Екпе ем бе?
Елде осы жылдың бірінші ақпанынан бастап COVID 19-ға қарсы вакцинациялау басталады дегеннен көпшілік «оны ағзаға әсері қалай болады екен?» деген сауалға жауап іздеумен болды. Оның үстіне әлем желіні шулатқан жалған ақпараттар елдің екпеге деген үрейін өршітіп, тіпті жұртшылық оны салдыруға дауаламай қалды.
Жуырда берілген Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сенсек, жыл соңына дейін 6 миллионға жуық адамға екпе салынуы қажет екен. Дәрігерлер вакцина салдырғандардың жағдайы жақсы екенін жарыса айтуда. Ал біздің ауданда кеше алғашқы екпе егу басталды. Мұны аудандық теміржол ауруханасының дәрігерлері қолға алды.
Бірінші екпе теміржол ауруханасының жедел жәрдем қызметкерлері, одан соң сондағы ақ халаттыларға салынды. Осы ретте теміржол ауруханасының эпидемиолог дәрігері Серік Ердалиевтің айтуынша, әзірге бәрі бір қалыпты.
– Жыл басынан әлемде 200-ге жуық коронавирусқа қарсы вакцина жасалған. 63 препарат бойынша адамдарға сынақ жасалды. Ал олардың 6-ы әртүрлі елде халықты вакцинациялау үшін қолданылады. Дегенмен клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңі әлі аяқталған жоқ. Салыстыру үшін қалыпты жағдайда жаңа вакцинаны жасау, тіркеу және қолдануға рұқсат беру 10 жылға дейін созылады.
Бүгін ауданда алғашқы екпе егу жұмыстарын қолға алып отырмыз. Барлығы ойдағыдай. Түстен кейін басталған екпені ең әуелі жедел жәрдем қызметкерлері алды. Одан соң дәрігерлер қосылды. Қазір барлығы 10 адам болып отыр. Әлі келетін 5 дәрігер бар. Арасында мен де барып қабылдадым. Тіпті аурухананың бас дәрігері Құбыл Ршымбетов келіп салдырды. Ендігі нәтижесін бір-екі күннен соң байқаймыз, – деді Серік Ердалиев.
Ішке кірген сәттен бастап екпе қабылдап отырған қызметкерлерден көз алмадық. Сондағымыз олардың вакцина салдырғаннан кейінгі көңіл-күйін бақылау. Нәтижесінде барлығы ойдағыдай болды.
Бұған дейін алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің халқы коронавирус инфекциясына қарсы жаппай екпе алып жатқанын айттық. Ондағылар мұның дұрыс шешім екенін айтып, «коронавирус инфекциясынан сақтанудың бірден-бір сенімді әрі тиімді жолы вакцинация» деп дабыл қағуда. Ауданда басталған елдің үрейін тудырған екпенің кері әсері бар не жоқ екенін алдағы күндері білетін боламыз.
А.БАҚЫТҰЛЫ