Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тірі тарих, тау тұлға

Тірі тарих, тау тұлға

Елу миллионнан астам өмірді жалмаған екінші дүниежүзілік соғыс әр қазақ отбасы үшін де орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Қазақстаннан екі миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ жауынгері қайтпай қалды. Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Отан қорғауға Қазалыдан аттанғандардың бес мыңдайы ғана жаралы, науқас күйінде елге оралды.
Еркіндік пен қатыгездік тайталасқан айқаста ерен ерлік танытқан қазалылық алты азамат Үрмәш Түктібаев, Геннадий Шляпин, Яков Михайлюк, Владимир Счастнов, Мақаш Балмағамбетов, Біліс Нұрпейісов Кеңес Одағының батыры атанды.
Мереке қарсаңында қан майданнан оқ пен оттың арасынан аман қалып, туған жерге табаны тиген Ұлы Отан соғысы ардагері Тілеуберген Тобабергенге сәлем бере бардық. Тоқсанның сегізіне иек артқан ақсақал әңгімесін былай бастады.

– Ауылдан аттанарда бір топ жігіт ата-анамызға «Воен­комат шақырып жатыр. Тіркеп алады да, қайтадан босатады» деп жалған айттық. Шешем байғұс жылап-сықтап шығарып салды. Әскерге әкетіп бара жатқан көлікке қарғып мініп, артыма еріксіз жалт бұрылдым. Шешем жаулығының жиегімен жас жуған жанарын құрғатып тұрды. Сол сәтте көзінен көрген мұң әлі санамда сақтаулы. Әкем үйден шығарда: «Азаматтық борышыңа адал бол. Алла аман-есен қауышуды жазсын» деп арқамнан қағып, құшағына қысты. Құшағы сондай ыстық еді. Көпшілікке келгенде ләм-мим демеді. Тек қатулы қабығының астында жасырынған жанарынан көп сырды ұғынып кете бардым. Алғашқы ұрыста қан майданда жаумен жағаласып, аман қалдым. Жан алысып, жан беріскен кезекті қырғын кезінде оңбай жараландым. Жауырымнан алған жарақат госпитальдан бір-ақ шығарды. Алты ай дегенде аяққа тұрып, қайта соғыс шебіне аттандым. Қарағым-ау, несін айтайын, аты өшкір неменің зардабын тартпаған жан қалмады ғой, – деп Тілеуберген атаның көңілі лезде құлазып, бір сәт жауар күндей түнеріп қалды.
1942 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге шақырылған бозбала Тілеуберген Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласының маңындағы Шыршық стансасына жеткізілді. Осында бір ай бойы әскери дайындықтан өтті. Бір күні әскери эшелонға тиеліп, Мәскеу іргесіндегі Смоленск қаласына жетті. 150-ші зеңбіректі атқыштар полкінде қолына қару ұстап, майдан шебіне барды. Бір жылдан кейін 291-ші атқыштар полкі құрамына жіберіліп, Белоруссияны, Польшаны, Чехословакияны, Кенигсберг, Калининград қалаларын жаудан азат етуге қатысты. Маршал Г.Жуков басшылық ететін 158 гвардиялық полктің 28-ші автомат ротасы сапында Отан алдындағы борышын өтеп, бірнеше рет батылдығымен көзге түсті.
Бас қолбасшы И.В.Сталиннің қолы қойылған Алғыс хат алып, «Кенигсберг қаласын азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Соғыстан кейін неміс-фашист басқыншыларының тұтқынға алынған жауынгерлерін күзетуге қалдырылып, туған жерге 1947 жылғы тамыз айының аяғында оралды.
