Тіл және жастар
Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің кітапханасында «Тіл және Жастар» тақырыбында ашық алаң өтті.
Кешке ҚР Білім беру ісінің үздігі Болатбек Ахметов, Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл оқытушысы Жұбатқан Таңжанов, аудандық «Қазалы»газетінің журналисі Ұлболсын Талапбаева және колледж инженер-педагогтары мен студенттері қатысты. Ашық алаңда мемлекеттік тілдің мән-маңызы, қолданылу аясы туралы айтыла келе, қазіргі жастар тілінің шұбарлануы, әдеби нормалардан ауытқу, сөйлеу мен жазуға немқұрайлы қарау сынды мәселелер көтерілді. Жастар тіліндегі жаргон сөздер мен сленгтердің көбеюі, емлелік сауатсыздық жайында да пікір алысты.
Кеш соңы ЭЖС-23/9 тобының студенттері Қолқанат Ашықбай мен Ринат Темірханның мәнерлі өлең оқуымен өз мәресіне жетті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы Гүлмира Жалдыбаева кешті ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Халықтың түзелуінің үміті – жастарда. Сондықтан жастардың қалай сөйлеп, қалай тәрбиеленуі бәрінен бұрын ескеріліп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс» деген сөзімен аяқтап, қатысушы қонақтарға алғыс айтып ілтипат білдірді.
Сұлу ЕРБОЛ