Тығырыққа тіреген су тапшылығы
Сырдағы шаруалардың бүгінгі басты уайымы дария арнасының төмендеуі болып тұр. Кейінгі үш-төрт жылдан бері егін және мал шаруашылығымен айналысатындарды алаңдатып келе жатқан мәселе биыл тіпті тығырыққа тіреп қойды. Ерте көктемде су молайып, арнадағы артық су көптен кенезесі кеуіп жатқан көлдер жүйесіне жіберілгенін көрген жұрт «Бұйырса биыл қиналмаспыз», деп қуанысқан еді. Бірақ вегетациялық кезеңде Шардара су қоймасына болжанған су түспей, «Үйдегі есепті базардағы нарық бұзадының» кері келді. Амалы таусылған диқандар облыстық кәсіпкерлер палатасында сала мамандарымен кездесіп, мәселені шешудің жолдарын іздеді.
Палата жанындағы Агроөнеркәсіп кешені кеңесінің кезекті отырысында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының, «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалының, Арал – Сырдария бассейндік инспекциясының өкілдері шаруаларды шаршатқан мәселеге түсініктеме берді. Арал – Сырдария бассейндік инспекциясының бөлім басшысы Сейітқасым Әбуовтің айтуынша, 2021 жылдан бастап облысқа бөлінетін аяқ су лимиті азайған. Осы жылы әдеттегі 4,1 млрд орнына 3,6 млрд текше метр су бөлінді. Биылғы лимит 3,8 млрд текше метр еді, бірақ қазіргі көрініс оның да толық жетеріне күмән тудырып отыр. Осы күні Шардараға жоғарыдан секундына алдын ала болжанған 300 текше метрдің үштен бірі ғана түсіп тұр. 10 тамызға дейін дарияға 500 текше метр су тасталып, одан кейін азайтылады деп жоспарланғанымен, өзен арнасы одан бұрынырақ ортаюы мүмкін.
Қажет кезінде тапшылық көріп отырған диқандар тамыздың алғашқы онкүндігінде күріш суы тартылып, ораққа дайындық басталатынын айтады.
– Мамырда керек су маусымда берілді. Осы күні каналда су жоқ, әр жерден қиылып, кей тұсы тандырдай кеуіп тұр. Қазір болмаған судың тамызда қажеті шамалы. Су жетпегендіктен, 125 гектарға еккен күрішімізді көктей күйдіріп алдық. Енді қалған егінімізге қауіп төніп тұр, – деді Қармақшы ауданындағы «Тұрмағамбет» ЖШС директоры Нұржан Пірмантаев.
Қызылорда қаласы тұсында дариядан бөлініп шығатын Шіркейлі каналы Сырдария, Жалағаш пен Қармақшы аудандары егіншілеріне су жеткізіп отыр. Осылардың ішінде алабөтен қиындық тартып отырғаны – қармақшылық диқандар. Осы аудандағы Алдашбай ахун ауылына аяқ су жетпегелі 5-6 жылдың жүзі болып қалды. Қазір қам жасамасақ, осы кепті бер жағындағы Тұрмағамбет ауылы да кигелі тұр. Оның аяғы елді мекендегі жүздеген адамның жұмыссыз қалып, ауылдағы тіршілікті тұралатумен бітеді.
«Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалының бөлім басшысы Айдос Асанбаев биыл мекемемен 841 су пайдаланушы келісімге отырғанын айтады. Осы уақытқа дейін шаруашылықтарға белгіленген лимиттің 69 пайызы берілген. Вегетация кезінде Шардарадан түсетін су қазіргі көлемнен азайып кетсе, ішкі каналдардың лимиті қиылады. Қазіргі қиындықтан шығудың осыдан басқа амалы табылмай тұр.
