Жол жаққа қараймын...
Баяғы әуенді бастаймыз. Қоғамдық көлік мәселесі. Қазақта: «Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды» деген тәмсіл бар емес пе еді? Бұл аудандық маршруттардың шешімсіз мәселесіне көздеп тұрып айтылғандай көрінетін бар. Кеше ғана жаңбыр жауып, күн суытты. Ал былтыр жаздың аптабына шыдас беріп, базар маңындағы аялдамада тағатсыздана қоғамдық көлік күтіп тұратын әжей әлі де жол жаққа елеңдеумен тұр. Бұл жолы жаңбыр әжім басқан бетіне ентелей ұрынып, өкпек жел шымыр еткізетіндей көрінеді. Әттең, әлгі басшылар айтатын «маршрут аралығы 7 минуттан аспайды» деген миф шындыққа сәл жанасатын болса, қартайғанда рақат көремін деген әже бұлай тұрмас па еді? Кім білсін?
Басшылар дегеннен шығады, қайбір жылы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов қоғамдық көліктің тендерінде бәсекелестік жоқ екенін айтқан еді. Жыл басында шаруаны бітіруге шама келмегесін, «Газелі» көптің ығына көніп, жалынғандай күй кешетіні де айтылды. Күрмеуі қиын істі қолдан келгенше шешуге тырысқан басшының: «Маршрут көліктерінің саны жыл сайын қысқарып келеді, бірнеше айдың ішінде жеңімпазды анықтап, мәселені шешеміз», – деген сөзін естідік. Осыдан кейін аяғы жерге тимей жүрген ақ маршруттардың интервалы туралы мәселе көтеруге арымыз жібермеген. Әрі-беріден кейін осы іспен айналысып жүрген кәсіпкер азаматтардың сының не, шының не, тіпті, халықтың мұңы не, мұртын да қисайтпайтын секілді. Бұған жергілікті атқарушы билікті тікелей кінәласақ, шенеуніктер ренжи қоймас. Елдің бір тілегін ретке келтіре алмай отырып, халыққа ренжігені жөн болмасын олар да жақсы біледі.
– Басқа өңірлерде қоғамдық көліктер заман талабына сай жаңартылып отырады. Ал біздің қарапайым маршруттың уақытында келуін көрмегенімізге жылдар куә. Қоғамдық көлікпен лайықты деңгейде айналысатын кәсіпкер аз болса, онда облыс деңгейінде субсидия арқылы шешуге болатын шығар. Қалай дегенмен де жерігілікті тұрғындардың тілегі тыңдалып, лайықты орта қалыптастыру міндет емес пе? Бірақ мұның шешілетін күнін әзір көрмейтін сияқтымыз, – дейді кент тұрғыны Дәулет Біржан.
Халыққа қызмет ететін, сонымен күн көріп отырған азаматтардың жауапкершілігі жоғары болса екен деген жұрт тілегін жеткізу парызымыз. Қазіргі таңда аудан ішінде жолаушылар тасымалымен жеке кәсіпкер С.Айтжанов, «Талап и К» және «Қазалы такси» серіктестігі айналысып жүр. Қол астына жиналған 15 орындық «Газелі» бар жүргізушілер 30-40 көлікті сатып жібергенін бұрын да айттық. Жаздыгүні жұрттың төбесін күн тесіп тұрғанда жүргізушілер қомақты ақшаға Қамбашты бетке алып кететіні де жаңалық емес. Оларды жұмыс тәртібіне бағындыра алмаса, халық сұранысын қанағаттандыра алмаса, түптеп келгенде қоғамдық көлікке қойылатын талаптың тең жартысын орындай алмаса, басшылары кәсіптің бағытын басқа салаға бұрып, бағын сынап көру керек шығар, мүмкін. Әйтпесе, қымбатшылық қалтаға қарақшылық жасап тұрған заманда таксиге тиын таппай, жұрттың бәрі жаяулатып кетті. Жүз рет айтылған шын сыннан нәтиже шығаратын кез баяғыда келді емес пе?!
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