Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпе: қауіп пен қорғаныш

Екпе: қауіп пен қорғаныш

Соңғы уақытта қоғамда екпе туралы екіұдай пікір пайда болды. Бірі салдыру керек десе, енді бірі кері әсері бар екен деген алып-қашпа әңгіме айтып жүр. Жалпы екпе деген не? Оны не үшін жасату керек? Пайдасы не, зияны қандай?
Бұл ем-шара кезінде ағзаға аздаған мөлшерде вакцина енгізіледі. Ол ағзаға зиян келтіретін белгілі бір инфекцияларға қарсы антидене тудыруға тиіс. Осының арқасында ағзада аталмыш ауруға төтеп бере алатын иммунитет қалыптасады. Әрбір вакцинаның қатаң тәртібі, қолданылу уақыты, қолдануға болмайтын жағдайлары және енгізу жолдары (ауызға, бұлшық ет ішіне, тері астына және тері ішіне) бар. Вакцинация жасатудың мақсаты – ағзаға вакцинаны енгізгеннен кейін спецификалық иммунитеттің қалыптасу, яғни иммундық жадының онымен байланысқан кезінде микроорганизмдердің анықталған антиденелеріне реакциясын қосу болып табылады. Микробтың адам ағзасына енгізгеннен кейін ауру қоздырғыштарын жоятын бөлшектері – антиденелер пайда болады. Сондай бөлшектерді қажетті көлемінде өндіру үшін уақыт қажет, сол адам ауыратын уақыт болмақ. Антиденелер жеткілікті санда жинақталғаннан кейін адам сауығады. Сырқаттың ауырлығына қарай, оған дейін аурудың асқынулары (жеңіл немесе ауыр түрлері), өлім-жітім оқиғаларына дейін дамуы мүмкін.
Вакцинация антиденелердің қалыптасу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ асқынуларға жол бермеуге ықпалын тигізеді. Екпені енгізгеннен 5-6 күннен кейін, антиденелер өңделеді, антиденелер саны тез өседі, сонымен 20-22 тәулікте егуден кейін максималды санына жетеді. Кейінірек ағзаны аталмыш түрінің микробтарымен шабуыл жасаған кезінде, олар тезірек және жеңілдеу басылады.
– Қазақстандағы Ұлттық егу күнтізбесі бойынша сәбидің алғашқы күндерінен-ақ екпе салынады. Бала туған сәттен бастап (гепатит В және туберкулез дертінен) екпе жасатқан жөн, өйткені сәби сондай инфекцияларға қарағанда мүлдем қорғаусыз дүниеге келді. Басқа жағдайларда, мысалы, туылғаннан кейін 6-12 ай өткеннен кейін, қызылша мен қызамық ауруларына антиденелердің концентрациясы азаяды. Сондықтан балаға 12 айдан бастап қызылша мен қызамық ауруларынан екпені егу керек. Вакцинация қаншалықты ерте басталса, соншалықты сәби инфекциялық ауруларға шалдықпай, оның иммунитеті өңделе бастайды, – дейді Қазалы теміржол емханасындағы аймақтық терапевт Гүлзат Сейтнесіпова.

Ата-ана неге алаңдайды?
Қазір ата-аналардың көпшілігі екпе алуды құп көрмейді. Тіпті кейбіреуі екпеден кейін белгісіз аурулар пайда бола бастады деген уәж айтып жүр. Бұған себеп «желіде желдей ескен жалған ақпараттар» дейді дәрігерлер. «Баласына екпе жасатуға ата-анасы міндетті ме?» – деген сауалға былай деп жауап береді.
«Екпе тек жеке өзінің денсаулығы үшін ғана емес, сонымен қатар қоғам саулығы үшін іске асырылады. Ауруға шалдыққан тұлға инфекция көзі болып, айналасындағылар үшін қауіпті болады. Ұжымдық иммунитетке қол жеткізу барысында тұрғындарды иммунизациялауға тиісті 95% тұрғындарына екпе жасату қажет. Халықты иммунизациялауға тартудың толық қамтылмауы инфекциялық аурулар ошағының өршуіне соқтыру мүмкін. Мысалы, 1995 жылы республикада күл (дифтерия) дертінің өршу дерегі тіркелген: 1105 адам ауруға шалдығып, соның ішінен 66-сы көз жұмған. Қазақстан Респуликасының әр азаматы тек жеке өзінің ғана денсаулығын ойламай, жалпы ұлттың саулығын көздеуі керек».
Көптің көкейіндегі сауалдың бірі – «Мектепке немесе балабақшаға екпе жасалмаған баланы қабылдай ма? Бұл ретте ата-анасының профилактикалық екпені жасатпауы мектепке немесе балабақшаға баланы қабылдамауға басты себеп болмайды. Дегенмен инфекциялық аурулар тіркелген жағдайда, екпе жасалмаған балалар арасында ауруға шалдығу қатері өте жоғары, әсіресе ауыр асқынулар мен өлім-жітім оқиғалары жиі кездескен. Осыған байланысты балалар ауруынан толық сауыққанша, балалар мекемесіне бармауы керек, өйткені басқалар инфекциядан қорғалған.

Екіұдай пікір елді ойландырады
Тағы бір айта кетерлік жайт, Қазақстан Республикасы толық мемлекет бюджетінің есебінен екпе жасайтын көп емес елдердің біріне жатады. Кейбір елдер профилактикалық егулері болмаса, еліне кіруге тыйым салады. АҚШ-тың, Англияның оқу орындарында оқу үшін барлық профилактикалық егулердің міндетті түрде болуы талап етіледі. Сауд Арабияға кіру үшін діни парызын атқарушыларына менингококты инфекциясына қарсы, Бразилияға, Боливияға, Колумбияға, Кенияға және Африка контитентінің өзге елдеріне бару үшін сары қызба дертінен вакцинасының болуы міндетті.
Ел арасындағы «Екпе жасату аутизм ауруына шалдықтыра ма?» деген сауал ата-аналарды жиі әбігерге салады.
– Мұқият жүргізілген зерттеулер вакциналар аутизм ауруына шалдықтырады деген пікірді мүлдем жойды. Өйткені аутизм ауруының белгілері сәбидің өмір сүруі екінші жылға қарай өткенде пайда болуы мүмкін. Мәселен, балалар сол кезде белгілі вакциналарды енгізген сәтте, сонымен аутизмнің шығу себебін вакцинадан деп ойлайды, Өйткені құрамында сынап, консерванттар бар вакциналардың көптеген санын сәбидің өте ерте кезінде жасағандықтан деген ойлар мазалайды.
Қазіргі таңда медициналық және ғылыми зерттеулердің көлемді тәжірибесін жинақтаған ғалымдар бұл теріс пікірді жойды. Көптеген зерттеулер бойынша қолданылатын вакциналар аутизм ауруының шығуына себеп болмайды. Бұл зерттеулер мыңдаған, алуан санды зерттеушілердің қатысуымен бірнеше мемлекеттерде өткен, – дейді дәрігер Гүлзат Есетбайқызы.
Бала тек ата-ананың ғана емес, тұтас қоғамның келешегі. Олардың дені сау болуы – мемлекеттің байлығы. Сондықтан да ұл-қызының келешегіне бей-жай қарамау әрбір ата-ананың парызы. Егер сізді екпе туралы екіұдай пікір мазаласа, көшеде кезіккен көлденең аттының кеңесін емес, дертіне дауа іздегенге демеу боламын деген дәрігердің ақылын алғаныңыз дұрыс-ақ.


Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
31 қаңтар 2023 ж. 415 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031