Ерекше балаға – ерекше білім
Баланың даму жолында өз қатарластарынан артта қалу сынды жағдайлар жиі кездеседі. Дегенмен бұл соншалықты алаңдайтын дүние емес. Себебі мемлекет мұнымен күресудің жолдарын қарастырып қойған. Бүгінде дамуында кешеуілдеу байқалатын балалардың интелектуалды қабілетін артттырып, олардың өмірге әлеуметтік және физикалық тұрғыда бейімделуіне мүмкіндік беретін түзету сыныптары жұмыс жасайды.
Сондай сыныптардың бірі біздің аудандағы Ж. Жабаев атындағы №234 орта мектеп базасында қарастырылған. Түзету сыныбы 2005-2006 оқу жылындағы ПМПК қорытындысына сәйкес «Психикалық дамуы тежелген» диагнозындағы балалар үшін ашылған. Мұнда ерекше білімді қажет ететін балалар дені сау қатарластарымен бірге білім алады. Олар өз ата-анасынан алшақтамай, яғни арнайы мектеп-интернаттарда тұрып оқуға мәжүр болмай, тұрғылықты жерден мектепке қатынайды. Соның арқасында олар қоғаммен біте қайнасып, әлеуметтік жағынан бейімделуде. Ал ата-аналар балаларының дамуы мен тәрбиесіне белсене араласа алады.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Рабиға Игілікованың айтуынша, биылғы оқу жылында 13 сыныпта барлығы 93 оқушы, ал денсаулығына байланысты үйден оқитын 25 оқушы дәріс алып жатыр.
– Түзету сыныбында оқитын балалармен жұмыс арнайы бағдарлама негізінде жүзеге асады. Мұнда балаға оқу процесі баспалдақ негізінде ұйымдастырылады. Яғни тапсырмалар ең қарапайым жаттығулардан басталып, күрделіге қарай ауысып отырады. Бұл оқушылардың төменнен жоғары қарай сатымен көтерілуіне мүмкіндік береді. Осындай жұмыстардың аясында түзету сыныбында оқитын тәрбиеленушілеріміз оң нәтиже көрсетіп, білім де де, өнер де, спортта да жетістіктерге жетіп жүр, – дейді Рабиға Игілікова.
Расымен, түзету сыныбында оқитын балалардың шыққан шыңдары аз емес. Арнайы педагикалық-спихологиялық қолдаудың арқасында олар аудандық, облыстық «Бәрімен бірдей», «Шексіз әлем», «Біздің қолымыздан бәрі келеді», «Жұлдызай» сынды байқаулардың жеңімпаздары атанған.
Жұлдызай – 2022» ұлттық инклюзивті ойындарында «Асық ату» бағамы бойынша 8 сынып оқушысы Ерқанат Нұржан облыстық кезеңде I орын алып, республикалық байқауға жолдама алды. Кейін республикалық кезеңде де топ жарып, I орын иеленді. «Жұлдызай – 2023» республикалық балалар шығармашылық байқауының аудандық кезеңіне «Хореография» бағамы бойынша 4 «д» сынып оқушысы Арай Ерғалиева Арай I орын иемденді. Облыстық кезеңде III орынды қанжығалап, байқаудың республикалық кезеңіне жолдама ұтқан.
Иә, бұл мектеп ұжымының жеткен жетістіктердің бір парасы десек болар. Ал сондай жетістіктерге жетелеп, балалардың жан-жақты дамуына барынша күш салып жүрген педаогтар екені даусыз. Мұндағы мұғалімдер өз мамандығына шын берілген жандар. Олар үнемі ізденісте үстінде, білімдерін тұрақты жетілдіріп жүр. Түзету сыныбында дәріс беретін ұстаздар облыстық, республикалық курстарынан өткен. Соның нәтижесінде арнайы психологиялық, педагогикалық, коррекциялық жұмыстар бірізділікке түскен.
Ерекше білім беруді қажет ететін сыныптарда кәсіптік бағдар беру жұмысы да жолға қойылған. Мұғалімдер кәсіптік бағдар беру қоғамның қажеттілігіне қарай, әрбір оқушының қабілеттілігі мен бейімділігін ескере отырып, кәсіпке қызығушылығын қалыптастыруға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесіп келеді. Соның нәтижесінде 2019-2020 оқу жылында 7 оқушы, 2020-2021 оқу жылында 7 оқушы, 2021-2022 оқу жылында 8 оқушы кәсіптік-техникалық колледждерге қалаған мамандықтары бойынша оқуға түскен. Сонымен қатар мектепте «Жас қолөнершілер», «Жас тігіншілер» үйірмелері жұмыс жасайды.
Мамандардың қолжетімді еңбек етуі үшін мектепте кабинет қарастырылған. 2021-Арнайы оқу кабинеті 2022 оқу жылында облыстық өңірлік «Жол картасы» аясында «Ерекше балаларға – ерекше қолдау» мақсатында пайдалануға берілген. Сынып оқу әдістемелік, сондай-ақ қажетті құралдармен жабдықталған. Сонымен бірге түзету сыныбында оқитын балаларды мектепке тасымалдайтын арнайы көлік те қарастырылған. Айта кеткен жөн, жуырда ғана Оқу ағарту министрі Ғани Бейсенбаевтың Қазалы ауданына сапары кезінде түзету сыныптарында оқитын оқушылар үшін заманауи үлгідегі жаңа автобус табыс етілді.
Ерекше білімді қажет ететін балаларға қолдау қашан да маңызды. Балаларға қолайлы орта қалыптастырып, қабілетін шыңдауды мақсаты санайтын білім ордасының жұмысы одан әрі жанданса, мұнда білім алатын шәкірттер қоғамда өзіндік мүмкіндіктерін жан-жақты көрсетіп, тұлға болып шығары анық.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