"Шағала” шаттық сыйлайды
Жаз мезгілі балалардың асыға күтетін мезгілі. Олай дейтініміз, оқу аяқтала салысымен жазғы тынығу лагерлері есігін айқара ашады. Бүгінде балғындардың демалысы біздің өңірде де жүйелі ұйымдастырылып келеді. Соның бір жарқын дәлелі Қазалыдағы «Шағала» лагері десек қателеспейміз.
Биыл да жылдағы дәстүрден жаңылмай Қазалыдағы «Шағала» лагері маусымның 1-нен бастап балаларды қабылдады. Балаларды сауықтыру орталығының салтанатты ашылуына аудан басшысы Мұхтар Оразбаев қатысып, жазғы маусымға қабылданған жас өрендердің мерекелік концертін тамашалады. Шара барысында аудан басшысы лагерьге келген оқушларға жазғы демалысты қызықты әрі ойдағыдай өткізулеріне тілектестігін білдірді.
Бүгінде лагерьдің бірінші ауысымының табалдырығын 125 оқушы аттап, алаңсыз демалуда. Мұнда балаларға жақсы жағдай қарастырылған. Оларға 5 мезгіл тамақ мәзірі ұсынылып, уақытты мазмұнды өткізуге арналған жүйелі жоспар құрылған. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануға бағыттап, үйретуде тәрбиешілердің еңбегі зор. Мұндағы тәрбиеленушілердің ой-өрісін, шығармашылық қабілетін шыңдап 13 тәрбиеші қалтқысыз қызмет көрсетуде. Олар балалармен бірге мәдени-танымдық және спорттық бағыттарда қызықты ойындар мен түрлі шаралар өткізеді.
Айта кетейік, лагерьде балалардың денсаулығын қадағалап, сырқаттанған немесе жарақаттанған сәтте алғашқы көмек көрсететін арнайы дәрігер мен стоматолог та қызмет етеді.
Арайлым ЖҮСІПОВА