Қандай сыйлық берсем екен мен саған?..
Көрікті көктем – керемет мерекелер мезгілі. Бастауын «алғыс айту» күнінен алатын наурыздың өзінде ауыз толтырып айтатын мерекелер жеткілікті. Олардың бірі барша әйел заты асыға күтетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Анасын ардақтап, қарындасын құрметтеп, жары мен әпкесіне ықылас танытуда бұл кез қазақстандықтардың көбі таңдау жасайтын уақыты.
Әсіресе қазақ жігіттерінің көбі «қандай сыйлық берсем екен мен саған?» деген мәселемен бетпе-бет келетіні жасырын емес. Бұл орайда не істеу керек? Ендеше, мақаламызға үңіліңіз...
Басты жанға бағалы сыйлық
Ақ шашты ана: «Жастығым – балам» дейді. Ақылды бала: «Ай-күнім – анам» дейді, демекші алғашқы болып сағат тілі 12-ге соққанда, алдымен ақ жаулықты анаңызды құттықтағаныңыз жөн.
Түн ұйқысын төрт бөліп, барын берген анаға кейде артық сөз айтып ренжітіп қоятын кездер болады. Әйтсе де, ана махаббаты шексіз. Барлығын лезде ұмытады.
Егер анаңызды ренжіткен болсаңыз, Сізге үлкен мүмкіндік – онда кешірім сұрап, оны қатты жақсы көретініңізді қысылмай айтатын сәт туды. Әдемі сый жасап, ұмраға жолдама, ою-өрнегімен әсемделген орамал, ас бөлмесіне керекті жабдық және де, ең бастысы, бір құшақ гүл сыйлаңыз. Егер әжеңіз бола қалса, алдымен соған назар аударуды естен шығармаңыз.
Жүрегім мен ошағымның иесі
Егер сіз отау құрған болсаңыз, балаларыңыздың анасы, өмірлік жарыңызға сыйлық берер кез келді. Бұл күні таң атысымен үй жұмыстарын өз қолыңызға алыңыз. Асыл жарыңыздың еркелігін көтеріп, көптен аңсаған затын алып бергеніңіз жөн. Және бір шоқ гүл немесе бөлме гүлі, жүзік, әдемі көйлек сыйлап, жүзіне күлкі ұялатыңыз. Арманындағы сыйлыққа қалтаңыз жетпесе, әлбетте өз қолыңызбен жасаған сыйды ұсыныңыз. Жарыңыз бұл еңбегіңізді өте қатты бағалары сөзсіз.
Сүйіктіге сыйластық
Махаббат – қаталды жібітіп, өмірді өзгертетін құдіретті күш. Осы жолда құрбан болғандар қаншама. 8 наурызды, әлбетте, ол да күтеді. Бір жағынан, Сіз үшін сынақ кезең деуге болады. Жылына бір келетін күнде сүйіктіңізге ерекше көңіл бөліңіз. Мереке қарсаңында оған міндетті түрде сыйлық беруіңіз қажет. Себебі оның еңсесі тек сіздің ғана емес, құрбыларының да алдында түсері анық.
Мұндай жағдайдың алдын алу үшін, жүрегіңіздің жартысына кулонды алқа, иіссу, жұп білезіктерін сыйлағаныңыз орынды.
Ұстазға құрмет
Әдетте мектеп оқушылары атынан ұстаздарға сый дайындалады. Егер сыныптастарыңыз сыйлық жасауға ұйымдасып жатса, Сіз де қалыс қалмаңыз. Себебі, ұстаз – ұлы адамдардың бастау алар, бағыт-бағдар берер бейілді тұлғасы.
Мүмкіндігіңіз болып жатса, гүл құмырасы, ашық хат немесе сыртына есімі жазылған қаламсап сыйласаңыз, ұстазыңыз дән риза болары анық.
Әріптес де жат емес
Өміріңіздің көп бөлігі жақын туыстардан гөрі бірге қызмет атқаратын әріптестермен өтетінін статистикалық мәлімет әлдеқашан дәлелдеген. «Ұжым – екінші отбасы» деген пікір осындайда туса керек. Жұмыстың қызығы мен шыжығын бірге көріп, бірі – әпке ал енді бірі – құрдастай болған әріптес аруларды да наурыздың сегізінде ұмытпаған абзал.
Оларға мереке қарсаңында тәттілер жиналған қорапша, естелік сувенир, компьютер тышқанына кілемше немесе шағын кактус сыйласаңыз болады.
Мұнан бөлек ене, әпке, қарындас, қызыңыз, жеңгеңіз бен жақын сыйластығыңыз бар нәзік жандардың қайсысына да сыйлық сыйлау әбестік емес. Тым құрығанда, телефон тұтқасынан нөмірін теріп, көңіліңізді білдіру Сіздің жарқын жолыңызды одан әрі нұрландырары сөзсіз.
Есіңізде болсын ең қымбат сыйлық – уақыт. Алтын уақытыңызды кімге арнап жүргеніңізге мұқият болыңыз. Себебі, берілген уақыт қайта оралмайды.
Дайындаған
Серік АҚМЫРЗА