Злиха ӘБІЛ: Инклюзивті білім беру – қоғам қажетілігі
Бүгінде білім беру үдерісінде мүмкіндігі шектеулі балалардың сұраныстары мен қажеттілігін қарастыратын инклюзивті білім беру мекемелері барлық өңірлерде жұмыс жасауда. «Білім жалпыға бірдей берілуі керек» деген мемлекеттің саясатын ұстанып, ерекше балалардың әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау көрсетіп жүрген ұйымдар біздің өңірде де жоқ емес.
Аудандағы ерекше білім алуға қажеттіліктері бар балалардың жеке мүмкіндіктерінің алуан түрлілігін ескере отырып, олар үшін білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп жүрген ұжымның жұмысымен танысып , инклюзивті білім берудің артықшылықтары мен кемшіліктері турасында «Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация» мемлекеттік мекемесінің басшысы Злиха Кеңесқызына бірнеше сауал жолдаған едік.
Аудандағы ерекше білім алуға қажеттіліктері бар балалардың жеке мүмкіндіктерінің алуан түрлілігін ескере отырып, олар үшін білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етіп жүрген ұжымның жұмысымен танысып , инклюзивті білім берудің артықшылықтары мен кемшіліктері турасында «Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация» мемлекеттік мекемесінің басшысы Злиха Кеңесқызына бірнеше сауал жолдаған едік.
– Ең алдымен өзіңіз басқарып отырған мекеменің жұмысына аз-кем тоқталып өтсеңіз. Қанша маман жұмыс істейді? Қандай жұмыстар жүзеге асырылып жатыр?
– Жалпы «Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация» мемлекеттік мекемесі балаларды тексеруді және оларға консультация беруді, ерекше білім беру қажеттіліктерін және білім алу үшін арнаулы жағдайларды бағалауды, білім беру бағдарламасын айқындауды жүзеге асыратын, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды арнаулы психологиялық-педагогикалық қолдауға жіберетін білім беру ұйымы болып табылады. Мекемеде 3 дәрігер, психолог, дефектолог, логопед, тифлопедагог мамандары жұмыс жасайды. Орталық мамандарымен бірге аудандағы ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалармен және ата-аналармен түрлі іс-шаралар, спорттық сайыстар, байқаулар жиі өткізіп тұрамыз. Сонымен бірге ППТК мамандарына, әлеуметтік қызметкерлеріне, мектеп мұғалімдері менмектепке дейінгі білім беру ұйымдары мамандарына әртүрлі тақырыптарда семинар-тренингтер, сабақтар, іс-шаралар, дөңгелек үстелдерұйымдастырылып тұрады. Мекеменің әлеуметтік желілердегі парақшаларында мамандар ата-аналарға, ұстаздарға, жалпы халыққа психологиялық, дефектологиялық, логопедиялық кеңес жұмыстарын үздіксіз жүргізіп тұрады.
– Ерекше балалармен жұмыс білік пен білімді талап ететіні белгілі. Орталық мамандарының кәсіби деңгейі қандай?
– Оныңыз рас. Ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс үлкен жауапкершілікті, тынымсыз еңбекті, үздіксіз білімді қажет етеді. Мамандарымыз инклюзивті білім беруге байланысты білімдерін жылда жетілдіріп тұрады. Бүгінде біліктілігін арттырған 3 педагог-сарапшы, 1 педагог-модератор тәжірибе барысында өздерінің қарым-қабілетін көрсетіп, ерекше балалармен жұмыстануда.
– Түзету сыныбында оқитын балалардың әдеттегі күні қалай өтеді?
– Жалпы бізде түзету сыныбы №234 мектеп базасында. Мұнда оқитын балалармен алғашқы жұмыс табалдырықтан, яғни оларды есік алдынан күтіп алудан басталады. Содан соң ғана негізгі жұмыстарға кірісеміз. Балалардың әдеттегі бір күні олардың даму мүмкіндігі мен ерекшеліктеріне сәйкес құрылған жоспар аясында жүргізіледі. Яғни, сабақ кестесі, мектептегі сабақтың ұзақтығы, баланың сол күнгі көңіл-күйі бәрі ескеріледі. Мұнда мұғалімдер психологиялық-медициналық-психологиялық сүйемелдеу жасап қоймай, балаларға керемет атмосфера сыйлауға тырысады. Олар спорттық сайыстар, байқаулар, түрлі ойындар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, балалардың бір күнін бір күніне ұқсамауын мақсат еткен.
