Желбіре, жеңіс жалауы
Әйтеке би кенттік мәдениет үйінде Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Соғыс және еңбек ардагері, КСРО қаржы саласының үздігі, Қазалы ауданының құрметті азаматы Көшімов Күнтуған Сағындықұлының туылғанына 100 жыл толуына орай «Желбіре, жеңіс жалауы» атты аудандық ән байқауы өткізілді. Байқау барысында №5 Кенттік кітапхана ұжымы «Жұртының жадындағы жарқын бейне» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.
Рухани-танымдық шара аясында Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Орынбасаров, Қазалы ауданының мәдениет және спорт бөлімі басшысының орынбасары Орысбек Жәмшитов жылы лебіз білдіріп, байқауды ашты. Бұдан әрі Күнтуған Сағындықұлының шәкірттері, көзін көрген қонақтар Аманов Ахметулла, Қазнагүл Бакенова, Ұлтуған Әбдібаева естеліктерімен бөлісті. Набира Күнтуғанқызы мен күйеу баласы Кемал Көпжасар ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Сонымен қатар, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бөлім меңгерушісі Мағрипа Елдесбай байқау кейіпкері туралы естелік ойын жеткізді.
Күнтуған Сағындықұлы 1923 жылы Қазалы ауданы №2 Сарытоғай ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1941 жылы желтоқсан айында әскер қатарына шақырылып, Саратовтағы полктық мектепке жіберілген. 1942 жылдың наурыз айында бірінші Украина майданына соғысқа аттанған. Украина, Белоруссия, Венгрия, Польша, Австралия, Чехославакия елдерін азат ету майдандарына қатысқан. Бірінші рет жараланып, госпитальға түскен кезде бір ай емделіп өз полкіне келгенде «Ерлік үшін» медалі берілген, 1944 жылы тағы да ауыр жараланып, Краков қаласындағы госпитальда операция жасатып, аяғындағы оқты алдырған. 1945 жылы мүгедектігіне байланысты елге қайтарылған.
Күнтуған Көшімов елге оралғаннан кейін қаржы саласында 38 жыл қызмет атқарып, «КСРО Қаржы саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, 4 шақырылымдағы аудандық Кеңес депутаты болып сайланған. 2009 жылы Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» атағын иеленген.
Соғыс және еңбек ардагерін ұлықтауға арналған байқауға Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және ауылдық жерлерден 16-25 жас аралығындағы талапкерлер қатысып, соғыс тақырыбындағы әндерді орындады.
Өнерпаздарды ҚР Мәдениет саласының үздігі, сазгер Арман Әуез, Мәдениет саласының ардагері, әнші Кенже-Әлі Асқар, Р.Бағланова атындағы Қазалы аудандық мәдениет Орталығының музыкалық жетекшісі, әнші Мұрат Әділов бағалады.
Бас жүлдені Тасарық ауылынан келген Жансая Әмірбек жеңіп алды. Лақалылық Мағжан Темірханның өнері бірінші орынға лайық деп танылды. Ал кенттегі №266 мектеп-лицей атынан қатысқан Темірлан Теңізбай екінші орын иеленді.Үшінші орын арандылық Шынар Ақниет пен басықаралық Құралай Ералыға бұйырды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА