2022 жылы 35 мыңға жуық қазақстандық әскерге шақырылған
2022 жылы қанша қазақстандық әскерге шақырылғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Жалпы, 2022 жылы 35 мыңға жуық мерзімді сарбаз шақырылған.
"Арнайы кезек бар, яғни бірінші шекарашылар шақырылады, сосын Қарулы Күштерге, одан кейін Мемлекеттік күзет қызметі, ТЖМ және Ұлттық ұлан. Наурыздан маусымға дейін шақыру кампаниясы жүреді. Күзгі шақыру кампаниясы 1 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында болады.
Шекарашыларға 6 мыңға жуық адам, Ұлттық ұланға 13 мың адам, Қарулы Күштерге 14 мыңнан астам адам, Мемлекеттік күзет қызметіне 100-ден аса адам және ТЖМ-ге 300-ден аса адам шақырылды. Олар Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын толықтырды", - деді бас штабтың ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Азамат Дүсімов брифингте.
Оның сөзінше, 2021 жылмен салыстырғанда әскерге шақырылушылар саны артқан.
"Былтырмен салыстырғанда мерзімді сарбаздар саны екі мыңнан асты. Оның ішінде, шекара әскерлері, Қарулы Күштер және Мемлекеттік күзет қызметі бар. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жоспарлы іс-шара", - деп хабарлады брифингте Бас штабтың ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Азамат Дүсімов.