– Жалпы инклюзивті білім беруде денешынықтырусыз толық инклюзия мүмкін емес дегенді естіп жүрміз. Осы ретте балалардың дене жаттығуларын жасауына орталықта қандай мүмкіндіктер жасалған?
– Иә, расымен ерекше қолдауды қажет ететін, сондай-ақ арнайы білім қажеттіліктері бар балаларға дене жаттығуларының маңызы зор. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуды ұйымдастыру мақсатында баланың психофизиологиялық және танымдық мүмкіндіктерінің деңгейін ескеретін оқу бағдарламасы бекітілген. Педаогтар сол бағдарлама аясында жұмыстанады. Дене жаттығуларын жасап, оларды салауатты өмір салтын ұстануға бейімдеу және сауықтыруға арналған арнайы құрылғылармен қамтып, балаларға жайлы орта қалыптастыру үшін қажеттілігіне қарай құрал-жабдықтармен толықтырып келеміз.
– Өзіңіз білесіз, көп ата-аналар балаларының ерекшелігіне қарамастан олардың жалпыға бірдей мектептерде оқығанын қалайды. Сіздің тәжірибеңізде осындай мәселелермен келетін ата-аналар болды ма? Олармен қалай жұмыстанасыздар?
– Иә, ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары мұндай сұрақпен жиі келіп жатады. Бірақ көбіне ата-аналар қалыпты білім беру кеңістігінде арнайы оқу қажеттіліктері бар балалардың ерекшеліктерін назардан тыс қалдырады. Балалар өз құрдастарымен тең жағдайда білім алуға құқылы десек те, олардың арасындағы қарым-қатынас көріністерін болжау қиын. Мұндайда болуы мүмкін барлық жағдайды алдын ала сарапқа салып, сосын ғана шешім қабылдаған дұрыс. Себебі инклюзивті білім беру саласында біршама кедергілер бар. Атап айтсақ, жалпы білім беретін мектеп оқушылары даму ауытқушылықтары бар, өздерін басқаша ұстайтын қатарластарын жанында көруге әлі де болса үйренбеген. Осындай қиындықтармен ұшырасатындығын ата-аналарға үнемі айтып, ескертіп отырамыз. Сондай-ақ оларға моральдық, психологиялық тұрғыда да кеңесімізді береміз. Жалпы бұл мәселеде мұғалімдер ерекше қажеттіліктері бар балалар мен мектеп оқушыларының, олардың ата-аналарының, басқа да мұғалімдердің арасында оң көзқарас қалыптастыруда жетекші рөл атқаруы тиіс. Сонда ғана ерекше қажеттілігі бар балаларға қатысты қалыптасқан теріс көзқарастан түбегейлі арылуға болады.
– Ерекше мұқтаждығы бар балалардың статитикасы жыл сайын жаңаруда. Десек те өңірлерде осы бағдарлама аясында білім беретін сыныптар мен мектептер санаулы. Олардың санын көбейту үшін не істеу керек?
– Расымен, статистика барлығымызды алаңдатады. Бірақ құр алаң мәселені шешіп бермейді. Ол үшін нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыс болуы қажет деп есептеймін. Білім беру орындарының саны бұл статистиканың азаюына әсер етеді деп айта алмаймын. Себебі саннан сапа маңызды. Ал сапаға негізделген бірегей амал әрқашан өз жемісін береді. Біз де сол бағытта жұмыс жасап келеміз. Бүгінде Қазалы аудандық білім бөлімі бойынша 30 мектепте, 13 балабақшада инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Онда дефектолог, логопед мамандар қызмет етеді. Қазіргі таңда мамандар сөйлеу тілінде бұзылысы бар және оқу үлгерімінде қиындықтар келтіріп отырған оқушылармен коррекциялық жұмыстар жүргізуде. Мектепке дейінгі ұйымдарда арнайы мамандар сөйлеу тілінде бұзылысы бар балалармен жұмыстанса, ал Ж.Жабаев атындағы №234 мектеп базасында түзету сыныбында оқитын балалар тек сабақ оқумен шектелмей, арнайы мамандардың кестесіне сәйкес түзету-дамыту жұмыстарын алып жатыр.
