Ауыл – азаматымен ажарлы
Мамыр айының 26-27 жұлдызында кәукейліктер «Ауыл күні» атап өтті. Бұл мереке 2011 жылдан бері тойланып келеді. Сол жылы Кәукей ауылында «Жанқожа баба» атындағы мешіт үйі ашылып, сыртта жүрген ауыл азаматтары, ауыл түлектері бас қосқан еді. Сонымен қатар дәстүр бойынша 25 мамырда ауылдағы №225 мектеп түлектері 10, 20, 30 жылдық кездесуге жиналатыны белгілі. Осы орайда ауыл азаматтары, оның ішінде 1963 жылы дүниеге келген түлектер Бақыт Сабыровтың бастамасымен мешіт ашылған күнді «Кәукей ауылы күні» деп белгілеп, ауылға жиналуды ұсынған еді. Керемет бастама кәукейліктердің көңіліне қона кеткен еді.
«Ауыл күні» екі күн тойланды. 26 мамырда ауыл жастары арасында волейболдан турнир басталды. Шара одан әрі «Әнім саған туған жер» атты аудандық туған ән байқауына жалғасты. Нәтижесінде кәукейлік Карима Нағи жеңіске жетті. Жүлдегерлер мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бұдан бөлек қашықтыққа жүгіру және белтемірге тартылу сияқты спорт түрлерінен талапкерлер бақ сынады. Спорт жарыстарының жеңімпаздары ауылдық округ әкімінің марапаты және демеушілер ұсынған ақшалай сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар жыл бойы ауыл дамуы мен көркеюіне үлес қосқан азаматтар құрметке бөленді. Кемал Талғатқа «Үздік кәсіпкер», Венера Тайлақбаеваға «Ауыл жанашыры» бағамы берілді. «Үздік жас маман» номинациясымен Кәукей ауылдық клубының сүйемелдеушісі Ақжол Сұлтанов, «Үздік ұжым» ретінде 1997 жылы дүниеге келген қыз-жігіттер марапатталды. Айта кетейік, 1997 жылы дүниеге келген азаматтар жыл бойы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық көмектер ұйымдастырып келеді. Шара барысында ауыл кәсіпкерлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
– 27 мамыр күнгі шаралар қазақ күресінен жасөспірімдер арасында №18 Қазалы ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ашық біріншілігінен басталды. Ауыл саябағында «Кәукейімнің келіндері-ай» тақырыбында ауыл көшелері арасында келіндер сайысы бастау алды. Кәукей ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Р.Сексенбаева және Кәукей ауылдық клубы ұйымдастырған шара жоғары деңгейде өтті. Әр көше бір киіз үйден тігіп, қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс қойды. Ауылдың орталық саябағы этно ауылға айналды десек артық айтқандық емес. Келіндер сайысына демеушілік жасаған кәсіпкер Венера Тайлақбаева ханымға рахмет айтамыз. Кәсіпкер келіндер сайысының жеңімпазына (Бас жүлде) 100 мың теңге сый,қаржылай бірінші орынға 70, екінші орынға 50, үшінші орынға 30 мың және тағы да бірнеше номинацияға 10 мың теңгеден жүлде тікті, – дейді риза кейіппен ауыл тұрғындары.
1974 жылы туған қыз-жігіттер ұйымдастырған ас беру ауылдық «Жанқожа баба» мешітінің асханасында өткізілді. Ас беріліп, құран бағышталған соң 1974 жылғы қыз-жігіттердің туған жергеа тартуы ауылға кіре беріс арканың ашылу салтанаты өтті. Ауыл ақсақалдары ұйымшылдық танытқан жандарға бата беріп, алғыс айтты. Одан соң ардагерлер арасында пневматикалық мылтық ату сайысына кезек берілді. Сайыс жеңімпазы болып Арыстанбай ақсақал танылды. Жүлдегерлер демеушілер дайындаған қаржылай марапаттарға ие болды.
Қазақ күресінен жасөспірімдер арасында өткізілген аудандық турнирде командалық есепте №18 Қазалы ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бірінші, Қазалы қаласы екінші, Кәукей ауылы үшінші орын иеленді.
Кезек ауыл жастары арасындағы «Кәукей барысы» турниріне берілді. Турнирге ауыл азаматы Болат Қалымбетов әкесі, ауылдың құрметті азаматы Батырхан Қалымбетовның атына жүлде тігіп, демеушілік жасады. Алыптар айқасында палуан Райсбек Кенжебаев қарсылас шақ келтірмей жеңімпаз атанды. 2023 жылдың «Кәукей барысы» атанған палуан арнайы жасалған белдікпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жүлдегерлер де демеуші тағайындаған сыйлықтарға ие болды. Мереке одан әрі қол күресі, арқан тартыс сынды спорттық жарыстармен жалғасын тапты. Бабы мен бағы қатар шапқан талапкерлер қаржылай марапаттарға қол жеткізді. Кешкілік жүлдегерлер марапат мінберіне шығып, көпшілік назарына гала-концерт ұсынылды.
Айтулы шараның жоғары деңгейде өтуіне атсасылысқан, демеушілік жасаған барша азаматтарға, кіре беріс арка жанына арыстан бейнесін орнатқан 1996 жылғы азаматтар мен ауыл мешітіне жаңа қоршау жасап берген 1986 жылы дүниеге келген ауыл түлектеріне ақсақалдар рахмет айтып, лайым осындай ауызбіршілкте болуға шақырды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА