Мерейлі отбасы – мемлекет мерейі
Қызылордада шаңырақтың шырайын кіргізіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеген өнегелі жанұялар марапат биігінен көрінді. "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауына қатысқан үлгілі отбасылардың қатары тағы да толықты. Осы күнге дейін байқауға 1700-ге жуық отбасы өтінім беріп, оның 178-і қатысуға жолдама алған. Бүгін «Достық» үйінде ұлттық байқаудың облыстық жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жеңімпаздарды құттықтап, елімізде отбасы институты әрқашан ерекше құрмет пен қолдауға ие болатынын жеткізіп, шаңырақтың түтінін түзу ұшырып, отбасына береке сыйлаған жанұяларға құрмет көрсетті.
– Қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Отбасының бірлігі – отанның беріктігі, ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы, ұлттық тәрбиенің, адамгершілік пен имандылықтың бастау бұлағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әрбір отбасын сақтау – отанымыздың берік болуының кепілі. Олардың әрқайсысына тұтастық пен татулықтың дәстүрін орнықтыруымыз керек», - деп айтқан болатын.
2014 жылдан бастау алған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы отбасы құндылықтары мен қазақ үшін қашанда киелі саналатын бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын насихаттауда орны ерекше, тағылымды шара. Бұл байқауға қатысқан отбасылардың барлығы да – нағыз мерейлі жеңімпаздар, - деді аймақ басшысы Н.Нәлібаев.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша жалағаштық Маштаевтар отбасы жүлделі ІІІ орынды, Шиелі ауданынан қатысқан Рыспембетовтер әулеті ІІ орынды иеленді. Жүлделі І орынды Қызылорда қаласының Ермановтар әулеті иемденсе, шиелілік Байжановтар отбасы бас жүлдеге лайық деп танылып, елордадағы республикалық сайысқа өңір атынан жолдама алды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жеңімпаз атанған отбасыларға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыстады.
Сондай-ақ, байқауға белсенді қатысып, ұлттық құндылық пен отбасы мерейін жоғарылату бағытындағы өнегесін көрсете білген отбасылар арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда, қазалылық Сүлейменовтер әулеті «Өнерлі отбасы», қармақшылық Бердібаевтар жанұясы «Өнегелі отбасы», қармақшылық Шамшатовтар әулеті «Үлгілі отбасы», жалағаштық Бекниязовтар шаңырағы «Берекелі отбасы», аралдық Сыдықовтар әулеті «Талант тұғыры отбасы», сырдариялық Есенхожаевтар әулеті «Озат отбасы», жаңақорғандық Төлегеновтер жанұясы «Толағайлар отбасы» номинацияларымен және арнайы жүлде қорымен марапатталды.
Салтанатты жиында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова, ҚР Мәдениет қайраткері, жырау Руслан Ахметов пен оның шәкірттері және «Реверанс» би тобы өнер көрсетіп, өнегелі отбасыларға құрмет сезімін әнмен жеткізді.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат