Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ата ғұрпы – аластау

Ата ғұрпы – аластау

Қазақ халқы бағзыдан бақсы-балгерлердің көмегіне жүгініп ұшықтау мен аластау және зікір салу арқылы кез келген ауруды емдеген. Тіршіліктің берекесі төрт түліктің қамымен жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп-қонып жүретін олардың ішінде тамырын ұстап, дем салып ұшықтайтын бақсы, шөптің түрін иісінен айыратын емші, сынған сүйекті құрап шығаратын сынықшылар көптеп кездескен.
Көшпелі халық күнделікті өмірде жиі кездесетін баланың шетпесін шертуді, үлкендердің ілмесін үзуді, ыстық пен суықтың алма-кезек ауысуынан болатын тұмауды, бас сақинасын емдеуді жақсы білген. Кезінде бақсылар шөптің еркек-ұрғашысын айырып, түрлі дертке дауа тауып отырған. Шарт бойынша ер адамға ұрғашысын, әйелге шөптің еркегін беріп емдеген.
Сонымен қатар белгілі бір денеге дендеген ауруды ұшықтап шипа жасаған. Ұшықтау дегеніміз – адам ағзасын түсіну, аластау және тыныштандыру болып табылады. Көнекөздердің айтуынша, таза жүрмей, дұрыс өмір салтын сақтамай, жаза басқан адамға тосыннан сырқат жабысады. Мұндай дертке ұшырағанды "ұшынды" дейді. Тіпті бейітті, күлді бассаңыз адам ағзасы шошынып аяғы ауруы ғажап емес. Оған "ұшық салу" арқылы ем-дом жүргізеді.
Ас ішкен соң аузды сүртпей далаға шыққан кезде де тамақтағы бездер шошынып ауруы мүмкін. Мұны тұмаудың белгілерімен шатыстырғанымен ол қазақ танымы бойынша "ұшынып қалғаны". Олардың алдын алу тәсілдері ырым-тыйым ретінде әр отбасында сақталып келеді. Мәселен, ерінге ұшық пен ауыздық, көзге теріскен шықса, оны қарапайым қазақы жоралғымен арамызда өз-өздерін емдеп жазып жүргендерді кездестіреміз.
Ауыздағы ұшықты таңертең ұшықтайды немесе үлкен кісінің ышқыр бауымен ысады. Ауыздықты жүгеннің ауыздығымен ысса жазылады. Теріскенді "теріс кет" деп ырымдап, оң көздегісін кетіру үшін сол қолдың саусағына жасыл жіп байлайды немесе "көзіме теріскен шықты" делінетін жеті адал, жеті арамнан тұратын малдың атын айтып жиіркендіру арқылы жазады.
Мұнда адам баласына сирек көрінетін жаратылыстардан жын-шайтан, пері соғудан шошып, ауырып келгенді сыртта жатқан ескі құрым киізбен үйді айналдыра ұшықтап барып, ішке кіргізетін де ырымдар бар. Ондайда жоралғы жасаушылар "Әттең-ай, ұшық болыпты ғой. Уағында ұшықтатуды білмеген екенсіңдер" деп жатады.
Осындай ұшықтау әдісін мамандар ғылыми тұрғыда қабылдамайды. Этнограф Б.Қинаятұлының айтуынша, ұшық бірнеше түрге бөлінеді. Олардың бастылары "су ұшық", "қазан ұшық". Бұл барлық түркі халықтарында сақталған. Бірақ азайып барады.Кейбір ғалымдар ұшықты адам денесіндегі биоэнергиямен байланыстырады. Бірақ әлі ешкім терең зерттеп, жауап бермеген.
"Тұз – астың иманы" деген бар. Бұрынғылар тұзсыз шәй ішпеген. Етті де тұздап кептіреді. Дүние есігін ашқан сәбиді қырық күн тұзға шомылдыратыны бекер емес. Ғылыми тұжырым бойынша тұздың құрамында йод болады. Тұзды пайдалану тарихи тәжірибеде бар. Ол микробтарды өлтіріп, майды ерітеді. Сасып-шірудің алдын алады. Түйенің шудасына тұзды су құйып сынған жерге, ауырған буынға тартса сарысуды және суықты тартып әкетеді. Сонымен бірге адам денесіне шай не тамақ арқылы барған тұз тері түтікшелері арқылы шығады да иммунитеттік қуатты арттырады. Сондай-ақ түрлі қалдықтарды ерітіп алып кетеді. Осылайша артық майдың жиналуының, семірудің алдын алады.
Қазақтар етті тұздап, сүрлеп жейді және шайға да тұз қосып ішетіндіктен денедегі май құрамы тез ериді. Сонымен бірге тұз артық микробтарды өлтіретіндіктен адам еті ширап, басқа паразиттердің бүлдіруіне қарсылық қуаты да артады. Түрлі ісік аурулары мен тері аурулары жоламайды. Жарақаттанса да тез жазылады. Тіпті ауырған адамды тұзды сумен шаюда да емдік қасиеті бар деп сенген.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
19 ақпан 2023 ж. 851 0

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 41

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 55

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031