Қызылордалық соғыс ардагерлеріне тосынсый көп
Мереке қарсаңында осы соғыс ардагерлеріне 1 млн 500 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек төленеді.
Сыр өңірінде Жеңістің 78 жылдығы кең көлемде аталып өтіледі. Бүгінгі таңда аталмыш мерекені ұйымдастыру үшін арнайы іс-шара жоспары бекітілген. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте мәлім болды.
Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаевтың мәлімдеуінше, жоспарға сәйкес мерекелік құттықтаулар, концерттік бағдарламалар, қойылымдар, көрмелер және қайырымдылық акция өткізу жоспарлануда.
«Жалпы, жыл сайын мереке қарсаңында ардагерлерімізге барынша әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінгі күнге аймағымызда Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген 4 177 ардагер тұрады. Оның ішінде, Ұлы Отан соғысына қатысқан 6 ардагер бар. Атап айтқанда, Қазалы ауданында – 2, Сырдарияда – 1, Шиеліде – 1 және Қызылорда қаласында 2 қария тұрып жатыр. Мереке қарсаңында осы соғыс ардагерлеріне 1 млн 500 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек төленеді. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысының қатысушыларына мемлекет тарапынан ай сайын орта есеппен 178 мың теңгеден зейнетақы және 55 200 теңгеден арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленіп отыр. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда кемінде 6 ай жұмыс істеген 2408 адамға 138,0 мың теңгеден көмек беріліп отырғанын айта кеткен абзал. Бұдан өзге, тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін Кеңес заманында орден,медальдарымен марапатталған ардагерлерге, қайтыс болған соғыс мүгедектерiнiң және соларға теңестiрiлген мүгедектердiң, қатысушылардың әйелдерiне, жеңілдік бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген адамдарға да жәрдемақы төлену ескерілген. Сондай-ақ ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль АЭС апатының зардабын жоюға қатысушылар, Семей ядролық сынақтарын жою, Тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД шекарасын қорғау, Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысқа қатысқандар мен Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясына барғандар да мемлекет қолдауынан қалыс қалмайды», – деп түсіндірді басқарма басшысы Ғабит Жұмабекұлы.
Негізінен, Сыр өңірінен майданға 70 мыңнан астам азамат аттанып, оның 30 мыңнан астамы соғыста қаза тапқан. Хабар-ошарсыз кеткендері де аз емес.
Мереке күні қарсаңында облыс әкімі мен орынбасарлары, Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, басқарма басшылары соғыс ардагерлерінің үйлеріне арнайы құттықтап барып, қуанышымен бөлісуді жоспарлап отыр. Жеңіс күнін жақындатқан жандарға тосынсый да жасалады.