексінің 351-бабына сәйкес, қалдықтарды көму көлемін азайтуды ынталандыру бойынша жұмысты әкімдіктер ұйымдастыруы тиіс. Бірақ бұл үдерісті орындап, үдеден шығу тек жергілікті атқарушы органға ғана тиесілі деп ойлау қателік. Бұл жалпыға ортақ жұмыс. Сондықтан әрбір адамзат әлеуметтік жауапкершілік пен азаматтық міндетті естен шығармай, қоқыс лақтыру алдында сұрыптаудан өткізуді әдетке айналдырғаны жөн, – дейді экологтар.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
26 қыркүйек 2023 ж. 273 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930