Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қараусыз бала - қоғамға нала

Қараусыз бала - қоғамға нала


Қараусыз қалған жетім мәселесі қашанда өзекті. Бұл ретте мемлекет мәселенің оңтайлы шешілуін жолға қойып, түрлі амалдарды қарастырып келеді. Жетімін жылатпай, өз қамқорлығына алып, бағып та жатыр. Десек те жыл санап, ата-ананың қарауынсыз қалған балалардың саны азаяр емес. Бұл турасында мінберлерде жиі айтылып жүрсе де, тағдыр талайына ұшыраған балаларға деген алаңдаушылық сейілмей тұрғанын жасыру мүмкін болмай тұр.

Расымен, тастандылардың тағдыры кімді де болмасын алаңдатпай қоймайды. Үкімет мұндай балалардың жан-жарасына дәрі болатын амалдарды ұсынған да болатын. Бірі – қамқоршылық және қорғаншылық болса, екіншісі – патронаттық тәрбие. Алдымен екі тәсілдің мақсаты нендей, соған тоқталайықшы.

Жалпы қорғаншылық – он төрт жасқа дейінгі баланың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны. Қорғанына алған адам баланың заңды өкілі саналады. Оның шотына түсетін жәрдемақы баланың тәрбиесіне, еміне, біліміне және оның дамуына жұмсалуы тиіс. Қорғаншыны тағайындау туралы шешімді жергілікті атқарушы органдар (әкімдік) қабылдайды. Құжат қорғаншылық органдары мен қорғаншыға да беріледі. Қамқоршылық қорғаншылықпен салыстырғанда 14 тен 18 жасқа дейінгі балаға тағайындалады. Кәмелет жасына толған азаматтар ғана қамқоршы не қорғаншы бола алады. Олар қорғаншылығына не қамқорлығына бір немесе одан да көп баланы ала алады.

Ал патронат – қорғаншылық немесе қамқоршылық органмен келісім-шарт жасау арқылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы белгілі бір отбасының тәрбиелеуге алуы болып саналады. Кәмелет жасына толған орта және жоғары білімі бар кез келген адам патронат–тәрбиеші болуға мүмкіндігі бар. Патронаттық тәрбиеге бір отбасына үш баладан артық берілмейді. Бірге туған аға не әпке болса, үш және одан да көп бала асыраушыға, қамқоршыға тәрбиеге беріледі.

Иә ,екеуі де бүгінгі қоғамда көрініс тауып жатыр. Десек те, бұл өзге елдің тәжірибесінен туған тәсіл екендігін ескеру керек. Халқымызда «Кісі баласы кісендесе де тұрмайды» деген даналық бар. Біреудің баласын өзгеге аманаттаудың арғы жағында екі ұшты мәселе бар екендігінде ұмытпаған дұрыс. Себебі жат отбасыға келіп түскен баланың сол ортаға сіңісіп кетуі оңай дүние емес. Кейде жалпыға бірдей мейірім төгіле бермейтін ортада өскеннен белгілі бір адамның не отбасында тәрбиеленгенін дұрыс көреміз. Бірақ баланы қамқорлығына алғандардың парасат пайымы сіз бен біз ойлағандай болмай, тағдыры талқыға түссе ше?! Оған кім жауапты болмақ? Осы ретте, өңірдегі қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын атқарушы орган бұл мәселеде не нәрсені негізге алатындығын білмек ниетпен «Қазалы ауданы бойынша білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бас маманы Қоламсақ Шоқан Уәлибекұлына хабарласқан едік.

– Бүгінде аудандық білім бөлімінің жанындағы қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын атқарушы органында кәмелет жасқа толмаған жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған қорғаншылық және қамқоршылық бойынша – 46, патронаттық тәрбие нысаны бойынша – 2 бала есепте тұр. Асыраушысынан айырылған балаларға қамқоршылыққа байланысты тиесілі әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Баланы қабылдайтын заңды өкілдерден алты айда кемінде бір рет жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың денсаулық жағдайы туралы, оларды тәрбиелеу жөніндегі жұмыс туралы есепті, сондай-ақ жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағуға бөлінген ақшалай қаражатты жұмсау туралы, олардың мүлкін басқару жөніндегі есептер уақытылы сұралып отырады, – дейді Шоқан Уәлибекұлы.

Қош делік. Бірақ үздіксіз тексерулердің нәтиже бермей жатқанын да көз көріп, құлақ естіп жүр. Ондай тұстары бар екендігін де жасырмау керек. Себебі бұл әңгіме төңірегінде қоғамда түрлі пікір бар. Әлеуметтік желілерде «Қамқорлыққа алғандардың шын ниеті балаға мұқтаждық емес, әр балаға үкімет тарапынан берілетін ақшаға деген ашкөздік» деген пікір қалдырған Дарын Сембай есімді азамат бұл мәселеде өте абай болу керектігін айтады.

– «Балаға қамқорлық көрсету – басты міндет» дегенді жиі ұрандатамыз. Іс жүзінде жасап жатқан амалымыз шамалы. Шындығына келсек, қараусыз балаға аса көп нәрсе қажет те емес. Оларға отбасы жылуы мен мейірім болса жетіп-ақ жатыр. Өкініштісі, біздің қоғамда баланы бас пайдасына қолданатындар көбейген. Осындайда «патронаттық тәрбие бізге қажет пе?» деген ойда қаласың, – дейді Дарын.

Иә, бұл тақырып аясында кеңінен көсілуге болар еді. Бірақ тереңдеген сайын жаныңды қозғайды екен. Жылы жауып қоюға болмайтын мәселе десек те, жағымсыз тұсын тізбектей бергенмен қазір ештеңе өзгере қоймасы анық. Әуелі тас боп қатқан жүрегімізді жібітіп, жетімді жылатпай, жарылқауды үйренуіміз керек шығар. Сөз соңында, жаны жаураған жапырақтарымыз жат босағада жаутаңдамасын дегім келеді.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
22 сәуір 2023 ж. 95 0

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 41

Шаттық ұялаған шаңырақ

04 мамыр 2024 ж. 90

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 96

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 66

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 100

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 108

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031