– Қазір ауданда инклюзивті білім беруді жүзеге асыру, ЕББҚ балаларды жалпы білім беру үдерісіне толық қосу үшін жағдайлар жасау қалай жүзеге асырылуда?
– Бұл сұраққа бір жақты жауап беруге болмайды. Неге десеңіз, қалыпты білім беру жағдайында білім беретін мектептердің барлық сыныбына ерекше қажеттілігі бар балалардың бәрін бірдей қатарға қосу мүмкін емес жағдайлар бар. Қарапайым мектепте жалпыға бірдей білім алу мүмкіндігі қарастыла бермейді. Себебі жалпы орта мектепте білім беру оқушылардың интеллектуалды және физикалық денсаулығының стандартты деңгейіне арналған. Мектеп стандартқа сәйкес келгенде ғана толық инклюзиямен қамтуға болады. Дегенмен өңірдегі мектептерде бұл талапқа сай келмейді деп айта алмаймыз. Себебі мемлекет бұл тарапқа көп көңіл бөліп жатыр. Соның арқасында Қазалы ауданында жалпы білім беру мекемелерінде ЕББҚ балаларға білім алу үшін мүмкіндіктер жылдан жылға жақсарып келеді. Кедергісіз орта құру, арнайы мамандармен қамту, қажетті құралдармен жабдықтау кезең-кезеңімен сұранысқа сәйкес жүзеге асырылып келеді.
– Шетелдік тәжірибеге зер салсақ, инклюзивті білім беру мәселесі біздің елмен салыстырғанда едәуір жолға қойылған. Біз сондай деңгейге көтерілу үшін не істеуіміз керек?
– Инклюзивті білім беруде шетелдіктер бізден көш ілгері дамыған. Ал біз солардың тәжірибелерін негізге алып жұмыс жасап жатырмыз. Бірақ кейде ойлаймын, біздің менталитет кейбір дүниелерді қабылдай алмайды. Сондықтан ұлттық болмысқа негізделген жүйе қалыптастыруымыз керек сыңайлы. Арнайы білім беруді қажет ететін балалар туралы мәселесі күні бүгінге дейін өзекті болып саналады. Тіпті білім беру жүйесінде ауқымды түрде талқыланып, зерттеліп, зерделеніп келеді. Десек те, ерекше қолдауды қажет ететін балаларды жалпы білім беру ортасына кіріктіру мәселесінде әлі де жетіспеушілктер бар. Олар туралы мәліметтер қорын жасау мәселесі де қажетті дәрежеде қарастырылмай келеді. Балалармен жұмыс жасайтын білікті педаогтарды даярлау, олардың жұмысын жетілдіру, жандандыру мәселесін бәрінен бұрын алға қойса, инклюзивті білім беруде әлдеқайда нәтижелі жұмыс көрсеткен болар едік деп ойлаймын.
– Қалай ойлайсыз, ерекше қолдауды қажет ететін балаларға білім беруде тек мемлекет ұсынған әдістемелік нұсқаулықты қолданған жөн бе әлде?
– Елімізде оқушылардың білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған психологиялық, медициналық және педагогикалық кеңес беру ұсынымдарын ескере отырып әзірленген арнайы және жалпы білім беретін оқу бағдарламалар арқылы жүзеге асырылп келеді. Біз соның негізінде ерекше балаларға білім беріп, бағыт көрсетіп келеміз. Десек те, шетелдік тәжірибеге негізделмеген өзіміздің ұлттық бағдарламамыз жасақталса, құба құп болар еді. Жоғарыда айтып кеткенімдей, біздің сана-сезіміміздің, мінез-құлқымыздың шетелдік тәжірибеге сай келмейтін тұстары да бар. Сондықтан балалардың ұлттық болмысқа негізделген білім мазмұнын меңгеруін қамтамасыз етіп, оқыту барысын рухани тәрбиеге негіздеу керек. Себебі ұлттық менталитеттің қуаты осы рухани бастаудан, ал рухани күш балалардың өздерін ортада сенімді әрі еркін ұстауына сеп болар еді.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!Әңгімелескен Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