Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сіз мамандықты қалай таңдадыңыз?

Сіз мамандықты қалай таңдадыңыз?

Өмірдегі ең маңызды қадамдардың бірі – мамандық таңдау. Меңгерген мамандығың – жарқын болашағыңның кепілі. Жыл сайын мектептен түлеп ұшатын әрбір шәкірт мамандық таңдайды. Қарапайым тілмен айтқанда, мамандық таңдау деген өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Ал, ғылымға келер болсақ, «Мамандық» сөзі латыннан аударғанда «жұрт алдында сөйлеу, жариялау» дегенге саяды. Есте жоқ ескі заманда мамандықтың қазіргідей түр-түрі болмады.
Қазіргі заман ағымына сай адам да түрленіп, нарықтық қарым-қатынас пайда болды. Қоғам дамып, түрлі жұмыс, сәйкесінше, түрлі мамандық дүниеге келді. Осыған орай мамандық таңдауға деген талғам өзгерді. Ғалымдардың пайымдауынша, мамандықты темпераментке сай таңдау керек деген болжам да бар екен. Ал, Сіз мамандықты қалай таңдадыңыз? Ата-анасының баланың мамандық таңдауына араласқаны дұрыс па? Осы сауалдарды өз ісінің нағыз маманы атанған жандарға қойған едік.

Қасқырбай ӘЛІМБАЙ,
«Жалаңтөс батыр» ЖШС директоры, экономист:
«Экономист мамандығы өміріме өзгеріс әкелді»
– Кеңес Одағының тұсында Жданов атындағы №25 мектепті бітірген соң бір жылдан кейін сыныптасым Рахман Жұмағанбетов екеуміз Алматы қаласындағы Қазақтың мемлекеттік Ауылшаруашылық институтына оқуға бардық. Алайда мен оқуға түсе алмадым. Сөйтіп төрт жыл қатарынан оқуға бардым, бірақ жолым болмады. Ол уақытта конкурс деген қатты болатын. Әсіресе, 1967 жылы политехникалық институттың ПГС құрылыс бөліміне тапсырып, 12 балмен түсе алмай қалғаным есімде. Сондағы айтқаны өндірістік стажым екі жылға екі ай жетпейді екен. Сөйтіп, ауылда жұмыс істеуге кірісіп кеттім. Совхозда құрылысшы, шеберханада темір ұстасының көмекшісі болдым. Совхозда бас экономист Махшат Есетов, бас бухгалтер Сәдуақас Төлепов ағаларымыз жұмыс істеді. Осы кісілерге еліктеп, экономист мамандығын меңгеремін деп толықтай шешім қабылдадым.
Совхоз директоры Жарылқасын Шарипов ағамыз совхозда механизаторлар жетіспейді мені де трактор айдауға жіберді. 1970 жылы маусым айының аяғына таман Шанжар учаскесінде жұмыс істеп жатыр едік. «Сені директор шақырып жатыр» деп бригадир кеңсеге алып келді. Жылы шыраймен қарсы алған Жәкең: «Сенің оқуға түсе алмай жүргеніңді білемін. Бізге Алматы қаласындағы Ауылшаруашылығы институтының экономика факультетіне бір жолдама келіп тұр. Соны саған берейін деп отырмын», – деді.
Міне, осылай экономист маман болып шықтым. Бұл мамандық өміріме оң өзгеріс әкелді. Күні бүгінге соның жемісін жеп келемін. Менің бес балам да жоғары білімді экономист. Мамандықты өз қалауларымен таңдады.

Жангентхан АБЫЛАЕВ,
профессор, медицина ғылымының докторы, эндокринолог:
«Әке арманы мені медицина саласына алып келді»
– Әкем Абылай соғыста ауыр жараланып, госпитальға түседі. Сол кезде хирург дәрігер аяғын кеспей, емдеп, мүгедек болып қалудан аман алып қалған екен. Міне, содан бері әкем хирург болуды армандапты. Алайда жетім бала мединститутта оқуға шамасы келмейді. Сөйтіп, пединститутта білім алады. Өйткені, мединститутта сырттай бөлім жоқ.
Әкем хирург болсам деген арманын үнемі айтып отырушы еді. Сондықтан, мен әкемнің арманын орындаймын, ол жете алмаған мамандықты мен меңгеремін деп медицина саласын таңдадым. Қазір шүкір, осы саланы таңдағаныма еш өкінбеймін. Мен адамдардың денсаулығының жақсаруына өз үлесімді қосып жүргеніме ризамын.




Ержан ҚОЖАС,
«Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі:
«Армандаған мамандығыма он үш жылдан кейін жеттім»
– 8-сыныпта оқып жүрген кезімде «Мен журналист боламын» деп алдыма мақсат қойдым. Әкем Бекмырза әдебиет пәнінің мұғалімі еді. Үйде түрлі тақырыптағы кітаптар болды. Кітапты жиі оқитынмын, әсіресе, әдеби кітаптарға қызығушылығым басым. Мектеп бітірген жылы Тараз қаласына журналистика мамандығына құжат тапсыруға бардым. Алайда, шығармашылық емтиханның уақыты өтіп кетіп, үлгермей қалдым. Келесі жылды күтпестен Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетіне «Филология» мамандығына оқуға түстім. Бар ойым журналист болмасам да, шығармашылыққа қарай жақын жүру еді.
«Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп, жеті жыл ұстаз болдым. Газет-журналдарды үзбей оқитынмын. Өзім де ара-тұра басылым беттеріне мақала беріп тұратынмын. Арада қанша жыл өтсе де жүрек түкпіріндегі бала арманым, яғни журналистикаға деген құштарлығым өшпеді. Сөйтіп, он үш жыл дегенде арманым орындалып, журналистика саласына келдім.
Менің ойымша, ата-ана балаға мамандық таңдар сәтте тек бағыт-бағдар бергені дұрыс. «Мына мамандыққа барасың» деп кесіп айту келешекте қоғамға бір сапасыз маманның қосылуына ықпал ететін секілді. Мамандық ол сенің алдағы бар өмірің. Сондықтан жаның қалаған мамандықты меңгеру әрі сол салада жұмыс істеу – өмірден өз орныңды алғанмен тең.


