Отбасына қолдау көрсететін орталықтар құрылады
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Умаров Шымкент қаласында өткен «Әкеге қарап ұл өсер» атты VI Республикалық әкелер форумына қатысты, деп хабарлайды egemen.kz
А.Умаров форумға қатысушыларды үкіметтік емес сектормен бірлесіп, Министрліктің отбасы институтын қолдау бойынша жүргізіп жатқан жұмысы, сондай-ақ гранттық жобаларды және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын іске асыру туралы хабардар етті. Қазіргі уақытта 31 өңірлік отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді, олар өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға маңызды әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетеді. Қазақстанда 2013 жылдан бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша жыл сайын Отбасы күні атап өтіледі және жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы ұйымдастырылады, оған 8 жыл ішінде Қазақстанның барлық өңірлерінен 18 мыңнан астам отбасы қатысты.
Вице-министр отбасыларға қолдау көрсету, отбасылық жанжалдарды шешу және балалары бар әйелдерді уақытша тұрғын-жаймен қамтамасыз ету бойынша 234 орталық құру жоспарланғанын атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, бұл іс «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын болады.
«Ерлердің рөлі, олардың отбасылық өмірге қатысуы және Қазақстандағы балаларды тәрбиелеу» атты кешенді ұлттық әлеуметтік зерттеу нәтижелерінің тұсаукесері форум бағдарламасының маңызды бөлігіне айналды.
Сонымен қатар «БАҚ пен блогерлердің Қазақстандағы Отбасы институтын қалыптастыруға әсері», «Отбасы және дін», «Мектептер жанындағы әкелер кеңесін дамыту», «Ерекше балалардың ерекше әкелері», «Отбасылық тәрбиеде әкенің рөлін арттыру», «Балалардың спорттық тәрбиесі», «Бала тәрбиесіндегі кітаптардың рөлі» атты панельдік сессиялар өтті.
Форум жұмысына ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Парламент Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, БҰҰ-ның Қазақстандағы халық қоныстануы саласындағы қорының атқарушы өкілі Райымбек Сисемалиев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері қатысты.
Форумды ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, БҰҰ-ның Қазақстандағы халық қоныстануы саласындағы қоры, Шымкент қаласы әкімдігінің және ҚР АҚДМ қолдауымен «Әкелер Одағы» РҚБ ұйымдастырды.