«Қырымға» қандай қарекет қыламыз?
Әйтеке би кенті әкімдігінде аудан көлемінде Конго-Қырым гемморагиялық қызбасының алдын алу мен болдырмау шараларын пысықтауға арналған мәжіліс өткізілді.
Басқосуға аудандық аумақтық инспекция, ветеринария бөлімі, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облыстық филиалының Қазалы аудандық бөлімшесінің мамандары мен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына қолайсыз деп табылып отырған ауылдық округінің (5 елді мекен) әкімдері қатысты.
Мәжілісте күн тәртібіндегі мәселеге байланысты атқарылатын жұмыстар мен алдағы тұрған міндеттер туралы аудандық ветиринария бөлімінің басшысы Болат Әміреев хабарлама жасады.
Бөлім басшысының айтуынша, өткен жылы 2017-2019 жылға арналған кешенді іс-шаралар жоспары жасалып, бекітілген. 2017 жылы аудан аумағындағы 13 елді мекен осы ауруға қолайсыз деп танылды. «Ветеринарлық қызмет көрсету орталығы» ЖШС белгіленген кестеге сәйкес көктемгі, күзгі залалсыздандыру жұмыстарын нәтижелі жүргізуінің арқасында биыл бұл көрсеткіш 5 елді мекенге қысқарып отыр. Осы орайда жұмыс жасауға 2 бригада, 12 адам жұмылдырылып, 4 автокөлік қатыстырылған. Жақында Майлыбас, №99, Ақтан батыр, Басықара, Қ.Пірімов ауылдарының мал басы, қора, суат сандары мен жер көлемі нақтыланып, облыстық ветеринария басқармасына жолданған.Тиісті сала басшысы бұдан кейін кезек күткен бірқатар шаралар жайын да тілге тиек етті.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Совет Бабанаев қорытындылап, салалық мекеме басшыларына алдағы атқарылатын жұмыстарды жіті қадағалап, нақты нәтиже шығаруды тапсырды.
Ақтілек БІТІМБАЙ