Екпеге ел неге сенбей жүр?
Кәмелет жасқа толмаған баланың денсаулығын қадағалауда ата-анаға жүктелген жауапкершіліктің жүгі мол. Экологиялық таза өнімдерді тұтыну, түрлі ауруға қарсы иммундық жүйені қалыптастыру да сәби кезден басталады. «Сақтансаң, сақтаймын» деген ұстанымға сәйкес балаларды түрлі қауіпті, жұқпалы аурулардан сақтау мақсатында бүкіл әлем елдерінде жыл сайын екпе жұмыстары жүргізіледі. Медициналық талаптарға сай жүргізілгенімен, екпенің кішкентай балаға жанама әсерлері мен асқынулары жайлы естіп жатамыз. Кей ата-ана баласына екпе салдыруға қарсы. Коронавирус пандемиясы басталғаннан кейін бұған қатысты қорқыныш үдей түскен. Екпе неше жастан бастап салынады? Аурудың алдын алуды мақсат ететін шараның тиімділігі қандай? Бүгінгі мәселе осы тақырыптың төңірегінде болмақ.
Емдік шара шарты
Жарық дүниенің есігін ашқан сәбидің қанына анасынан жүктілік кезеңінде құрсақ арқылы антиденелер енеді. Алайда бала дүниеге гепатит В және туберкулез дертінен мүлде қорғаусыз болып келетіндіктен, екпе салдырған жөн. Аталған емдік шара кезінде адам ағзасына аздаған мөлшерде вакцина енгізіледі. Нәтижесінде ол ағзаға зиян келтіретін белгілі бір инфекциялық ауруларға қарсы антидене тудыруы тиіс. Сол арқылы ағзада аталмыш ауруға төтеп бере алатын иммунитет қалыптасады. Жалпыға бірдей салынатын әрбір вакцинаның өзіндік тәртібі, қолданылу уақыты, қолдануға болмайтын жағдайлары және енгізу жолдары бар. Дәрігерлердің айтуынша, қызудың орташа деңгейде көтерілуі, инфекция орнының ауыруы секілді реакциялар жиі кездеседі. Балалар ұзақ жылап, олардың тәбеті төмендеуі мүмкін. Екпе жүргізілгеннен кейін баланың кем дегенде 30 минуттай бақылауда болғаны дұрыс. Көкжөтелге, сіреспе мен дифтерияға қарсы егу жүргізгеннен кейін баланың қызуы көтеріліп кетсе, алаңдаудың қажеті жоқ. Бұл ағзаға әсер етіп жатқанын білдіреді-мыс.
Вакцинация антиделердің қалыптасу уақытын қысқартып, асқынуларға жол бермеуге ықпал етеді. Екпені енгізген соң 5-6 күннен кейін антиденелер өңделеді, саны тез өседі, сонымен 20-22 тәулікте егуден кейін максималды санына жетеді. Осы сәттен бастап дене ауруға өздігінше қарсы тұра алады.
Екпенің негізгі бөлігі 0-14 жас аралығында жасалады. Бұдан соң 18 жасқа дейін жылына бір рет тұмауға қарсы вакцина алу жарайды. Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес, перзентханада дүниеге жаңа келген дені сау бала В вирусты гепатитіне және туберкулезге қарсы екпені (БЦЖ) алуға міндетті болса, 1 жасқа дейін полиомиелит, туберкулез, қызылша, күл, сіреспе, көкжөтел, В вирусты гепатит, А вирусты гепатит, гемофильді инфекция, пневмококқа қарсы салдыруы керек.
Ал 6 жасқа толған бала туберкулез, көкжөтел, сіреспе, дифтерия, қызамыққа, қызылшаға қарсы, эпидемиялық паротит, пневмококқа қарсы екпеге дағдыланады. 16 жаста дифтерия, сіреспеге қарсы екпелер егіледі, сонымен қатар ол әр 10 жыл сайын жүргізіледі. Қазіргі уақытта вакцинация жүргізудің нәтижесінде А вирусты гепатиті, В вирусты гепатиті, қызамық, қызылша, эпидемиялық паротит аурулары азайып, соңғы бес жылда дифтерия тіркелмеген.
Күмән көп
Ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін тұрғындарды иммунизациялаудың толық жүзеге аспауы инфекциялық аурулар ошағы өршітуі мүмкін. Мәселен, 1995 жылы республикада дифтерия дертінің өршу дерегі тіркелген: жалпы 1105 адам ауруға шалдығып, 66-сы көз жұмған. Соған қарамастан республика бойынша жыл сайын балаларына екпе салдырудан бас тартатын ата-ана саны көбейіп барады. Соның ішінде көп жағдайда діни нанымға, түрлі ақпараттарға сеніп бас тартатындардың қатары басым. Яғни, иммунизациялау шарасына ел күмәнмен қарайтын болды.
Екпе жасатудан адамдар неге бас тартады? Бұл туралы қала тұрғыны Гүлдана Жұмаханова: «Биыл кішкентай қызым 1-сыныпқа барды. Мектепте туберкулезге қарсы екпе туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жылына бір рет салдыру керектігі айтылды. Оқушы кезімізде талай рет салдырғанбыз, қызыма да екпе салдырдым.
Бірақ ата-аналардың жартысынан көбі екпе алуға түбегейлі қарсылықтарын білдірді. Олар баламызға коронавирусқа қарсы вакцинаны салуы мүмкін деген күмәнмен қарап, мүлдем сенбейді», – дейді.
Технологиялық прогрестің арта түсуі бұрын қолжетімсіз болған түрлі саладағы ақпаратпен бірнеше секунд ішінде танысуға мүмкіндік тудырады. Екпе салдыруға елең етпейтін жұрт әлемді аяғынан шалған коронавирустық пандемия кезінде дертпен күресу үшін оның белгілі бір мөлшері ағзаға жіберілетінін түсіне бастағандай. Алайда коронавирусқа қарсы вакцинаның жыл сайын жүргізілетін балаларға арналған екпелерге қатысы жоқ екені анық.
– Баланың жасына қарай міндетті вакциналар бар. Сары ауруға, туберкулезге, тұмауға, обаға, пневмонияға қарсы екпелер кезең-кезеңімен жүзеге асуы тиіс. Негізі ата-анаға алдын-ала түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қолхатын алғаннан кейін ғана екпе салынады. Көбіне жалған ақпаратқа не діни нанымдарға сенетін жас ата-аналар ауызша қарсылық білдіргенімен, екпе егілмеуінің салдарын ұғынып қайта келіп жатады. Ал көпбалалы, бұрыннан салдырып жүргендер бұл шара аурудың алдын алатынын түсінеді.
Мәселен, 1 жасқа дейінгі балалардың пневмониямен сырқаттануы 2013 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан екпенің арқасында біршама азайды. Осыдан кейін бала ағзасының температурасы көтеріліп, мазасызданып, реакция беруі – шартты. Қайта ата-аналар қуануы керек. Бұл иммундық жүйеге әсер еткенін білдіреді, – дейді аудандық иммунолог дәрігер Айнагүл Құдайбергенқызы.
«Жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмайды» дегендей, көптің көңіліндегі күмән медициналық, ақпараттық тұрғыдан сауатсыздыққа да ұқсайды. Кез келген екпе ересек адам не сәбидің жеке өзінің денсаулығы үшін ғана емес, қоғам саулығы үшін іске асырылатынын ескеру керек.
Дина БӨКЕБАЙ