18 мың жұмыссыз SKILLS ENBEK арқылы білім алды

Платформада жалпы 259,7 мың қазақстандық тіркелді, оның 68,2 мыңы 2023 жылы тіркелген. Оқудан өткен 18 мың жұмыссыз азаматтың 6 мыңы – негізінен Қызылорда, Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарының жастары.
Платформа іске қосылған сәттен бастап авторлар онда әртүрлі бағыт бойынша 210 курс жариялады, оның 158-і тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағат аралығында.
Ең танымал курстар – «Разведение КРС молочного направления», «Жылыжайда көкөніс өсіру технологиясы модулінің мақсаты, міндеті және мазмұны», «Выращивание клубники от А до Я», «Сүтті ірі қара өсіру», «Управление персоналом» және «Кассир».
Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған.
Оқуға тікелей https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы өтуге болады.
Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруы тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау.
Бұл сертификат Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші SKILLS.ENBEK.KZ-те табысты оқудан кейін алынған сертификаттарды көре алады.