Өнегелі өмір иесі
Елу миллионнан астам өмірді жалмаған Ұлы Отан соғысы әр қазақ отбасы үшін де орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан екі миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ жауынгері қайтпай қалды. Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама көкөрім боздақтардың қыршын жасы қиылды. Қауызын ашпай көктей қырқылған жандардың қатарында 10 500-ден аса қазалылық жерлесіміз бар. Отан қорғауға Қазалыдан аттанғандардың бес мыңдайы ғана жаралы әрі науқас күйінде елге оралды. Олардың қатарында Шүкір Оспанов та бар еді.
Он жетіге жаңа толған бозбала Қазалы өлкесінен майданға аттанды. Жан алысып, жан беріскен ұрыс даласында Отан үшін от кешкен Шүкір Оспанұлы Прибалтика жерінде гвардия сержанты ретінде бес жыл қатарынан қан майданда жаумен арпалысты. Соғыста бір аяғынан айырылған ол ерлігі мен қайсарлығы үшін кеудесіне бірнеше орден-медаль тақты. Майдангер «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері. Бұдан бөлек «Германияны жеңгені үшін» және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Жеңістің 20, 25, 30, 50, 60 жылдығы мерекелік медальдары оның соғыс кезіндегі ерен еңбегінің дәлелі еді.
Соғыс оты өшіп, бейбіт заман белең алған 1945 жылы елге аман-сау оралған Шүкір Оспанұлы военкаматта жұмыс істеді. Жылдар өте келе соғыс салған ызғардың табы білініп, денсаулығы сыр берген ол жеңіл жұмысқа ауысты. Жары Биханшамен өмірге он бір бала әкеліп, тәрбиеледі. Оларға Нұрсұлтан, Ерсұлтан, Ерболат, Айсұлу, Күнсұлу. Қуанышбай, Серік, Нұрсұлу, Меңсұлу және Құралай деп есім беріп, өсіріп, жетілдірді.
Бір аяғын майдан даласында қалдырып, елге жаралы күйде оралған соғыс ардагері Шүкір Оспанов туралы ел ішінде естелік айтатындар қатары аз емес. Солардың бірі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов: «Шүкір мен Биханшадан тараған ұрпағы бүгінде бір қауым ел. Әкенің арын, ананың ақ сүтін ақтауда адал еңбек етуде. Адам ұрпағымен мың жасайды. Қазіргі таңда ұл-қыздары үнемі әке-шеше рухына құран бағыштап, еске алып отырады. Уақытында елге сыйлы болған Оспановтардың ошағы оттан түскен емес. Әкеден көрген өнеге, шешеден алған тәлімді одан әрі жалғап отырған балаларына қарап риза боламын», – дейді.
– Әкемнің бір аяғы тізеден жоғары жоқ болатын. Арқасында оқ қалған. Әйтсе де еңбек етіп, отбасын бағып-қақты. Анам Биханша үй шаруасында болып, бізге бар білгенін үйретті. Әкем аң аулағанды ұнататын. Менің есімімді Құралай деп еліктің лағындай көркем, көрікті болсын деген ниетте өзім қойдым деп отырушы еді, – дейді соғыс ардагерінің кенжесі Құралай Шүкірқызы.
Майдангердің қызының бұл сөзін тоқсанға таяп қалған ақсақал Сәду Ақниетов те құптай сөйледі.
– Шүкір ағамыз, денсаулығында кінәрат болса да ешқашан еңбектен қашпаған жан. Аңға шығып, балық аулап, құс та ататын. Жары Биханша да қолы ашық жан еді. Көрші-қолаңға қолда барды үлестіріп, қашан барсаңда қазаны оттан түспейтін, – деп өткенді еске алды.
Уақытында Шүкір Оспановқа үкімет тарапынан мотоцикл, екі мәрте жеңіл автокөлік беріліпті. Бұны соғыс ардагері туралы сөз қозғаған жандардың барлығы тілге тиек етті.
– Ол кезде қазіргідей машина көп емес. Тіпті бірен-саран үйде ғана болатын. Біздің әкемізге берілген көлікпен «анда барып келейік, мында барып келейік» деп жағдай айтушылар көп еді. Ешқайсысының бетін қайтармайтын ақкөңілділігі басым жан болатын, – деді қызы әкесі туралы әңгімесінде.
Құралай Шүкірқызының пікірін қостай жөнелген Жахан Айтөреев пен Әбіқани Дүзелбаевтың да мақала кейіпкері туралы алабөтен ойлары жоқ. «Өте жақсы жандар еді. Кішіге қамқор, үлкенге ізет көрсетудің нағыз үлгісін сол кісілерден үйрендік. Шүкір ағамыздың аңшылығының өзі бір бөлек әңгіме. Апасы Несібелі мен екі інісі Жұман мен Нағашыбайдың арқасүйері болды», – деді ақтарыла.
