Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақшаң қалай, балақай?

Қазақшаң қалай, балақай?

Бүгінгі қазақ қоғамында тілі енді шығып келе жатқан балалардың көпшілігі өз ана тілінде емес, орысша сарнап жүр. Бұл қазіргі отбасылардың, тіпті тұтас елдің трагедия­сына айналып барады. Қарадомалақтарымыздың өзге тілде шүлдірлеп, ана тілінен алыстауына не себеп? Олай болса, осы сауалдың тереңіне бойлап, тақырыпты бірге тарқатып көрелік...
Хакім Абайдың «Қанша тіл білсең, сонша адамсың» деген сөзі бүгінгі күннің ұраны десек артық емес. Бірақ қазір көпшілігіміз осы сөзді желеу етіп, өз ана тілімізді өзге тілдердің тасасында қалдырып жатырмыз. Оған кінәлі біреу бар болса, ол өзіміз. Қала берді қолданыстағы гаджет. Смартфондағы контенттердің ана тілдегіден басымырақ болуы да баланың басқа тілде былдырлауына түрткі болып отырғандай. Бұл ретте белгілі журналист Айкерім Есенәлі интернетте қазақша контенттің аздығы ата-ананың баламен орыс тілінде қарым-қатынас орнатуына алып келіп жатыр деген еді. Сондай-ақ ол қазақ балаларының ана тіліне деген қызығушылығына алаңдаушылық білдіріп, тілдер арасында балансты ұстап, бұл мәселеге айрықша көңіл бөлу керектігін айтқан еді бір сұқбатында.
Балалардың арасында қазақ тілді орта қалыптастыру бүгінгі күннің басты мәселесі десек те, оны дамыту барысындағы жұмыстар өз сүрлеуін тауып, оңынан шешіліп жатыр деп айту қиын. Балалардың айналасымен қазақша сөйлесіп, ана тілін күнделікті өмірде қолдануы нақты іс-әрекеттерді жасауды қажет етеді. Бұл пікірді екі балғынды тәрбиелеп отырған ана Гүлайна Жанаева да құптайды.
– Менің 3 және 5 жастағы ұл-қызым бар. Отбасымызда бәріміз қазақ тілінде сөйлейміз. Бірақ балаларымның тілі орыс тілінде шықты. Бастапқыда теледидардан «Balapan» арнасын көретін, кейін ол арнаны өздері шетелдік арнаға ауыстырып алатын болды. Қазақ тілді арнадағы бірсарынды бағдарламалар мен мультфильмдер балаларды жалықтырса керек. Тиісінше, балалардың тілі өздері көріп жүрген мультфильмдер арқылы өзге тілде шықты. Қазақ тілді контент сапалы әрі қызықты болса, баланың өз ана тіліне деген қызығушылығы артар ма еді, кім білсін? Қазір оларға арнайы уақыт бөліп, қазақша сөйлескеніміз бен де біздің назарымыздан тыс уақытта бәрібір өзара орысша сөйлеседі. Оларды смартфоннан, теледидардан да шектей алмаймыз. Бірақ бос уақытымызда қазақ тіліндегі аудио ертегілер, әндер тыңдатып, ана тіліндегі мультфильмдер көрсетіп тұрамыз. Сондай-ақ балалабақшада да қазақша сөйлеуіне ерекше мән береміз. Ұстаздарынан ана тіліндегі тақпақтарды жиі беріп жаттатуын сұраймыз. Мемлекет те өз тарапынан біз жасап жатқан амалдар секілді кішігірім қадамдардан бастап қазақ тіліндегі сапалы контенттерді жасауға ден қоюы қажет. Сонымен бірге балаларға мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған әдістемелік құралдарды қолданысқа көптеп енгізу керек деп ойлаймын, – дейді ата-ана.
Расында, әр баланың өз ана тілін меңгеруі отбасында басталатын құбылыс. Бірақ бұл үдеріс отбасыдан бөлек бірнеше ортада да көрініс табады. Бала тілінің қалыптасып, дамуы балабақша да жалғасатынын ескерсек, ондағы білім мен тәрбиенің қалай беріліп жатқандығына да баса назар аудару қажет секілді. Бұл ретте балабақшада қызмет ететін тәрбиеші Назгүл Жансерікқызы былай дейді.
– Иә, бүгінде балабақша жасындағы балалардың көпшілігі орыс тілінде шүлдірлеп жүр. Балабақшадан бос уақытта бәрі телефонды ермек етіп, орысша контент қарайды. Бұл жастағы балалар өте қағылез келеді. Сондықтан да әрбір сөзді тез есте сақтап қалады. Олардың тілінің орыс тілінде шығып жатқандығына таңқалыс білдіруге болмайды. Керісінше мұны жақсылыққа балау керек. Қазақ тілін баланың қызығушылығын оята отырып, үйретсе баланы сол тілде сөйлеп кетуіне дағдыландыруға болады. Бірақ көбіне ата-аналардың өздері бұл нәрсеге бей-жай қарап жатады. Баламен қарым-қатынас жасағанда, сұрақтарына жауап бергенде өз тілдерінде жауап беруі керек. Тілге қатынас құралы деп қарамай, баланың бойына адами құндылықтарды жастайынан қалаған дұрыс, – дейді тәрбиеші.
Ана тілі – қазақ халқының баға жетпес байлығы. Бірақ бүгінде өскелең ұрпақ сол рухани байлығымыздың парқына бармай, өз ана тілінен алыстап бара жатыр. Ғасыр бұрын алаңдаушылығын тудырған тіл мәселесі болашақта жанымызға жара салмасын десек, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген сөзді ұран етіп, балаларымыздың ана тілінде сөйлеуіне бүгіннен бастап мән берейік.
Арайлым ЖҮСІПОВА

09 тамыз 2022 ж. 690 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930