Алмас МҰҚАШҰЛЫ,
сарапшы:
«Балаңыздың адам болғаны керек пе, әлде маман болғаны керек пе?»
– Кейбір ата-ана баласының өзі таңдаған мамандығына келісім беріп, еркіндік танытып жатса, кейбірі бұған үзілді-кесілді қарсы шығып, «ол мамандықтан ақша таба алмайсың» деген уәжбен баласын райынан қайтарады. Қайсысы дұрыс? Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Бижан Игенбаеваның айтуынша, «Кім болам?», «Қай мамандықты таңдайсың?» деген сұрақтар бойынша сауалнама жүргізілген. Соның қорытындысы бойынша, мектеп бітірушінің (жалпы қатысқандар саны – 560) 63 пайызының жауабы – «Ата-анам біледі» болса, 9% – «өзім шештім», 28% – «Тұрмыс жағдайыма байланысты болады» деп жауап берген. Демек, бүгінгі таңда баланың мамандық таңдауына, қазіргі тілмен айтсақ, «өмір жолына түсуіне» сауалнама қорытындысына сүйенсек, көбінде тікелей ата-анасы әсер етіп отыр... Жалпы, бұл мәселеге келгенде ата-ананың айтатын уәжінде: «бұл мамандықта ақша таба алмайсың» деген «бұзылмас қағида» жатады. Осы кезде Е.Климов сынды беделді педагогтардың дені «ақша сіздің өміріңізде қаншалықты маңызды?» деген сұраққа жауап беру керек, себебі күнкөріс үшін қаражатты кез келген мамандықтан табуға болады деген ой тастайды. Ал, қымбат көлік, кең зәулім вилла үшін ең мықты деген мамандықты игергендердің өзі қолы жетпейтіні рас, оның парқын ажыратып алу қажет екен. Бұл жерде педагогтар адамның бағы, тағдыр талайы мен еңбекке арқа сүйеу керектігін, баланы соған бейімдеу қажеттігін баса айтады. Демек, бұдан шығатын қорытынды: балаға мамандық берместен бұрын оның ішкі өзегін қалыптастырып, ерік-жігері мен тәрбиесін қолға алу қажет болды.
Сондықтан, алдымен «сізге балаңыздың маман болғаны керек пе, әлде адам болғаны керек пе?» деген сауалға ойлануымыз керек. Жүсіпбек Аймауытов өзінің бір естелігінде: «әкем біздерді молдаға беріп, сауат аштырып ғана қоймай, күн көріс қамын да үйретті. Ағам екеуімізді етікшіге беріп, етік тігуді, шеберге беріп, ағаш жонуға машықтандырды», деп жазады. Бұл жерде мамандыққа, күнкөріс қамы үшін деп қарағанына мән бере кетелік. Сөз жоқ, қазіргі біздің түсінігімізде мамандық деген ол өмірдің мәні болған. Оқымаған адамға төменгі тап өкіліндей қарайтындар аз емес. Сондықтан да болар, кей жерлерде мамандық біз үшін күнкөріс, елге қызмет үшін керек дегеннен гөрі, Абай хакім айтпақшы, «өзің де сондай зор болмақсың» үшін қажеттей. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Мойындауымыз керек, «өлмейтін» мамандықтар болады. Тіпті, бір әулетте арысы 300, берісі 100 жыл сол мамандықтың династиясын құрғандар бар. Ісіне адал жандардың сол мамандықтың хас шебері болып, елімізге, мемлекетке зор пайда тигізгені қашанда мақтаныш. Осы орайда, мамандық таңдауға қатты көңіл бөліп, адамдық, адамгершілік, рухани, моральдық биіктік мәселесін ұмыт қалдыруды әсте болмайды. Өйткені, тәрбиелі бала қандай мамандықты игерсе де, отбасының алдындағы жауапкершілігін ұмытпай, ырзығын да жеткізеді, елін де өрге сүйрейді.

Жанар ШЫРАЕВА,
Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің оқытушысы:

«Көрпеңе қарай көсіл»

– Қазір кәсіптік-техника­лық маман­дықтарды меңгеру үшін қолайлы жағдай жасалған. Барлығы дерлік грант негізінде оқытылады. Арнайы шәкіртақы да беріледі.
Мектеп бітіруші түлек заман талабына бейімделуі керек. Біріншіден, бүгінгідей нарықтық кезеңде ақылы білім алу барлығына бірдей оңай емес. Екіншіден, сұранысқа ие мамандықты меңгерсең жұмысқа тұруда қиындық тудырмайды.
Біздің жастардың санасында әлі де кәсіптік білімге деген көзқарас бөлектеу. Кейбіреуі тіпті кәсіптік-техникалық мамандықта білім алуды ұят санайды. Адам мамандығынан емес, өзінің жалқаулығынан ұялуы керек. Өзінің мүмкіндігіне, қарым-қабілетіне қарап, мамандық таңдаған орынды. «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген ғой. Кей ата-ана кеудені керіп, баласының өресі жетпейтін мамандықты оқуын құптап жатады. Кейін одан жақсы маман да, өнімді жұмыс та шықпайды. Сондықтан әркім «Көрпеге қарай көсілгені» абзал.

Сұхбатты жүргізген:
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА



26 мамыр 2018 ж. 6 422 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930