Бір күліп, бір мұңайып, майдангер атаның өткен шағын еске алып, әңгіме-дүкен құрып отырғанымызда байқағаным, есте сақтау қабілетінің еректігі еді. Әр жылы қайда болғанын қадап айтып отырған қариядан: «Ата, туған жерге табаныңыз тигенде қандай сезімде болдыңыз» деп сұрағанымда: Жүзіндегі жаңағы мұңның ізі де қалмай, балаша мәз болды. «Бізді күтіп алуға келген халықтың қарасы қалың болды. Біреуі баласын көріп қуанып шаттанды, енді біреулері «келіп қалады-ау» деген үміттері су сепкендей басылып, салы суға кетіп үйді-үйге тарқасып жатты. Мені көргенде әке-шешем таң қалды. Өз көздеріне өздері сенбей, «тірісің бе, келдің бе?» дей береді. Сөйтсем, менің артымнан үйіме қаралы қағаз жеткен екен. «Балаң соғыста өлді» деген суыт хабар марқұм шешемді жүнжітіп жіберіпті. Мені құшақтап, ботадай боздап қоя берді. Оңайлықпен жанарына жас үйірілмейтін әкемнің де егіле жылағанын алғаш әрі соңғы рет сол кезде көзім көрді. Бір жапырақ қағаз қаншама жанды есеңгіретіп, есінен тандырған кез еді. Неше күн үйден адам арылмады. «Балаңмен аман-есен қауышып, көзайым болуыңмен» деп келген ағайын-туыс, көрші-қолаңның барлығы ортаға алып: «Не көрдің, қалай болды?» деп қолқалағанда мардымды жауап айта алмайтынмын. Себебі, қаншама жан қырылып, қансыраған, өлген адамнан аяқ баса алмай қалған сәттерді айтып, елді шошытуға құлықсыз едім. Еее, балам-ау, тағдыр жазды, мен көндім деген осы», – деп майдангер терең күрсінді.
Тілеуберген Тобабергенұлының бұдан былайғы тағдыр парағы былайша жазылды. Елге оралған соң жол жөндеу мекемесінде күзетші, кейін ПМК-86 мекемесінде дәнекерлеуші болып еңбек етті. Бала күнінен бейнеттен бел көтермеген майдангер зейнеткерлік демалысқа шыққан соңда тыным таппады. Еңбекпен есейген жанның әңгімесінен әке-шешесі мен бауырларына қолғанат болғанын аңғару қиын емес.
Соғыс туралы қайта-қайта суыртпақтап сыр тартқанмен ақсақал «Балам, бейбіт күннің бағасын біліңдер. Дүние-мүлік, жиған-тергенің бір күндік тыныштыққа жетпейді. Лайым тек деннің саулығы мен заманның түзулігін тілеңдер», – деп тағы тұнжырап қалды. Бұдан әрі жарасына тұз сеуіп, қиын сәттерді суреттеп беруді өтінуді әбестік санап, әңгіменің ауанын басқаға бұрдым.
Медаль толы кәстөміне зер салып, «Мына бір медаліңіз «Германияны жеңгені үшін» берілген екен» – дедім.
– Иә, бәрін сонда жинақтап қойдық. Қызым, Маралым бәрін ұқыптап сақтап жүреді. «Киіп алыңыз папа, суретке түсесіз», – дейді. Әзілдеп, мынау зілдей ауыр ғой деймін. Қызым: «Әке, ауыр демеңіз, өзіңіздің алып келгендеріңіз. Бұл сіздің ерлігіңізге, майдан даласындағы қайсарлығыңызға көрсетілген құрмет»,– деп бәйек болады, – деп Тілеуберген ата ақтарыла сөйледі.
Тірі тарих Тілеуберген Тобабергенұлы­мен әңгімеміз аяқталуға жақын қалғанда: «Қазалыдан соғысқа үш жүз бала аттандық. Елге оралған соң соның үшеуін ғана көрдім. Қалғаны өлді, ізім-ғайым жоқ болып кетті, – деп .
Қаншама мыңдаған отбасы қара жамылды. Оты өшіп, шаңырағы ортасына түсті. Ер азаматынан айырылып, жар егілді. Әкесіз қалып ұл мен қыз зар иледі. Соғыстың салқын лебі соғып, талай тағдыр талқандалды. Осының бірі бүгінгілер үшін көрген түстей. Ал, оқ пен оттың ортасынан оралған куәгердің көкейінде бір ғана тілек, ол – Бейбіт күн, мәңгі жасасын!
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

07 мамыр 2022 ж. 930 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930