Бұрымдыларға арналған жоба
IT мамандарына сұраныстың артуы – заман талабы. Технология дәуірінде кез келген адамның осы салада сауатты болуы маңызды. Ал қыр-сырын меңгеріп, кәсіпке айналдырса, әсіресе әйелдерге тиімді әрі табысты жұмыс. Дәл осы мақсатта Astana Hub Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп IT саласында жұмыс істегісі келетін әйелдерге білім беру үшін IT-Aiel бағдарламасын іске қосты.
IT-Aiel бағдарламасы – 2 мың әйелге IT мамандықтар бойынша тегін білім алуға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Бағдарламаны Astana Hub технопаркі Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен іске қосты.
– Қазақстан – GovTech және FinTech салалары дамыған ел. Аумағының үлкендігіне қарамастан, Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдері арасында цифрландыру және интернетті тарату саласында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Осы ретте әйелдердің цифрлық экономикадағы күші мен қабілетіне сенімділігін дамыту үшін әйелдердің цифрлық бизнестегі IT-кәсіпкерлігін қолдау, қаржылық интеграцияны кеңейту үшін оларға цифрлық дағдыларды үйрету және бизнесті басқару бойынша оқытуды ынталандыру маңызды. Әйелдердің цифрлық экономикаға қатысуын ынталандыру неғұрлым күшті экономикалық өсімге және әл-ауқаттың артуына ықпал етеді, – дейді Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Әзиза Шөжеева.
– Қазақстан – GovTech және FinTech салалары дамыған ел. Аумағының үлкендігіне қарамастан, Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдері арасында цифрландыру және интернетті тарату саласында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Осы ретте әйелдердің цифрлық экономикадағы күші мен қабілетіне сенімділігін дамыту үшін әйелдердің цифрлық бизнестегі IT-кәсіпкерлігін қолдау, қаржылық интеграцияны кеңейту үшін оларға цифрлық дағдыларды үйрету және бизнесті басқару бойынша оқытуды ынталандыру маңызды. Әйелдердің цифрлық экономикаға қатысуын ынталандыру неғұрлым күшті экономикалық өсімге және әл-ауқаттың артуына ықпал етеді, – дейді Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Әзиза Шөжеева.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, елімізде 967 мың жұмысқа қабілетті әйел бар. Олардың 34 пайызы жұмыс істемейді. Ал 41 пайызы жоғары білім дәрежесіне ие. Ал Coursera IFC және Еуропалық комиссиясымен бірлесе жүргізген зерттеу мәліметінше, әйелдердің 45 пайызы және бала күтіміндегі әйелдердің 60 пайызы онлайн оқу мүмкіндігі болмағандықтан, оқуын кейінге қалдыруға мәжбүр болған. Сондықтан IT-Aiel бағдарламасы жұмыссыз әйелдерді оқытып, олардың осы саладағы үлесін арттыруды көздеп отыр.
Ә.Шөжееваның айтуынша, дүниежүзінде ең ірі және ең ықпалды технологиялық компаниялардың техниктері арасындағы әйелдердің үлесі өте төмен: Apple-де – 23 пайыз, Google-да – 20 пайыз және Microsoft-та – 17,5 пайыз. Әлемде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандарының жалпы үлесі 18,5 пайыз болса, Қазақстанда әйелдер бұл сектор қызметкерлерінің 43 пайызын құрайды. 55-74 жас аралығындағы адамдар арасында интернетті пайдаланудағы гендерлік алшақтық дамушы және өтпелі экономикасы бар елдерде шамамен 8 пайызға тең. Гендерлік стереотиптер мен мәдени нормалар көбінесе әйелдер мен қыздардың цифрлық технологияларға қолжетімділігіне кедергі келтіреді және олардың ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен байланысты секторларда білім алу және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін төмендетеді.
IT-Aiel бағдарламасы аталған мәселелерді назарға алып, еліміздегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар секторындағы әйелдер санын көбейтуге ден қойған. Жоба бойынша оқыту 1 тамызда қазақ және орыс тілдерінде онлайн форматта басталады. Әйелдердің бұл жобаға қатысуға деген ынтасы мен талпынысы өте жоғары. 2 307 өтінімнің 668-і Астанадан, 371-і – Алматыдан, 63-і – Шымкенттен және 1205-і еліміздің өзге өңірлерінен келіп түскен.
– Біз бағдарламаға қызығушылардың географиясы кең екенін көріп отырмыз. Еліміздің барлық өңірінде тұратын әйелдер IT саланы үйренгісі келеді. Бағдарлама жұмысқа орналаспаған әйелдер үшін үлкен құндылыққа ие және ол ақпараттық технологиялар саласында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мен тең мүмкіндіктер жасау жолындағы маңызды қадам болып отыр. Біз қазақстандық әйелдердің кәсіби дамуға және еліміздің ақпараттық технологиялар индустриясына өз үлесін қосуға ұмтылып отырғанына қуаныштымыз, – деді Astana Hub басқарушы директоры Алина Әбдірахманова.
Жоба аясында қатысушыларға компьютерлік сауаттылық, No Code School және Freelance School курстарынан өтеді. Оқу бейне дәрістер, тапсырмалар, онлайн вебинарлар және воркшоптар түрінде өткізіледі. Қатысушыларға және IT-өнімдерді бағдарламалауды қажет етпестен тез жасауды, стартап жобаларды құруды және оларды дұрыс тестілеудің негізгі принциптерін меңгеретін болады. Бағдарлама тыңдаушылары лендингтерді, сайттарды, мобильді қосымшаларды, чат-боттарды және маркетплейстерді құруға арналған актуалды no code құралдарын зерделеу бойынша материалдарды ұсынатын онлайн сабақтарға қол жеткізеді. Сондай-ақ ұйымдастырушар бағдарламаға қатысқан әйелдер алған білімін фриланс нарығында іске жаратып, қаржы таба алатынын атап өтті.
– Біз IT-Aiel бағдарламасына еліміздегі фриланс-экономиканы қолдау және цифрлық алаңдарда фрилансер әйелдердің үлесін арттыру мақсатында Freelance School курсын енгіздік. Фрилансингті оқу әйелдерге қашықтан жұмыс істеп, жалақы мен жұмысқа орналасудағы гендерлік алшақтықты азайта отырып, жергілікті және шетел валютасында ақша табуға мүмкіндік береді, – деді Astana Hub білім беру бағдарламалары кеңсесінің директоры Дәулет Беймурзинов.
Оқу нәтижесінде IT-Aiel бағдарламасының түлектеріне курстан өткенін растайтын сертификат беріледі.