Кәсібіне адал маман

– Осы қызметте жүргеніме бұйырса биыл 46 жыл болады. Мектеп бітіре сала 17 жасымда осы депода нәпақасын тапқан анам өз орнына жұмысқа тұрғызды. Сол кездегі жол көрсетер, бағыт-бағдар берер жандар көп болды. Олар мені бірден өздеріне баурап алды.
Атап айтқанда, шебер Николай Мальцев кеңес беріп, көп қамқорлық көрсетті. Аға слесарьлар: Қарлыбай Серімбетов пен Мәлкаждар Ерадиловтардан тәлім-тәрбие алдым. Солардың үйреткендері өмірлік тәжірибемде пайдасы мол болды. Содан да болар жұмысқа деген қызығушылығым артты. Кәсібімді қиындығына қарамастан сүйіспеншілікпен атқарамын. Сонда ғана әрбір жасаған ісің берекелі болады. Ұжымдастарымның аузбіршілігі мықты, бір-бірімізге көмектесіп, әрдайым демеп отырамыз. Соның арқасында жұмыс сәті жеңіл өтеді, – дейді Марат Раноұлы.
Қазір зауыттың электраппараттарын жөндеу цехында 15 адам ауысыммен жұмыс істейді. Марат Досекеевтің міндетіне тепловоздың тоққа байланысты сымдарын бақылау кіреді. Негізгі мамандығы электрик. Өзге де жұмысшылармен бірлесе, тепловоз аппараты мен бөлшектерін бұзып-жөндеп қайта орнына салады. Көне электрлі сымдарын қиып, жаңасын орнатады. Май болған жерлерін жалтырата тазалап, толық барлығын жөндеуден өткізеді. Мұндай өзгеріс жасалатын тепловоз ұзақтығына және жағдайына қарай 1 ай, кейде 20 күн, кейбірде жеңілдігіне орай 1 жеті не 10 күнде жөнделіп, жаңа күйдейгідей шығады. Сондықтан да алыс-жақын елдер мен Қазақстан теміржолы бойынша Қазалы тепловоз жөндеу зауыты қалған зауыттардың арасында алдыңғы қатардан саналатын үздік ірі өндіріс орны болып табылады. Себебі мұнда ұзақ жылдар бойғы тәжірибені бойына жинақтаған білікті мамандар күн-түн сапалы қызмет атқарады.
– ТЭМ-2 моневарлы тепловозды жөндейтін тек Қазалыда ғана, яғни біздің депода болғандықтан Ресейден де тапсырыспен тепловоздар жіберіледі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен де тепловоздар жөнделуге әкелінеді. Бұрындары кеңестік уақытта цехаралық жұмыс барысын Мәскеу арқылы бақылағанда үнемі біздің цех бірінші орын алатын. Сол бір мақтаныш сезімі кеудені кернеп, барынша аянбай тер төгіп зейнет жасына жетіп қалғанымызды да байқамай қалдық. Басшылыққа шексіз алғысымды білдіремін. Әрдайым еңбегімізді елеп, мейрам сайын марапат пен ақшалай сыйға ұсынып тұрады. Барлығына кәсіптеріне береке берсін, – деп ағынан жарылды Марат Досекеев.
Бір қызығы, ұжым мен ағайын-туыс арасында сыйлы кейіпкеріміздің ағасы Серік пен жеңгесі Салима да теміржол саласында тер төгеді екен. Ал өзінің Құдай қосқан қосағы Гүлнар да осы мекемеде инженер болып қызмет атқарады. Қызы Гүлзат еңбекті нормалау жөніндегі инженер лауазымын абыроймен алып келеді. Ұлы Жеңісбек пен қызы Гүлжанат та теміржол саласынан табыс тауып жүр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА