Шаңырақ шайқалмасын десеңіз...
Адамның адами болмысы мен асыл қасиеттері отбасында қалыптасады. Отбасында алған үлгі – өнеге, тәлім – тәрбие арқылы ғана еліне, жеріне, Отанға деген сүйіспеншілік сезім орнығады. Ал отбасындағы басты құндылық ұлттық тәрбие деуге болады. Қазіргі күні шаңырақтың «шаңын» қағып, алыстан орағытып, ақыл-кеңес айтатын ата-әже азайғаны рас. 60-тағы атаның аузы арақтан құрғамай, 60-тағы әжелер макияжбен алысып отырғанын көргенде аузы дуалы ақсақал мен көрегенді әжелердің ауылы алыстағанын түсінеміз.
Бүгінде жас отбасылардың шаңырағы ортасына түсуі күрт артса, бұған үлкендердің қауқарсыздығы тікелей әсер етіп жатқанын жасыра алмаймыз. Үлкен отбасыдан туып, өскесін, жас жұбайлардың өкпе-реніші қалай шешілетіні есте. Әке ашуын қабақ шытумен аңғартса, шешеміздің реніші бөлмесінің есігін қымтап жауып алуымен байқалатын. Бұл үйдегі жасы 70-ке жеткен кемпірдің алдында шу шығаруға алған тәрбиелерінің жібермегендігі екенін қазір түсінгендейміз. Ал үйде қарты жоқ жұп ойға келгенін айтып, ақыры енді қайта бет қаратпайтын сөздерді ақтарып жатады. Осындайда бақытты отбасының сыры – махаббаттан бұрын ең алдымен сыйластықта екеніне көндігесің.
Әлқисса деп басталатын ерте заманда бір жас жігіт отбасы ішінде қалай бақыт пен тыныштық орнатуға болатынын іздейді. Адамдар оған «Пәлен ауылда бір шал мен кемпір бар, білсе солар біледі бақытты тұрмыстың сырын, өйткені олардың ұрысқанын, бір-біріне дауыс көтергенін әлі ешкім көрген емес» дейді. Жас жігіт әлгі айтылған үйге барып, амандасып, хал-жағдай сұрасқаннан кейін үй иесіне келген себебін айтады. Қарт кісі дастархан басына қонақты жайғастырып отырғызады. Кемпірі дастарханға бір қауын әкеледі. Қарт кісі қауынға бір қарайды да, кемпіріне: «Ханым, бұл қауын онша піспегенге ұқсайды, ауыстырып әкелесің бе» дейді. Әйелі жарайды деп қауынды кері әкетіп, тағы бір қауын әкеледі. Күйеуі «Бұл да болмады, тағы басқасын көрші» дейді. Әйелі жарайды деп, тағы алып кетеді. Қарт кісі келген қонаққа: «Әйелім онша таңдай алмаса керек, кеттік бірге барып таңдап келейік», деп екеуі бірге ас үйге кіреді. Ас үйге кіргенінде бір ғана қауын тұрғанын көреді. Қарт кісі қонаққа қарап: «Отбасы бақытының сырын түсіндің бе» деп сұрайды. Жас жігіт «түсінбедім» деп жауаптайды. «Балам, үйде бір ғана қауын бар еді. Мен білетінмін біреу ғана екенін, менің білетінімді әйелім де біледі. Мен қауынды алып кетіп басқасын әкел дегенімде, жарайды деп әкетіп дәл соны қайта әкелді. “Ей, шал, сен алжығанбысың, үйде бір ғана қауын бар, не айтып тұрсың” демеді. Мен бір нәрсе айтқанымда әйелім қарсы шықпайды, дереу айтқанымды орындайды. Ол да бір нәрсе айтқанында мен де оның көңілін қалдырмаймын. Сол себепті ұрыс-керіс те болмайды. Отбасы бақытының сыры – осы» дейді.
Үйдегі тыныштықтың, түсіністіктің ең негізгі қағидаларының бірі – сырттағы адамдармен қалай сыпайы және жақсы мәміледе болсақ, дәл сондай мәміленің жанұя ішінде де болуы. Сыйластық болған үйде бақ-береке де болады деседі.
С.БАЙЖАН