Бүгінде Шүкір Оспанов пен жары Биханша Әбілдақызы өмірден озған. Алайда олардың көзін көріп, аралас-құралас болған жандар арамызда бар. Солардың бірі – Үрімхан Өмірзақова.
– Шүкірді ағам дейтін едім. Биханша жеңгеміз «Еркежан» деп ат қойды. Шалқардың қызы болатын. Алдымнан кесе өтпей, құрметін көрсететін. Биязы, тәрбиелі жан еді. Ағамыз аң аулауға әуестігі бар. Өсті-өнді, ұрпағы қазір жан-жақта өз алдына отау болып отыр. Балаларынан тараған немерелері әр салада абыройлы қызмет етуде. Бұл отбасының қуаныш, қайғысында қатар қуанып, бірге мұңайдық. Өте кеңпейілді ерлі-зайыптылар еді. Орнында бар оңалар деген. Әкесінің атын өшірмей, анасы берген өсиетті аяқ асты етпей, өнеге етіп отырған ұл-қыздары бар. Бақыт деген осы ғой, – деді Үрімхан апа.
Ал кезінде кейіпкеріміз Шүкір Кенжебайұлымен көрші тұрған Омар Тыныштықбай: «Уақытында үкіметтің қолдауын көріп, машинаға дейін мінді. Онысымен елді жетер жеріне жеткізіп, алғысын алды. Алдыңғы буын аға ретінде сыйлайтынбыз. Ол да бізден үлкендік қамқорлығын аямады. Ақылын айтып, алға сүйреді. Халыққа пайдасы тигені болмаса, зияны болған жоқ», – деді.
Аралдың Ақшатауында туып, бертін келе Қазалы топырағына қоныс тепкен Шүкір Оспановтың әкесі Оспан мен анасы Мамық туралы да көзкөргендер жылы естеліктерімен бөлісті. Олардың айтуынша, үлкен аталары Кенжебай, Қытай уақытында емші болған. Көрік ұстап, қорықтық құйған киелі жандар екен. Балық шаруашылығын кәсіп еткен ата жолын қуған Шүкір де балық десе, ішкен асын жерге қоятындай болыпты.
– Балық, құс жеуге Шүкір ағамыздың шаңырағына баратынбыз. Қолынан келмейтін іс жоқ еді. Жеңгеміз Биханша да жоқ дегенде шай ішкізбей қайтармайтын. Пейілі кең, көңілі дархан жандар болатын. Қонақтар бірі келіп, бірі кетіп жатқанда қабақ шытпай, бәріне қызмет етіп жүретін жеңгеміздің ісіне ел сүйсінетін, – деп бүгінде ақ сақалды ата мен ақ жаулықты әже атанып отырған Шайхслам Үмбетбаев пен Мария Таласбаева риза көңілін білдірсе, Любовь Кенжебаева «Әке орнына әке болған Шүкір ағам» деп еске алды.
– Әкеміз ертерек көз жұмды. Артында қалған біздерді өз баласындай бауырына басып, қамқорлығын аямады. Бізді оқытты, әр сәтті қадамымызға қуанышпен қарады. Өзінің ұл-қызымен қатар қойып, жоғымызды бүтіндейтін, – деді ол ағасы туралы.
Майдан даласында елді азат ету жолында жаудан қаймықпай, қарсы тұрған бозбала Шүкір Оспнов туған жерге келген соң да ерінбей еңбек етті. Жұмыстан тыс уақытта тынымсыз тер төкті. Оның кең дастарханы кім-кімге де жаюлы тұратын.
– Мен Шүкір ағаның ұлдары Қуанышбай мен Серікпен қатар өстім. Бірге ойнап, бірге ержеткенбіз. Ол кездері адамдар бір-бірінің үйіне жиі баратын. Үлкендер жағы қауқылдасып отырып, әңгіме-дүкен құратын. Біз бір үйдің баласындай тату едік. Шүкір ағамыз бір аяғы жоқ, протезбен жүрсе де ешқашан мойыған емес. Қашан көрсеңде қарап отырмайтын. Еңбекқорлығы ерекше тәнті ететін. Әзіл-қалжыңнан да алыс емес ағамыздың «Айқын» газетіне Жетілген Барлыбаев жазған «Үйде тағы бір аяғым бар» деген әңгімесін өзім құрастырған «Ауылдың айтқыштары» кітабына енгізгенмін, – дейді Болат Жолтаев.
Оқ пен оттың ортасында жүріп, Отанын қорғаған жауынгерлер саны аз емес. Қилы заманның қиын-қыстау кезеңімен тұспа-тұс келген олардың ерлікке толы өмірі кейінгі толқынға ертегідей естілгенімен ол шындық еді. Осындай батыр аталардың арқасында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда өмір сүріп жатқан ұрпағы ата-бабалардың ұлағатты жолын ұмытпақ емес.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА