«Өрімталдың» өнерлі әр өрені

Көрерменнің көңілінен шыққан керемет кештің бірі – «Балдәурен» тобындағы балақайлардың «Қош келдің, әз наурыз» атты ертеңгілігі еді. Топ тәрбиешілері Нұргүл Жолдасова мен Құралай Жүсіпова кеш барысында балаларға қазақ халқының бірнеше салт-дәстүрін көрсетіп, әдет-ғұрпын таныстырды. Шара барысында сөз алған балабақша меңгерушісі Рабиға Қарымсақова ата-аналар мен балақайларды мерекемен құттықтап, лебізін білдірді.
– Біздің бақытымыз да, байлығымыз да осы балаларымыз. Әрқайсыңыздың үкілеген үмітіңіз ұл-қыздарыңыздың болашағы жарқын, келешегі кемел болғай. Жыл сайын түрлі мерекелерді керемет көңіл-күймен қарсы алып, тек қуаныш, тойда бас құрайық.


Ертеңгілік шымылдығы көрініспен ашылды. Алдымен Алдар көсе кейпіне енген тәрбиеші балалармен бірге қыз қуу, арқан тартыс, асық ату ойындарын ойнады. Аталған ойындарға ерекше қызғушылық танытқан бүлдіршіндер белсенділікпен атсалысты. Бұдан соң кішкентай Мединаның тұсау кесер рәсімі өтіп, жиналған көпшілік тағы бір дәстүрдің куәсі болды. Тұсау кескен әжеге балақайдың анасы сый-құрмет көрсетті.
– Әрбір үйдің еркесін тәрбиелеп, оларды өнерге баулып жүрген балабақша ұжымына алғысым шексіз. Менің балаларымның барлығы «Өрімталда» өсті. Қазір оқушы атанған ұлым мен қызым балабақшадан талай дүниені үйреніп шықты. Апайлардың еңбегіне ризамын. Енді ғана тәт-тәй басып, қоршаған ортаны тани бастаған балаға білім мен тәрбие беру оңай жұмыс емес. Әр істің қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Бала жанының бағбанына айнала білген ұжым мүшелеріне ата-аналар атынан алғыс білдіремін. Мереке баршаңызға құт-береке әкелсін, – дейді ата-ана Әсемгүл Сәрсембаева.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА