Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаңыз мектепке дайын ба?

Балаңыз мектепке дайын ба?

Балалардың жазғы демалысының аяқталуына екі аптаға жуық уақыт қалды. Оқушылар жаңа оқу жылына дайындықты бастап кеткен. Сауда орындарына бара қалсаңыз, балаларын жетектеп, мектепке әзірлік жасап жүрген ата-аналармен жиі кездесіп қалып жатасың. Себебі, базарда бұл уақыт – сауданың нағыз қайнаған шағы саналады. Ал балалар үшін бұл кезең кішігірім мейрам десек жарасады. Себебі жаңа оқу жылында жаңа киімді киіп баруды кім жақсы көрмесін. Бірақ бұның бәріне бірдей мүмкін бола бермейтіні бар. Өйткені базардағы баға былтырғыдай емес, бой бермей тұр. Бағаны естіген кейбір ата-ана сең соққандай, сенделіп жүргенін көріп, базардағы бағаны өзімізше бағдарлап білу үшін сауда орындарына бас сұқтық.
Расымен жұрт айтқандай-ақ бар екен. Биыл оқу құралдарының бағасы өткен жылғымен салыстыруға келмейді. Себебі мектеп тауарлары 20 процентке дейін қымбаттаған. Мұны сатушылар мен тұтынушылардың өздері де растайды. Бірнеше жылдан бері оқуға арналған құрал-жабдықтарды сатумен айналысатын Айбек есімді жігіт биыл ұсақ-түйек заттардың да қымбат келіп тұрғанын айтты.
– Расымен былтырғымен салыстырғанда бағада айырмашылық бар. Дегенмен келушілер мүмкіндіктеріне қарай керегін алып жатыр. Біз де өз тарапымыздан қолжетімді бағада тауарларымызды ұсынып жатырмыз. Мысалы, 1 балаға арналған дәптер, қалам, қаламсап, сызғыш, күнделік, үштағыш, өшіргіш сынды оқуға қажетті заттарды кем дегенде 7-8 мың теңге көлемінде алуға мүмкіндік бар, – дейді сатушы.
Ал мектепке арналған формаға келсек, оның бағасы баланың жасына қарай түрліше. Мысалы, 1-4 сынып оқушыларына арналған сөмке 5-7 мың көлемінде болса, ал одан жоғары сынып оқушыларына арналғандар 7 мыңнан асады. Қыздар мен ұлдарға арналған жейде 5-8 мың, белдемше 6-9 мың, шалбар 7-8 мың теңге көлемінде. Ал костюм шалбар бағасы 15-20 мыңнан басталып, одан жоғарыға қарай өсе береді. Заттың сапасына қарай да баға қымбаттайтыны тағы бар. Бірақ бұл заттардың оқу жылының аяғына дейін жетпесі анық. Ата-аналар да соны айтады.
– Базарға 3 баламды ертіп, мектепке дайындауға шықтым. Әзірге ең қажетті дегендерін ғана алып жатырмын. Себебі бәріне бірдей қаражат жеткізу мүмкін емес. Оның үстіне қазіргі балалар мектеп формасын да ерекше талғаммен киеді. Ұнатқанын алып бермесең, ренжіп қалатыны тағы бар. Әйтеуір жұрттың баласынан кем болмай жүрсе дейсің. Сол үшін қажет деп тапқандарын барынша алып беріп жатырмын. Бірақ барлығын емес. Себебі былтырғыдан қалған киімдері ескірмеген. Арасында соны да киеді. Екі ұлыма 8 мыңнан екі сөмке, 64 мыңға екі костюм шалбар, 10 мыңнан екі туфли, 6 мыңнан екі жейде, ал қызыма 2 мың теңгеге бантик, 7 мыңға жейде, 12 мыңға туфли, 8 мыңға белдемше, 9 мыңға сөмке алдым. Барлығына оқу жабдықтарымен қосып есептегенде кем дегенде 170 мыңдай ақша жұмсадым, – дейді Маржан есімді кент тұрғыны.
Тұрғынның айтуынша, қажетті заттардың барлығын алу мүмкін емес көрінеді. Себебі айтпаса да түсінікті. Тіпті мемлекет беріп жатқан әлеуметтік көмекке сүйенгеннің өзінде, бір баланы толық оқу жабдығымен қамтамасыз ету мүмкін емес екенін біз де аңғардық. Оған бағаның тұрақсыздығы себеп.
Бәріміз білеміз, биыл 450 мың мұқтаж отбасыға балаларына мектеп формасы мен оқу құралдарын алуға 18 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл сома көмекке зәру отбасыларға бөлгенде 40 мың теңгеге айналады. Аталған сомаға ата-аналар қажетті киім-кешек, оқу құралын сатып алуы тиіс. Бірақ балаларға берілетін бір реттік 40567 теңге тек бір оқушының сабаққа қажетті дәптер, қаламын алуға ғана жетеді. Бірақ аз қамтылған отбасылар үшін бұл кішігірім қаржының өзі көптен-көп көмек екендігін де айта кеткен жөн. Өйткені, аудандық білім беру білімінің берген мәліметіне көз жүгірткенімізде, аталған көмекке жүгінгендердің қатары баршылық екендігін байқадық. Бүгінде ауданда 40567 теңге көлеміндегі бір реттік әлеуметтік көмек 3504 оқушыға беріледі деп көзделген. Ал аз қамтылған, көп балалы отбасыдан шыққан, асыраушысынан айырылған, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған «Мектепке жол» акциясы аясында 1000-ға жуық оқушыға оқуға қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешегін алып беру жоспарланған. Ал былтыр 1120 оқушы қажетті көмекті алған. 1 тамызда бастау алған акция 30 тамызға дейін жалғасын таппақ, – делінген аудандық білім бөлімі жолдаған мағлұматта.
Мектепке дайындық балалар үшін қуаныш болғанымен, ата-ана үшін қалтаға кәдімгідей салмақ салатын сәт. Кейбірі қаражаттан қысылып, қынжылып та жатады. Бірақ күз келіп, асқақ арманмен алтын ұясына беттеген балаларының қамкөңіл күйде жүргенін ешбір ата-ана қаламайды. Сол үшін қалағанын алып беріп, баласы қатардан қалмас үшін аянып қалып жатқан жоқ. Мектепке асыққан оқушылар ата-анасының «жоқтан барды жасаған» осындай тәуекелдерін түсініп, білім бәсекесінде тек биіктен көрініп қоймай, болашақта жақындарын да дәл осылай қуантады деп сенеміз.
Арайлым ЖҮСІПОВА
19 тамыз 2023 ж. 313 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930