Арна төмендегелі бері «Қазсушар» ШЖҚ РМК филиалы шаруашылықтарға суды кесте арқылы беруге көшкен. Бірақ ол тәртіптің де диқандардың көңіліне қона кеткені шамалы. Тапшылық титықтатқан шаруалар Шардараның маңайынан қосымша су қоймасы салынса, Арнасай арқылы Өзбекстан аумағындағы Айдаркөлге аққан мол судан үлес алсақ деген ұсыныс айтады. Оншақты жыл бұрын көрші облысқа сапар шегіп, сондағы су мамандарынан 1994-2008 жылдар аралығында Шардарадан Айдаркөлге 38 млрд текше метр су аққанын естігенбіз. Қос облыс қарғын суға қарық бола жаздаған жылдары көршілерімізге қазіргі Шардарадан 5-6 есе үлкен су айдынын осылайша өзіміз жасап беріппіз.
Су тапшылығын болдырмау үшін күріш көлемін азайту керек дейтіндер көп. Сала мамандарының пікірінше, бұл тығырықтан шығар жол емес. Қазір облыс аяқ судың 43 пайызын сырттан алып отыр. Бұл егіс көлемі Қызылордадан 3 есе көп көршілес Түркістан облысы диқандары алатын су көлемімен пара-пар. Егер күрішті тоқтатсақ, жоғарыдан түсетін судың жолы байланады. Мұндай жағдайда онсыз да жазда қайыры көрініп жататын Сырдарияның орнын сипап қалуымыз ғажап емес. Қауіптің алдын алу үшін шаруашылықтар ауыспалы егіс талаптарын сақтап, суды барынша үнеммен пайдалануы керек.
– Сыр топырағының қатты тұздануын күріш егу арқылы шаймаса, басқа дақылдардан өнім алу мүмкіндігі өте төмен. Бұл – мамандардың тұжырымы. Одан бөлек, саладағы 550-дей ірілі-ұсақты шаруашылықтан он мыңға жуық маусымдық және тұрақты жұмысшы нан тауып отыр. Біз, ең алдымен, осыны ескеруіміз керек, – дейді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаевтың айтуынша, суды үнемді пайдаланудың басты жолы – ауыспалы егіс талабын сақтау.
– Көп жылғы мораторийден кейін жүргізілген тексеруде облыс бойынша 25 мың гектарда осы талаптың бұзылғаны анықталды. Оның басым бөлігі Сырдария ауданының үлесінде болып тұр. Одан бөлек, «Қазсушар» ШЖҚ РМК филиалымен келісімге отырмайтын шағын шаруашылықтар бар. Олар да ортақ каналдағы заңды жолмен су алып отырған ірі құрылымдардың үлесіне ортақтасады. Есеп бойынша күріштің өзіндік құнында судың үлесі – 5,8 пайыз. Яғни ең арзаны. Оның да жартысы субсидия арқылы өтеледі. Сонда да тегін алғысы келетіндер аз емес. Келер жылдан бастап Шіркейлі каналы арқылы берілетін суды есептеуді «Рубикон» автоматтандырылған жүйесімен бақылау басталады деп отырмыз. Бұл үшін канал бойындағы су қондырғылары талапқа сай болуы керек. Қалай болғанда да сең қозғалды, тамшы судың да есебі сұралатын кезең туды, – дейді ол.
Су тапшылығы егіншілерге ғана емес, мал ұстап отырғандарға да қиын тиіп отыр. «Сыр сыйы» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Биманов жауапты мамандар шабындыққа берілетін су мәселесін де ескеруі керек дейді. Сырдария ауданындағы Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы шабындыққа төрт жылдан бері су бармай, бұрын жайқалып тұратын жер шаңы аспанға ұшқан шөлге айналған.
– Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұйғарымымен былтырдан бастап жемшөпке берілетін субсидия жергілікті бюджетке жүктелді. Өткен жылы субсидиясыз амалдадық. Шабындық пен жайылым жайқалып тұрса, бюджетке иек артып, сол демеуді сұрамайтын да едік. Қазір жемшөптің қымбаттығы мен мал ұстауға жағдайдың жоқтығынан фермерлер арасында басқа кәсіпке көшіп жатқандар көп, – дейді кәсіпкер.
Кәсіпкерлер облыс аумағындағы қараусыз қалған каналдарды теңгерімге алып, берілетін суды қадағалайтын арнайы комиссия құруды ұсынады. Шаруаларды тығырыққа тіреп отырған мәселенің әзірге көзге көрініп тұрған бір шешімі осы болып тұр.