Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ырымды ұққан ұтылмас

Ырымды ұққан ұтылмас

Салт-дәстүр халықтың рухани болмысын, арғы тегін танытып, ұлттық келбетін айқындайтын, келешегінің айнасы. Ырым-тыйым, халықтық сенім салт-дәстүрдің айнымас бір бөлігі ретінде ел тұрмысымен бірге жанданып, кешегі мен бүгінді жалғап ­отырады.
Көне дәуірден келе жатқан анимистік және тотемдік наным-сенімге негізделген аластау ырымы – адамдарды бәле-жаладан, көз тию, сұқтан сақтауға бағытталған әртүрлі әрекет арқылы атқарылады. Оттың киелi қасиетiне сенуден пайда болған тазарту тәсiлi аластау сөзінің түбірі «алас от» деген мағынаны білдіреді. Яғни аластау рәсімі ежелден орныққан отқа табыну жосынынан бастау алады деуге болады. Ауру-сырқаудың бәрi адамға албасты, әзәзiл мен перiлердiң соғуынан жабысады деп саналғандықтан, қазақ әрбiр көшкен сайын киiз үй, мал-мүлікті де аластаған. Аластайтын адам от тұтатып, онымен бесікті, босағаны, тағы басқа жерлерді аралай жүріп «алас, алас, ауру-сырқаудан алас, тіл мен көзден алас» деген сияқты сөздер айтып, ең бастысы, іштей осы ізгі амалға сенеді. Аталған рәсім тазалық пен амандықтың да кепілі ретінде қолданылады. Уақытқа шегініс жасасақ, бабалар мал індеті шыққанда түрлі шара жасалған соң арша, адыраспан сияқты өсiмдiктердi тұтатып, қораны да аластаған.
Індетке шалдыққыш «айыпты мал» деп танылған түлікті аластаудың бiр жолы туралы зерттеуші Ә.Диваев жазды. Оның айтуынша, қазақтар кешке қарай 10-15 қадам аралықта жерге қағылған екi ұзын қазық немесе қадаға арқанды астынан қой өтетiндей етiп керiп, оның қасына от жағып қояды. Қойларды арқанның астынан айдап өткiзгеннен кейін отқа тұз себедi. Осылайша отқа жанған тұз сартылдап дыбыс шығарады да, тұздың әсерімен от та жарқылдап жанады. Бұл малды ­аластау әрекетін білдіреді.
Қыстаудан жайлауға көшкен алғашқы күні қыстаудың маңынан 5-6 шақырым жерге аялдап, жолдың екі жағынан үлкен екі от жағады. Әйелдердің үлкені «қабақ сынды, қайғы кетті» деп ­дауыстап қабақты сындырады. Аталған ырым қазақтың қыстан аман-есен шыққанына тәубесін білдіреді.
Сол оттан ерлер мен әйелдер де «алас, алас» деп дауыстап секірген. Осылайша өздерін отпен тазалаған. Жаңа келін босаға аттағанда да әруақтарға арнап отқа май құяды. Келіннің енесі май құйылған отқа алақанын қыздырып, келіннің бетін сипайды. Бұл үйдің жаңа от тұтатарының «жүзі жылы, өзімізге ыстық» болсын деген ниетті білдіреді. Баланы алғаш бесікке бөлер алдында егде жастағы қадірлі ана бесікті аластайды.
Алас, алас, баладан алас,
Иесі келді, пәлесі көш!
Көзі жаманның көзінен алас,
Тілі жаманның тілінен алас,
Алас, алас, алас,
Қыла гөр Алла пәлеңнен қалас, – деген фольклорлық үлгі бесікті аластау әрекетінен үзінді.
Жын, жаман күшті қуу үшін көптеген аймақта адыраспан мен тұзды араластырып аластау кездеседі. Ал бақсы-балгерлер науқасты емдеген кезде жын-шайтандарды отпен қоса пышақ, қанжар, қылыш көмегімен қуалап, аластаған. Сонымен ежелгі наным-сенім бойынша қазақта от үйдің жарылқаушысы, «ошақ басы от қасының» желеп-жебеушісі ретінде айырықша қастерленген.
Салт-дәстүр, наным-сенімді тану – кешегі ұмыт болғанымызды тірілтіп, бүгінімізге қанат бітірер, болашаққа сенім ұялатар, ескіден есте қалған тарихымызды білу, өзімізге үңілу. Балғын ұрпақты ұлт құндылықтарын бекем ұстауға баулудан артық рухани жаңғыру жоқ. Яғни, құндылықтың қалыбын бұзбай, уақыт шаңынан ұмыт болғандарын түгендеу – бүгінгі сіз бен біздің ортақ міндетіміз болмақ.

Дина БӨКЕБАЙ
23 қазан 2021 ж. 1 674 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 71

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 66

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930